Шоқтығы биік Шымкент

Шоқтығы биік Шымкент

Шоқтығы биік Шымкент
ашық дереккөзі
1191

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қол жет­кен жетістік­тері­міз де, берекелі тұрмыс-тіршілігіміз де – азат­тық­тың арқасы.

Республикалық маңы­зы бар қа­ла­лар­дың бірі – үшінші мегаполис Шым­­кент қаласының өз орны бар. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отыр­ған парасатты саясатының нә­ти­жесінде Шым­кент қаласы шы­рай­ланып, дами түсті. Ел­басының 2018 жылғы 19 маусымдағы Жар­­лы­ғымен Шымкент республикалық қа­ла дәрежесін алып, жаңа тарихи ке­зеңге қа­дам басты. Иә, 2018 жыл – Қазақстан карта­сын­­дағы әкімшілік ау­мақтың құры­лы­мына елеулі өзгеріс енуімен есте қал­ды. Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның орталығы болып келген Шым­кент қаласы тұрғын­дары­ның саны 1 мил­лионға жетіп, респуб­ликалық маңы­­зы бар қала мәртебесін ие­лен­ді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы­ның ор­­та­лығы Түркістан қаласына ауы­сып, об­лыс­тың атауы Түркістан об­лысы болып өз­гер­ді. Осылайша, 2018 жыл ел тарихында жә­не Шым­кент қаласының тарихында да ал­­­тын әріппен жазылып қалды. Шымкент қаласы Тәуел­сіз­дік жыл­дары дамып, жаңа деңгейге кө­теріл­ді. Бүгінде еліміздің астанасы Нұр-Сұл­тан қаласы мен Ал­матыдан кейінгі үшінші ме­гапо­лис. Шымкент жаңа даму жолына түс­­ті. Аумағы кеңейіп, 13 мың гек­тар­дан 116,3 мың гектарға дейін ұл­ғай­ды. Әлеу­меттік-мәдени өрісі өсті. 2020 жылы ТМД ел­дерінің мә­дени астанасы атанып, бұл жауап­ты іс-шараны абыроймен атқарды.

Инвестиция тартудан алда келеді

Жалпы, тәуелсіздік жылдары шең­берін­де үшінші мега­по­лис туралы ауыз толтырап айтар же­тістіктер жетерлік. Еліміз еге­мен­дік алған жылы Шымкентте ха­лық са­ны 400 мың адам болса, қазір 1 млн 100 мыңға жетті. Қала бюд­же­ті 1994 жы­лы 1 млрд теңге бол­­са, қазір 455 млрд теңгеден асты. Қала эко­номи­ка­сына 2,6 трил­­лионнан астам инвестиция ба­ғыт­тал­ды. 1991 жыл­дан бері 6,1 млн шар­шы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Ұлы Жібек Жолы бойындағы керуен жолдарының қиы­лысында пайда бол­ған тарихи бай және мәдениеті дамыған бұл шаһар – Орта Азиядағы көне қалалардың бірі. Шымкент ежелден-ақ саяхат­шы­лар мен ғалымдардың назарын өзі­не аударды. 1991 жылы қалада 72 мектеп қана болса қазір оның са­ны 170-тен асқан. Отыз жыл бұрын­ғы 27 денсаулық мекемесінің саны бүгінде 88-ге көбейген. 1991 жыл­ғы Шымкентте осы салаға бюд­жеттен 50,8 млн теңге қаралса, биыл бұл көрсеткіш 79,1 млрд тең­ге­ге өскен. Осы келтірілген дерек­тер­ден-ақ қа­ламыздың даму дең­гейін айқын көруімізге болады. Баршаға белгілі болғандай, Шымкент бұрыннан өнер­кәсіп кәсіпорындары шоғырланған өндірістік қалалардың бірі болатын. Әйтсе де, тоқсаныншы жылдардың басындағы қиыншылықтар бұл саланы да айналып өтпеді. Оларды қайта жандандыру үшін кешенді шаралар қолға алынып, ауқымды жобалар іске асырылды. Қалада өндірісті жандандыру мақ­са­тында, бұрынғы Фос­фор зауытының аумағында «Оңтүс­тік» индустриалдық ай­мақ құрылды. Айта кетейік, жалпы қалада өн­­діріс­тік инфрақұрылымы бар 3 аймақ құрылған. Осы үш индустриялық ай­мақта жал­пы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңге бо­латын 10 мың­нан астам жұмыс орны ашы­лып, 170 жоба жүзеге асырылуда. Қалада жаңа өнім түрлерін өндіретін жаңа өндірістік ны­сандар ашылды. Жа­лпы, Тәуел­сіз­дік жылдары қалада 20-дан ас­там ірі және орта кәсіпорын іске қосыл­ған. Қазір бұл кәсіпорындарда 6 мың­нан аса адам жұмыспен қам­ты­лып отыр. Сонымен бірге, респуб­ли­ка бойынша тек біздің шаһары­мызда кілем және кілем бұйымдарын шы­­­­ғаратын «Бал Текстиль» және «На­зар текс­тиль», целлюлоза өн­діре­тін «Хлоп­коп­ром Целлюлоза» кә­сіпорындары жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес қа­ла экономикасының ло­ко­мо­тивіне айнал­ды деп айтуға бо­лады. Қазір 72 мың­нан астам кә­сіпкерлік субъектісі тіркеліп, осы са­лада 160 мыңнан астам адам жұ­мыс­пен қамтылып отыр. Қала бойын­ша жалпы өңірлік өнімдегі ша­ғын және орта бизнестің үлесі – 28,4 пайыз. Сонымен қатар қала эко­но­ми­касына ин­вестициялар тарту үшін жаңадан «Тұран» ша­ғы­науданынан аумағы 420 гектар бо­ла­тын «Шым­кент сити» жобасы іске асы­рылды. Бұдан бөлек, білім, спорт, мәдени-әлеуметтік са­лада да елеу­лі ілгерілеушіліктер бар. Мек­теп­тер мен балабақшалар саны өсіп, сапа­сы арт­ты.

