50313
Мазармен көрші болып, мүрдені шайған суды ішкіміз келмейді
Мазармен көрші болып, мүрдені шайған суды ішкіміз келмейді
Алматылық тұрғындар үйінің маңынан жүргізілгелі жатқан зират құрылысына қарсы. Ал жергілікті әкімдік «Думан» ықшам ауданындағы 92 гектар жерді кісі жерлейтін орын ретінде бөліп отыр екен. Мәселе тек терезеден қарағандағы көрініс емес дейді. Осы маңнан ауыз суын алып отырғандар ертең мүрдені шайған суды ішеміз бе абыржулы. Медеу ауданындағы мәселе мына сюжетте ашылады. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
«Думан» ықшам ауданының тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе үш жылдан бері шешілмей келе жатқан көрінеді. 92 гектар жерді әкімдік зиратқа айналдырып жібермесін деп күресуде. Өйткені, тау бөктеріндегі бос жатқан жер телімі салттық қызмет үшін бөлінген екен. Енді қайтыс болғандарды мұнда жерлейтін болса жерасты суының барлығы жарамсыз болып қалады дейді көпшілік.
"Таудың басын неге зират қылады? Біз таза ауамен демалғымыз келеді. Таза су ішкіміз келеді. Бала-шаға бар өсіп келе жатқан. Өркениетті балалар бар, мінекей!" дейді "Думан" ықшам ауданының тұрғыны Клара Бекенова.
Қазіргі уақытта зираттың қоршалған темір жабындылары кейбір үйлердің маңынан өткен.
«Ақшасы бар адамдарды ғана жерлеп, қалған ақшасы жоқ адамдар жан-жаққа алып кетпек пе? Бұл да бизнестің бір түрі ғой. Зират деген өте қымбат. Әрбірі 10 мың доллардан дейді, жатқан жерлері. Соған қарағанда бұл бизнесмендердің ойлап отырғаны» дейді «Думан» ықшам ауданының тұрғыны Ләззат Ауғанбаева.
Шаһар аумағында қазіргі уақытта 70-тен астам зират бар екен. Алайда, олардың көпшілігі толып, жабылыпты. Сондықтан, әкімдік жаңа зират салмақшы. Халықтың қарсылығынан құрылысы тоқтап тұр. Жергілікті әкімдіктегілердің сөзінше, 92 гектар жерге ешкімнің меншігіне берілмеген. Ал, мәселені шешуге уақыт беріңіздер деп тағы созбаққа салып жатыр.
«Біз тұрғындардың барлық өтініштерін таңдадық. Алдағы уақытта қала әкімшілігі облыс әкімдігімен келіссөздер жүргізеді. Думандағы зиратты облыс аумағына көшіру туралы. Қазіргі кезде онда ешқандай жерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Егер зират облыс аумағына ауысатын болса, онда демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз» дейді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Сұлтанбаев.