Павлодар тұрғыны жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан автобус тізгіндеген

/
Павлодар тұрғыны жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан автобус тізгіндеген
istockphoto.com

Павлодар облысының Ақсу қаласында полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рейдтік іс-шара барысында Хиуаз Доспанова көшесінде бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің қалалық автобусты басқарып жүргені анықталды.

Мұндай құқық бұзушылық жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Өйткені қоғамдық көлік жүргізушісі өз жолаушыларының ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың да қауіпсіздігіне жауапты.

 – Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автобус мамандандырылған тұраққа қойылды, – дейді Ақсу қаласы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Бауыржан Мұстафин.

Полиция құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы заң талаптарын бұзу болып саналатынын еске салады. Әрбір жүргізуші жол қозғалысы ережелерін сақтап, жолаушылар мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Мәлімет үшін: жыл басынан бері Ақсу өңірінде тиісті құжаттары жоқ немесе көлік құралын басқару құқығынан айырылған күйде көлік басқарғаны үшін 113 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары