Жаңа тағайындаулар: Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық өзгерістер

Жаңа тағайындаулар: Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық өзгерістер

Жаңа тағайындаулар: Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық өзгерістер
ашық дереккөзі
50413
Елімізде 21-27 маусым аралығында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Апта басында Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып Асланбек Шүйіншалиев тағайындалды. Асланбек Серікұлы Шүйіншалиев 2012 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін «Заң бакалавры» мамандығы, 2014 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілін 2007 жылы Алға аудандық қаржы бөлімінің іс жүргізушісі болып бастады. 2007-2012 жылдары Ақтөбе облысының балалар құқығын қорғау департаментінде жетекші маман, ҚР бәсекелестікті қорғау агенттігінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша халықаралық инспекциясында бас маман болды. 2012-2020 жылдары Қарғалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Бадамша ауылдық округінің әкімі, Алға аудандық қаржы бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысының әкімі аппаратында өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. Жаңа қызметке тағайындалмас бұрын Ақтөбе облысының әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен өзара әрекет ету бөлімін басқарды. 22 маусым күні Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Басшылықққа келген Әлия Мүбаракқызы Оңғарбекова 1981 жылы туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін халықаралық экономика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Текелі қаласы әкімінің аппараты ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы болып бастады. Әр жылдарда Текелі қаласы экономика және қаржы бөлімінің бас маманы, Алматы облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті индустриялық және инновациялық саясат бөлімінің бас маманы, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат және жоспарлау бөлімінің бас маманы, бастығы, «Алматы облысының мемлекеттік жекешелік әріптестікті дамыту» ЖШС инвестициялық жобалар сараптамасы басқармасының бастығы, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бас маманы, басшысы болды. 2019 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы талдау және жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Дәл сол күні Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының әкімі болып Нұржан Әбдікәрімов тағайындалды. Нұржан Оразбекұлы 1971 жылы 9 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Сегізбай ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Семейдің Шәкәрім атындағы педагогикалық институтын «Тарих және қоғам тану пәнінің мұғалімі» және 2013 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы бұрынғы Семей облысы Таскескен ауданы Сегізбай ауылындағы Тасбұлақ орта мектебінің балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болып бастады. 1991-1993 жылдары осы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. 1993-1994 жылдары тәрбие ісінің меңгерушісі. 1994 жылдан 2007 жылға дейін Тасбұлақ орта мектебі директоры қызметін атқарған. 2007-2009 жылдары Үржар ауданы Салқынбел ауылдық округіне қарасты Сегізбай ауылының әкімі болды. 2009-2013 жылдары Үржар ауданының білім бөлімінің басшысы. 2013-2017 жылдары Ұлан ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болды. Сонымен қатар, Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығы бақылау кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында жазды. Еске салсақ, мамыр айының соңында Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығының директоры қызметінен кеткенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Қарулы Күштерде бірқатар тағайындау болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Шайх-Хасан Саттарқұлұлы Жазықбаев «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды. Мереке Мәтімұлы Күшікбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды, ол «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды. Және сол күні ҚР Президентінің өкімімен Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды. Бұдан бөлек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Ләззат Кеңесқызы Сүйіндік басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Л. Сүйіндік 1985 жылы 26 шілдеде Қостанай облысында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін, Шеффилд университетін тәмамдаған. 2008-2014 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінде түрлі қызметтер атқарған. 2014-2016 жылдары — Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің электрондық БАҚ басқармасының басшысы. 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 2019 жылғы мамыр айынан бастап қазірге дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінің төрайымы қызметін атқарды. ҚР Үкіметінің қаулысымен Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев ҚР Білім және ғылым вице-министрі лауазымына тағайындалды. Қуаныш Ерғалиев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ ұлттық медицина университетін, Тулейн университетін, «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін, Гарвард университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып бастады. 2009-2014 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде түрлі лауазымдарды атқарды. 2014-2019 жылдары — Назарбаев Университеті Интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесі департаментінің аға менеджері. 2019 жылғы тамыз айынан бастап қазірге дейін Сүлейман Демирел атындағы университет ректоры қызметін атқарды. Жоғары оқу орны басшылығына қатысты тағы бір өзгеріс – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жаңа ректоры болып Талғат Ешенқұлов тағайындалды. Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, ұжымға ЖОО-ның жаңа ректоры Талғат Ешенқұловты таныстырды.

Серіктес жаңалықтары