50239
Петропавлдың Жамбыл көшесімен түнде жүруге тыйым салынды
Петропавлдың Жамбыл көшесімен түнде жүруге тыйым салынды
Петропавлда полицейлер мотоциклшілердің түнгі жарысының алдын алу мақсатында бақылауды күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түнгі мотоцикл жарысы – көптеген қалаға тән мәселелердің бірі. Петропавлдың патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мотоцикл жүргізушілерінің түнгі тыныштықты бұзуына жол бермеу үшін бақылауды күшейтті. Тәртіп сақшылары әсіресе түнгі шабандоздар көп жүретін Жамбыл көшесін назарда ұстайды. Түнде мотоциклдердің осы көше бойымен жүруіне тыйым салынған. «Байкерлер көп жиналатын жерлерді Полиция қызметкерлері арнайы қадағалайды. «Тыныштықты бұзу» бабына сәйкес, түнгі сағат 23.00-ден бастап таңғы сағат 6.00-ге дейінгі шуға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл бар. Сол себепті үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Көліктерін заңсыз жарақтандырып, тікелей ағынды жүйені орнататындарға да жаза бар. «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бабы бойынша оларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин. Жаз басталғалы Петропавлда 12 мотоциклші түрлі құқық бұзушылықтар, оның 5-еуі түнгі шу үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ екі доңғалақты көлік жүргізушілері жаяу жүргінші жолымен жүргені үшін, төтенше жағдай жасап, мас күйінде көлік жүргізгені және тиісті құжаттарсыз көлік басқарғаны үшін жазаланды.