433
25 жылда қарыштаған Қазақстан медицинасы
25 жылда қарыштаған Қазақстан медицинасы
Медицина саласын дамыту мәселесі еліміздің күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Қазақстанның денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арнайы бағдарлама әзірлеп, сол бойынша жұмыстар жүргізуде. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін шетелдік медициналық ұйымдармен де байланысты нығайту көзделген.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еліміздің медицина саласын дамытуға бағытталған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттiк бағдарламасын іске қосты. Жаңа мемлекеттiк бағдарламаның маңызды бағыттары – аурулардың алдын алу мен оны ескерту және алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейiнде ауруларды басқару бағдарламасын енгiзу. «Жаңа бағдарлама бұрынғы бағдарламалардың жалғасы болып табылады. Онда үш негiзгi сала қарастырылған. Бiрiншiден, сау адамдардың денсаулығын сақтауымыз керек. Онымен жаңадан құрылатын қоғамдық денсаулық қызметi айналысады. Екiншiден, ауруларды басқару қажет. Пациент есепте тұрып, бақылауға алынып, ауруды асқындырмау жолдары қарастырылады. Үшiншiден, бiрегей дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесi қолға алынады», – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін жүзеге асырылған денсаулық сақтау саласын дамытудың екi мемлекеттiк бағдарламасын (2005-2015жылдары) iске асыру нәтижесiнде Қазақстанда өмiр сүру ұзақтығы 70 жастан асты, халықтың жалпы өлiм-жiтiм көрсеткiшi 15,3 пайызға, ана мен сәби өлiмi 1,8 есеге төмендеді.
Шетелдік медицина мамандарымен тәжірибе алмасу ісінде де Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі үлкен қолдау білдіруде. Мәселен, таяуда Астанадағы №2 қалалық ауруханада Оңтүстік Корея Сеул қаласындағы Ча Бунданг ауруханасының жетекші дәрігер-гастроэнторологы, профессор Коның жетекшілігімен асқазанның қатерлі ісігі бар деп күдік келтірілген пациентке жоғары мамандандырылған ота жасалды. Бұл әдістеменің ерекшелігі – операцияның эндоскопиялық жолмен жасалатындығы. Аталмыш шеберлік сыныбы биыл Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Сеулдің Сунг Кван Чаум медициналық қорының арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асқан. «Профессор Ко өте сирек жасалатын операция түрі – эндоскопиялық жолмен асқазандағы ісіктің шырышасты резекциясы бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Негізі, Ча Бунданг медициналық корпорациясы – Оңтүстік Кореядағы ең ірі ұйымдардың бірі. Хирург, эндоскопшы және өзге де мамандарды даярлауда практикалық көмек көрсетеді», – дейді №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли. Бас дәрігердің айтуынша, қазан айының алғашқы күнінен бастап аталған корпорация жергілікті мамандарды екі ай бойы тегін оқытатын болады. Бірегей эндоскопиялық жолмен өткізілген операция ота жасау аумағын азайтып, пациентті аз жарақаттайды, ауруханада жату мерзімін азайтып, тез жазылуына септігін тигізеді. Айта кетейік, операцияның бұл түрі елордада алғаш рет жасалды.
Оңтүстік Кореядан келген профессор Коның айтуынша, қазіргі кезде мұндай оталар Ча Бунданг ауруханаларынан басқа, Оңтүстік Кореяның 50 клиникасында жасалады екен. «Біз асқазан мен өңештің қатерлі ісігін бастапқы кезеңде анықтаймыз. Ал Қазақстанда қатерлі ісік табылса, көп жағдайда резекция жасалады деп естідім. Органды алып тастайды, ал біз тек зақымданған бөлігін ғана аламыз. Бізге Қазақстаннан операция жасатуға адамдар көп келеді. Сіздердің дәрігерлеріңіз келіп оқысын, өзіміз де келіп көрсетеміз», – дейді оңтүстіккореялық профессор.
Айта кететін тағы бір жайт, Оңтүстік Кореядағы Ча Бунданг ауруханасында бір жылда 1 миллионға жуық адам амбулаториялық ем-дом қабылдаған. Мекеме науқастарды қабылдау саны бойынша Кореядағы үздік он аурухананың бірі. Ал мұндай медициналық ұйымдардың мамандарымен тәжірибе алмасу елордалық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға үлкен септігін тигізбек. Дәрігерлерге құнды ақпарат беретін осындай кездесулердің еліміздің медицинасы үшін берері мол.
Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медицина саласы мамандарының біліктілігін арттыруға баса назар аударуда. Осының нәтижесінде Астанадағы нейрохирургия орталығының дәрігерлері үстіміздегі жылы ерекше күрделі ота жасап, науқасты аневризмадан арашалап қалды. Аневризма дегеніміз – қан тамырларының жіңішкеруіне немесе созылуына байланысты тамырдың күп болып ісінуі. Мамандар көмегіне жүгінген отыз алты жастағы әйелдің миындағы бір қан тамыры шар тәріздес ісініп, оның диаметрі 4 см-ге жеткен. Сәл болмағанда жарылып, миына қан құйылып, өліп кетуі мүмкін екен. Науқастың айтуынша, осыдан жарты жыл бұрын басы қатты ауыра бастаған, бұған қоса көзінің көруі де нашарлаған. Пациент бірнеше рет өз аймағындағы дәрігерлерге көрініп, одан соң Ташкент қаласында тексерілсе де, ешқандай толыққанды көмек ала алмаған. Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінгеннен кейін әлгі әйелді мамандар қарайды. Ақырында миына жүргізілген ангиография деректері бойынша ішкі ұйқы артериясының сол жағындағы аневризманы анықтайды. Аневризманың диаметрі қалыпты артерия мөлшерінен 10 есе үлкен болыпты.
Артынша дәрігерлер уақыт жоғалтпай бірден іске кіріскен. Ота екі кезеңнен тұрды. Алғашында нейрохирургтер экстракраниальді анастомозды микрохирургиялық жолмен салып, кейіннен ұйқы артериясының эндоваскулярлық окклюзиясын жасады. Операция сәтті жүзеге асты.
Медицина саласына басымдық беріп, денсаулық сақтау ісіндегі әрбір мәселеге жіті назар аудару бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік бергенін айта кеткеніміз жөн. Мәселен, Қазақстанда соңғы 25 жылда менингококк инфекциясымен сырқаттану көрсеткіші 1991 жылғы 100 мың тұрғынға шаққанда 743 жағдайдан 2015 жылғы 424 жағдайға дейін, яғни 1,75 есеге азайды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 611 жағдайдан 273 жағдайға дейін кеміген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәлімдеген болатын.
Менингококк инфекциясы – клиникалық белгілері аурудың жеңіл түрі назофарингиттен бастап, менингит және сепсис түріндегі ауыр формаларында кездесетін жіті жұқпалы ауру. Менингококк инфекциясы көп жағдайда өлімге әкелуімен, қоршаған ортаға қарқынды әрі жылдам түрде таралуымен, ауыр асқынуларымен аса қауіпті. Инфекцияны сырқаттанған адам мен менигококк тасымалдаушы таратады. Ауа тамшылары арқылы жұғады. Инкубациялық кезең 2 күннен 20 күнге дейін созылады, көбінесе 2-4 күн. Сырқаттанудың 3 негізгі түрі бар: жіті назофарингит; менингококкті менингит, менингококцемия – менингококкті сепсис.
Назофарингитпен сырқаттанған жағдайда дене қызуының 1-3 күнде жоғары көтерілуі, бастың ауыруы, жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы мен ісінуі, тамақтың жыбырлауы мен ауыруы, мұрынның бітеліп қалуы байқалады.
Менингококцемиямен сырқаттану кезінде дене қызуы кенеттен көтеріледі, жұлдызша түріндегі дұрыс емес формадағы геморрагиялық бөртпелер, бөртпенің ірі элементтерінің ортасында некроздар пайда болып, тері мен шырышты қабатқа ірі қан құйылуы мүмкін. Тиісті емдік шаралар қолданбаған жағдайда менингококцемиямен сырқаттанған адамдар жұқпалы-уытты шоктан ауырудың 1-2 күндері өлім жағдайы болады.
Менингококкті менингитпен және менингококцемиямен сырқаттанған адамдар, сонымен бірге, аталған ауруларға күдік пайда болған жандар арнаулы бөлімдерге шұғыл түрде госпитализациялануы керек. Менингококкті инфекциямен көбінесе (кездесетін жағдайдың 80 пайызы) 14 жасқа дейінгі балалар сырқаттанады. Әрбір 10-12 жылда аурудың өсімі байқалады. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуі мен қоздырғыштың ауысуына байланысты.
Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстандағы эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешенін қабылдау нәтижесінде медициналық ұйымдардағы АИТВ-ны жұқтыру қаупі барынша төмендетілгенін хабарлады. Қазіргі таңда еліміздің барлық стационарлары мен емханаларында инфекциялық бақылау бағдарламалары бар. Тиісінше, медициналық бұйымдар мен инфузиондық ерітпелерді бір рет қолдану қамтамасыз етіліп, жеке қорғану заттары қолданылуда. Эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейту және АИТВ-ны кәсіби жұқтырудың профилактикасы мақсатында 2015 жылы «Клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша адамдарды АИТВ инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық зерттеп-қарау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізілген болатын. Құжатқа енгізілген өзгертулерге сай, қанмен және өзге де биологиялық сұйықтықтармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер жылына 2 рет АИТВ-ға тексерілуі міндетті.
Қолданылған шаралар нәтижесінде АИТВ-ны анықтау мақсатында тестіленетін медициналық қызметкерлер контингентінің ұлғаюына сәйкес 2016 жылдың 1 жартыжылдығында медициналық қызметкерлерді тексеру 1,8 есеге артты, 2015 жылмен салыстырғанда медициналық қызметкерлер арасында АИТВ тіркелген жағдайлар 4,4 есеге ұлғайған. Денсаулық сақтау жүйесі мен халықтың денсаулығы кодексінің 113-бабына сәйкес, АИТВ инфекциясы анықталған медициналық қызметкерлер терінің жамылғыш қабаты немесе шырышты қабықша тұтастығының бұзылуымен байланысы жоқ басқа жұмысқа ауыстырылады.
Жоғарыда аталған шаралар барлық медициналық амалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, республиканың медициналық ұйымдарындағы АИТВ-ны жұқтыру қаупін төмендетіп, халық арасындағы АИТВ инфекциясын анықтау көрсеткішін арттырды, сонымен қатар, антиретровирустық терапия тасымалдаушыларын уақтылы емдеуді қамтамасыз етті. Антиретровирустық терапияны қабылдайтын АИТВ инфекциясын тасымалдаушылар қоғам үшін ешқандай қауіп төндірмейтінін атап айту керек. Емдеу шаралары вирусты жұқтыру қаупін төмендетіп, тасымалдаушыларға дені сау нәресте тууға, қоғамның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Астана қаласының ЖИТС орталығында «АИТВ жұқпасына тексерілу кезінде тестке дейінгі және одан кейінгі кеңес берудің негізгі қағидаттары» тақырыбында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін және стационарлық мекемелердің қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өткізілді. АИТВ жұқпасының ағымдағы эпидемиологиялық жағдайында медициналық ұйымның түріне байланысты психо-әлеуметтік кеңес берудің озық, тиімді әрі қолайлы тәсілдерінің қажеттігі туындады. Мамандар АИТВ жұқпасына тестілеу және кеңес беру, сондай-ақ, стигма мен кемсітушілік тақырыбында маңызды сұрақтарды көтерді. Семинар барысында Астана қаласында 2016 жылдың 8 айында АИТВ-инфекциясының 133 жағдайы тіркелгені, оның 30 пайыздан астамы басқа қаладан келгендерге, 69 пайызы жұмыс істейтін азаматтарға тиесілі екендігі аталды. Материалдарды жақсы меңгеру үшін тренинг рөлдік ойындармен сүйемелденді. Сонымен қатар, ЖИТС орталығының дәрігерлері «90-90-90» жаңа стратегиясын жүзеге асыру мақсатында тұрғындардың тексерілу ауқымын кеңейту қажеттілігін еске салды: тұрғындардың 90 пайызы өзінің АИТВ мәртебесін білуі тиіс, 2020 жылға қарай АИТВ-инфекциясы бар науқастар толығымен ем алатын болады, ем алатын адамдардың 90 пайызы вирус жүктемесі барынша төмендетіледі. Бұл өз кезегінде эпидемияның тоқтауына, стигма мен кемсітушіліктің азаюына және әлеуметтік шектеуге тосқауыл болады. Семинар соңында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және бұл жүйе іске асқаннан кейін ЖИТС орталығында медициналық көмек алу тәртібі туралы сөз болды.
Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