Көз тартар көркем ғимараттармен толықты

Ден­­­­саулық сақтау саласында жаңа ны­сандар іске қосыл­ды. Олар озық ме­дициналық құрал­дар­мен жабдықталып, дәрі­гер­лері­міз­дің белгілі бір ағзаларды ауыс­тыру бойынша күрделі оталарды жа­сауына мүм­кіндік берді. Осының нәтижесінде, қа­лалықтардың өмір сүру ұзақтығы 63,9-тен 74,4 жасқа дейін ұзарды. Мәдениет сала­сында да ауыз толтырып айтарлық же­тіс­тік­тер бар. Қаламызда жаңадан об­лыстық опе­ра және балет театры, «Оңтүстік цирк», «Түр­кістан» мәде­ниет сарайы, «Отырар» кітап­ханасы, «Көрме» орталығы, «Әдет-ғұрып жә­не салт-дәстүр орталығы», «Тәуел­­­сіздік» саябағы, «Наурыз» алаңы, Та­рихи-өлкетану мұ­ражайы» және та­ғы басқа көптеген көпшілік де­малыс орындары пайдалануға беріл­­ді. Сонымен қатар, қаладағы тари­хи маңы­зы бар «Цитадель» ескі қа­лашығы қал­пына келтірілді. Шаһарда одан бөлек көп­теген спорт нысаны бой көтеріп, тұр­ғын­дар­дың игілігіне ұсынылды. Олардың қа­та­рына «Биік стадионы», «Мұз Сарайы», «Роял», «Тұ­­мар», «Қасиет», «Сұңкар», «Марс», «Жас­тар», «Ақа­рыс спорт кешендерін», «Жо­ғарғы спорт ше­бер­лігі мектебі», «Жеңіл атле­ти­калық манеж» және «Ор­та­лық су спорт ке­ше­нін» қосуға бола­ды. Отыз жыл бұрынғы 337 спорт ны­саны бүгінде 865-ға көбейген. Қа­зір Шымкентте спорт­тың барлық түрінен жат­тығу залдарын табуға болады. Шымкентте бой көтерген кел­беті көз тартар ескерт­кіш­тер мен жаңа ны­сандарды тізіп шы­ғуға болады. Солардың бірі – «Жер Ана» Тәуелсiздiк монументi. Қа­зақ ұлтының тектiлiгi мен бiр­тұтас­тығының бел­гiсiндей Төле би, Қазы­бек би және Әй­те­ке би көше­лерi қиылысатын Ордабасы алаңын­­да орнатылған монументтің биiк­тiгi – 34 метр. Ел тарихы еске­рi­ле отырып жасалған Тәуел­сiздiк монументi идеясы одан әрi же­тiл­­дiрi­лiп, Ордабасы алаңы ұлттық ұстын­дары­мызды қастерлейтiн та­рихи-мемо­риал­дық кешенге ай­налды. «Рәмiздер алаңы» деп ата­ла­тын кешенде елiмiздiң картасы бей­­не­ленiп, Елбасымыз Н.Назарбаев­тың сөзi мен Қазақстан­ның Конституциялық заңынан үзiндi тасқа қашалып жазылған. Бүгiнде Ту­тө­бенiң басында биiктiгi 50 метр­лiк көк бай­рақ алыстан көрініп, жел­біреп тұр. Шым­кентте Ұлы Жеңiс­тiң 65 жылдығына орай са­л­ын­ған «Даңқ» мемориалы Отан үшiн от кеш­кен майдангерлердi ұлықтайды. Аллея бойына орна­тылған гранит тастарға өңiрi­мізден соғысқа аттанған 140 мыңнан ас­там жауынгердiң есiмi қашап жа­зылған. Сондай-ақ, қала орта­лы­ғын­дағы жаңа хайтек тех­нологиясы негiзiнде металл мен шыныдан жа­салған «Қызғалдақ» композиция­сы бүгiн­де студенттер, жастар мен қа­ла халқының бос уақытта дема­лып, серуен құратын сүйiк­тi орнына айналды. Үшінші мегаполистің көркіне көрік қосып, мерейін өсір­ген мұндай ны­сандар аз емес. Қа­зірдің өзінде көк аспанмен тірес­кен биік-биік көпқабатты үйлер мен ғи­мараттар бой көтеріп жатыр. Бүгінде Шымкентте ынтымақты ұран, татулықты ту еткен 100-ден ас­там ұлт пен ұлыс бір шаңы­рақ­тың ас­тында достығы берік, бірлігі бе­кем өмір сүріп жатыр.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары