1408
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов: Әр шешім, жасаған әр қадам жұртқа түсінікті болуы тиіс
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов: Әр шешім, жасаған әр қадам жұртқа түсінікті болуы тиіс
Жақында Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов "Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс" туралы екі күндік семинар өткізді. Президент Әкімшілігінің ұсынысымен өткізілген дәрісте жаңа заңның ерекшеліктері, маңызы, азаматтар, кәсіпкерлер құқықтары, мемлекеттік органдар жауапкершілігі,т.б. жан-жақты түсіндірілді.
Семинарды орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары онлайн режімінде тыңдады. Біз осы лекцияда айтылған маңызды мәселелерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. "Қазіргі кезде сот дауды Азаматтық процестік деген кодексте белгіленген тәртіппен қарайды. Ол Кодекстің ерекшелігін айтайын, – деп сөзін сабақтады Жақып Қажыманұлы. – Біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол дауды жеңіп шығады. Екіншіден, сол әкімнің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде арыз иесінің өзі дәлелдеуі тиіс. Ал, жай адам мен кәсіпкерді қолында билігі бар органмен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Оның толған заңгерлері бар, мүмкіндігі көп. Оған дәлел – статистика. Даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешіледі. Әрине, осылай болған соң соттарға, жалпы билікке жұрттың өкпесі қара қазандай. Ал, жаңа ӘРПК (АППК) бойынша даулар мүлдем басқа принциптермен қаралады АПК-ке (ГПК) қарағанда. Тараптар тең емес. Сот арыз иесіне барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны дәлелдейтін енді талапкер емес. Себебі, ол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы алғашқы Жолдауында әкімшілік әділетті енгізуді тапсырды. Бұл – өте маңызды, ірі реформа. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құрудың ең тиімді құралы. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, біздің ӘРПК посткеңестік аумақта ең мықты, ең прогрессивті. Бұл біріншіден. Екіншіден, осы Заңды орындататын арнайы соттарды құрдық: аудандық деңгейде, облыста және Жоғарғы Сотта арнайы алқа құрылды. Мұның қажеттілігі қандай? Бүгін соттарда неше түрлі істер қаралады: отбасылық даулар, көршілер, кәсіпкерлер арасындағы, жұмыстан шығару, толып жатқан басқа да даулар. Одан бөлек мемлекеттік органдармен соттасу да аз емес: салық, экология, интеллектуалдық меншік, айта берсек, олар да көп. Енді әкімшілік соттар тек ӘРПК-мен жұмыс істейді. Азаматтар мен кәсіпкерлердің әкімшілік органдарға қарсы жазған арыздарын қарайды. Осылай әбден маманданып, әділ шешім шығару үшін, халықты әкімшілік органдардан қорғау үшін жағдай жасаймыз. ӘРПК 1-шілдеден бастап жұмыс істей бастайды. Сот процесінде судья белсенді болмақ. Біріншіден, АПК-мен салыстырсақ, әкімшілік сот судьяларының құзыреті кең. Олар арызда қойылған талап шеңберінен шыға алады. Істің анық-қанығына жету үшін ол нені зерттеймін десе де өзі біледі. Сөйтіп, судьяның айтуымен арыз иесі талабын өзгертіп, сот мәселесін шешеді. Ал, қазіргі АПК талабы бойынша талабыңды өзгерт деп айтуға соттың құқысы жоқ. Екіншіден, сот дәлелді жеткіліксіз деп таныса, өз бетінше қосымша деректерді сұрата алады, істің анық-қанығына жетуге ұмтылады. Ал, бүгінгі АПК бойынша ол тек тараптардың берген құжаттарының негізінде шешім шығарады. Үшіншіден, арызда заң нормалары дұрыс жазылмаса немесе талап дұрыс қойылмаса, онда судья арыз иесіне арызын нақтылауға көмектеседі. Өйткені, жай адам не кәсіпкер заңдарды егжей-тегжейлі білуге міндетті емес. Ал, қазіргі АПК бойынша судья дұрыс жолды сілтей алмайды. Құқы жоқ. Әйтпесе, заң бұзғаны. Енді 1 шілдеден бастап бұл жағдай өзгереді. Төртіншіден, судья істің кейбір фактілері бойынша өзінің алдын ала пікірін айтуға құқылы. Әрине, іс солай шешіледі деген сөз емес. Шешімге дейін судья өзінің алдын ала пікірін айтуға құқылы. Ол не үшін керек? Соны естіп, тараптар істің келешегін болжай алады. Әкімшілік орган өз шешімінің дұрыс еместігіне көзі жетсе, өзара ақылдасып, сот шешімін күтпей, талапкердің арызын қанағаттандырып та жіберуі мүмкін. Егер сот процесіне қатысушылар тәртіпті бұзып, сот талабын орындамай жатса, онда оларға судья бірнеше шара қолданады: ескерту жасайды; сот залынан шығарып жіберуге құқылы; немесе ақшалай айып салуға құқы бар. Қазір қалай? Мемлекеттік органның өкілі тіпті сотқа келмейді. Ондай жағдайлар аз емес. Солай болса да сот істі қарап, мемлекеттік органның пайдасына шығаруы мүмкін. Енді әкімшілік орган өкілі процеске келмесе, сотқа құжаттарды уақытылы бермесе, сот оған 20 АЕК (МРП) айыппұл сала алады. 60 мың теңге. Мұндай айыпты сот талабы орындалғанша ізінен қалмай, бірнеше рет қолдануы мүмкін. Маңызды жаңалық - татуласу мүмкіндігі. Қазір жеке адам не кәсіпкермен мемлекеттік органға татуласуға тыйым салынған. Ал, ӘРПК осы шектеуді алып тастап отыр. Екі жақ келісіп жатса, іс татуласумен бітуі мүмкін. Ең керегі - шешімнің іс жүзінде орындалуы. Сот шешімі орындалған соң әкімшілік орган сол жөнінде сотқа хабарлауға міндетті. Сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ететін сот орындаушысы емес, судьяның өзі. Егер шешімді әкімшілік орган орындамаса, сот сол органға немесе кінәлі басшыға айыппұл салады. Көлемі – 50 АЕК. Орындалмаған сайын ол қосымша 10 АЕК-ке өсе береді. Әкімшілік әділет – ең ірі реформалардың бірі. Әр шешім, жасаған әр қадам жұртқа түсінікті болуы тиіс. Әкімшілік әділетті енгізген елдерде барлық салада мықты өзгерістер болған. Бизнес-климат жақсарып, инвесторлар келе бастаған. Адамдардың әл-ауқаты артқан. Біз де осыған ұмтылуымыз қажет, – деп түйіндеді сөзін Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов. Иә, еліміздің сот жүйесіндегі іргелі реформалар сәтті жалғасын табуда. Соның бірі әрі бірегейі - 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК). Бұл заң азаматтардың, жеке кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға арналған. Сондықтан әр қазақстандық осы кодекспен мұқият танысып алып, өз құқығын қорғауда біліктілік, сауаттылық және мәдениеттілік үлгісін көрсетсе екен дейміз.Нұрлан ҚАЛҚА. Нұр-Сұлтан қаласы.