2948
Нағыз қазақ – домбыра
Нағыз қазақ – домбыра
Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Өйткені домбыра – қазақтың киелі музыкалық аспабы ғана емес, ұлттық имиджді қалыптастырушы құрал. Қазіргі тілмен айтқанда, ұлттық бренд. Оны брендке айналдырған халқымыздың музыкалық мол мұрасы мен әлемге әйгілі өнерпаздары. Құрманғазы, Тәттімбеттердің аңызға айналған тағдыры мен күй мұрасы, әлем мәдениетінің астанасы атанған Париж төрінде қазақтың қара домбырасымен әуелете ән шырқаған Әміре Қашаубаев, одан берідегі ел Тәуелсіздігінің 30 жылында әлем сахналарында домбырамен өнер көрсеткен өнерпаздарды айтуға болады. Сонымен қатар әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әлемнің көптеген сахнасында домбыраны кеңінен насихаттап жүргені де баршаға мәлім.
2018 жылғы 13 маусым күні Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында, шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын. Қазақстан Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын» деген Жарлығы шықты. Содан бері ұлттық мұраның мерейі артып келеді.
Небір заманның алмағайып кезеңінен сүрінбей бізге жеткен киелі мұра туралы белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек, күйші Таласбек Әсемқұлов қатарлы өнертанушылар кеңінен зерттеп жазды. Олардың айтуынша, домбыра аспабының тарихы тым тереңде жатыр. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бері қолданылып келе жатқан аспап екені айтылады. Оған куә – белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының 2008 жылы Моңғолияның Алтай жотасының бір сілемі – Жарғалант-қайырқан тауынан табылған көне домбыра аспабын айтуға болады. Ғалым қазақтың қасиетті қара домбырасының түп атасы екенін дәлелдеп, ғылыми сараптама жасады.
Ал домбыраның өзі қазіргі бізге жеткен сипатына дейін көптеген сатыдан өткені белгілі. «Біздіңше, Еуропаның музыкалық терминологиясы мен халықтың көне музыкалық терминологиясы қатар жүру керек. Себебі домбыра – көне аспап, әрі оның өзіне тән ерекшелігі, белгілі бір формасы бар. Оның дыбыстық қатары, детальдары қазақтың ұлттық сұлулық туралы түсінігімен белгілі бір талап-талғамынан өрбіп шықты. Бұл жерде халық эстетикасын терең білудің және оны игерудің зор маңызы бар. Ең алдымен домбыраның түрлері мен оның детальдары (қосымша сипаттары) жайлы бір-екі ауыз сөз. Қазақта домбыраның ең кең тараған екі түрі бар. Олар – Батыс Қазақстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Ауғанстан жеріне кең тараған қауақ домбыра мен Жиделібайсын, Жетісу мен Сарыарқаға тараған қалақ домбыра. Біздің ойымызша, «қауақ» сөзі «қабақ», яғни «асқабақ» деген сөзден шықса керек. Себебі қауақ домбыраның шанағы көз тоқтата қараған адамға ортасынан қақ бөлінген асқабаққа ұқсайды» деп жазады күйші Таласбек Әсемқұлов.
Қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны жасау ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан өнер. Алайда домбыра жасаудың технологиясы бір болғанымен, шеберлердің жасау тәсілі әртүрлі.
Ұлттық домбыра күніне орай, домбыра жасаумен 20 жылға жуық айналысып келе жатқан белгілі шебер Нұржан Ділмановтан ұлттық аспаптың жасалу құпиясын сұрап көрген едік. Оның қолынан шыққан аспаптар қазір еліміздің белгілі күйшілері, әншілері, жыршы-термешілерінің қолында күмбірлеп жүр.
Нұржан Қыдырбайұлының айтуынша, жақсы домбыра жасалатын материалына тікелей байланысты екен. Домбыра жасау үшін қарағай, шырша, қайың, тораңғыт, емен, эбен, қызыл ағаш, тұт ағашы пайдаланылады. Домбыра жасайтын ағаш міндетті түрде күнге қақталып кебуі керек.
«Ағаш толық кеппесе, жасалған соң, өзінің формасын жоғалтады. Үнінде фальш пайда болуы мүмкін. Жақсы домбыраның материалы кем дегенде 4 жыл кебуі керек», – деді шебер.
Материал дайын болған соң ағаштар арнайы арамен кесіліп, жонылып домбыра формасына келеді. Кесілген ағаш арнайы пеште ыстық температурамен иіледі. Домбыра екі түрлі әдіспен жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ойылады.
Нұржан Ділмановтың айтуынша, қоңыр үнді домбыра ойылып жасалады.
«Көбінде дәулескер күйшілер ойылып жасалған домбыраға тапсырыс береді. Өйткені ата-бабамыздан қоңыр үн сондай домбырадан шығады. Қандай эксперимент жасаса да, кәсіби домбырашылар ойылған домбыраға қайтып келе жатыр», – деді ол.
Сонымен қатар ойылып жасалған домбыраны жасау тәсілі күрделі. Жұмыс процесінде сынып қалса да қайтадан бастауға тура келеді. Ал құрама домбыра жасау процесі одан оңай көрінеді.
Шебердің айтуынша, домбыра үнінің тазалығы қақпағының жабылуына байланысты. Қақпақтың көлемі неғұрлым жұқа болса, ағаштың тербеліс қасиеті де соғұрлым жиілей түседі. Қақпақты құрастырған және күйге келтірген кезде, сондай-ақ оның параметрлерін белгілегенде осы жайларды ескерудің маңызы зор. Қақпақтан өзіміз қажет еткен үнді оны әзірлеудің бастапқы сатысында-ақ алу керек. Қақпақтың үні жақсы болса дыбысы жұмсақ, ал үні жоғары болса дыбысы ащы болады.
«Дыбыстың тербелісі, үні, ұзақтығы қақпаққа тікелей байланысты. Қақпақтар шырша ағашынан жасалады. Себебі шырша – ең акустикалық материал», – деді Нұржан Ділманов.
Домбыра әбден кепкен соң, әрлеу жұмысы басталады. Аспаптың сәнін келтіру үшін арнайы трафареттермен ою-өрнек салынады. Ондай технологиялардың бірін 1994 жылы Жолаушы Әбілғазыұлы өзі шығарған. Бұл технологияны шеберлер қазір барынша қолданады. Мәселен, шебер малдың сүйегін ұнтақтап, оны желімге араластырып, ақ өрнек салады. Сосын аспаптың беті лакталып, түрлі бояулармен қанықтырылады.
Нұржан Қыдырбайұлы жасаған ұлттық аспаптар Канада, Қытай, Моңғолия, ТМД елдеріне дейін жеткен екен.