Түркістан – мыңжылдық өркениеттің куәсі

2018 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойды. Жарлыққа сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы «Түркістан облысы» деп бекітілді. «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан», – деді Елбасы. «Түркі» ұғымының жүгін арқалаған көне қаланың тарихы терең. Қысқа мерзімде жүзеге асқан жоба, елдікке бастаған идея, жаңарған өлке. Ежелгі қаланы қайта жаңғырту идеясы қалай пайда болады? Оның астарында қандай сыр жатыр? Елбасы әңгімесін әріден қозғады.

– Тәуелсіз еліміздегі ең көр­нек­ті қала – Түркістан. Тоғыз жол­­­­дың то­ра­бындағы сауда қа­ла­сы бол­ған­нан кейін, Жібек жо­лы­ның үстіндегі қа­лаға иісі қазақтың та­баны тиді. Ежел­гі атауы «Яссы» – Жібек жо­лының бойындағы ба­тыс пен шы­ғыс­ты жалғайтын сау­да-саттық қа­ласы. Төрт қақ­па­сы да дүниенің төрт бұрышына ашық еді. Жоңғар шап­қыншы­лы­ғы­ның да қысымын көр­ді. 1864 жы­лы Ресей патшалығы жау­лап ал­ды. Патша үкіметінің ат­қан зең­бірек оқтары әлі күнге дейін кір­піш­тің арасынан көрінеді. 14 ғ­а­сыр­да Есім хан ғана «Қазақ хан­ды­­ғының орталығы» деп бекітті. 21 хан мен 57 батыр жерленіп, би-ше­шен­дердің де мазары бой кө­терді. Ре­сей патшалығының соқ­қысынан кейін, қала қайтадан ең­се тіктей алма­ды. 1500 жылды­ғын ЮНЕСКО кө­лемінде тойлап, біраз жөндеу жұ­мыстарын жүр­гіз­дік. Сол кезде де Түр­кістанды елге та­ныстырып едік. Көптен ойлап жүр­генім рас. Өмір тари­хымда қа­ла салу процесі Темір­таудан бас­­талған. Жылына 80 мың шар­­шы метр үй соғып, балабақша мен мектеп, аурухана салып, қаланы кө­терген едік. Екінші ірі құрылыс, ба­тыл шешім – елорданы салу. Үшін­­ші қадам – Түркістанды түр­лен­діру. Әлемге тарихымызды паш ететін, туристік орталық бол­мақ, – деп сөзін нақтылады Тұң­ғыш Пре­зи­дент.

ЖҰМСАЛҒАН ҚАРАЖАТ ЕСЕЛЕП ҚАЙТАДЫ

Қала келбеті күн сайын құл­пы­рып келеді. Облысты да­мы­ту­дың 2024 жылға дейінгі әлеу­меттік-эко­номикалық бас жос­парына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бө­лінді.
350 млрд теңге бірінші кезеңді жан­дандыруға бөлінген. Ол ақ­шаның жартысы жекеменшік ком­панияларға берілді. Қаржы же­ке сауда орталықтары мен қо­нақ үй салуға жұмсалды. Облыс ор­талығы – тарихи туризмнің ал­тын ұясы. Ха­лыққа қажет ойын-сауық орта­лығы, заманауи қонақ үй­лер, мә­дени-тарихи ошақтар, дра­ма теат­ры, мейрамханалар, сал­­­танат үй­лері, аквопарк, спорт­тық демалыс нысандары толық­тай талапқа сай салынған. Ту­рис­терге толықтай сапалы қызмет көр­сете алатын ны­сан­дар да бар­шылық. Қаланың жо­балау ау­мағы – 22 370 гектар. Бас жос­пар ж­о­басы үш кезеңнен тұра­ды:
қаланы дамытудың бастапқы жылы – 2018 жыл;
бірінші кезең – 2025 жылға дейін;
есептік мерзім 2035 жылға жос­парланған.
Екі жылдың ішінде 15 нысан­ның құрылысы толық аяқталып, пай­далануға берілді. Көздің жауын алатын кешендер қала кел­бетіне көрік берді. Келешекте олар­дың қатары арта бермек. Жос­пар­лан­ған 160 нысанның тең жар­ты­сы салы­нып бітті. Оның ішін­де әкімдік ғи­мараты мен Қа­зақ драма театры, 10 мың орын­дық стадион, жас­тар са­райы бар. Бұл сөзді Елба­сы да рас­тайды: «Мил­лиондық қа­ла көп бол­са, мә­дениет пен бі­лім көте­ріле­ді. Ауыл­дан келген ағайын­ның бой жазып, де­мала­тын қала орталығы көз тар­тып тұруы керек. Қаланың гүл­­денуі халықты жұмыспен қам­тиды. Құрылыс қарқыны жүріп жа­тыр, жұмысшы легі ауадай қа­жет. Екі жылдың ішінде бизнес са­ны 11 есеге өсті. Оңтүстік өңірі – ха­лық са­ны көп шоғырланған ай­мақ. Бас жос­парға сай халық са­ны 2050 жылға дейін 500 мың адам­ға жету керек», – дейді Елбасы.

ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ТУРИЗМ

«Туризмді дамыту үшін қажет­ті инфрақұрылым жүргізуді, со­ның ішінде жол салып, білікті ма­­­­мандар даярлауды қамтамасыз ету қажет» делінген Президент Жол­дауында. Түркістан өңірінде ту­ризм саласын, оның ішінде эко жә­не этнотуризмді дамыту мақ­са­тындағы іс-шаралар облыстың әлеу­меттік-экономика­лық дамуы­ның 2021-2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспарында қамты­лып отыр.
Көптің көңілінен шыққан ны­сан­н­ың бірі – Керуен сарайы. 10 сәуір­де ашылған көпфункцио­нал­ды туристік кешен. Жобаны Turkistan Tourism City компаниясы сал­ды. Ны­санның әзірге Орталық Азия­да бала­масы жоқ. Ол Қожа Ах­мет Ясауи кесенесінен кейін өңір­ге турис­тер мен инвести­ция­лар­ды тартатын негізгі орталық. «Керуен-сарайдағы» барлық ны­сан су арнасы арқылы бай­ла­ныс­қан. Халық «Қазақстанның Ве­не­циясы» деген бейресми атау беріп те үлгерді.
Елең еткізген екі жаңалықтың бірі – тұңғыш рет Халықаралық ту­­ризм және меймандостық уни­верситетінің ашылуы болса, екін­шісі – халықаралық Түркістан әуе­жайының салынуы.
Халықаралық туризм және мей­мандостық университеті Тұң­ғыш Президент бастамасымен жаңа­дан ашылған. Қожа Ахмет Яс­сауи атындағы халықаралық қа­зақ-түрік университетінен кейін­гі оқу сапасы жоғары бола­тын білім ордасы. Бұл универси­тет­тің құрылымы өзгеше. Ғима­рат­та қонақ үй мен мейман­ха­на, қо­лөнершілердің орталығы бар. Сту­денттерге арналған 290 орын­дық жатақханасы бар. Қазақ­стан­ның барлық өңірінен 1 500-ге жуық студент оқиды. «2020-2021 жыл­ғы оқу жылына 800 грант бө­лін­­ген. Туризм мамандығына бейін­дік пәні: география және шет тілі, ал ҰБТ шекті балы: 50. Де­не­шынықтыру және спорт ма­ман­дығына шығарма­шылық емтихан, ҰБТ шекті балы 70», – дейді уни­вер­ситет өкілі.
Түркістан халықаралық әуе­жайы – тәуелсіздік тарихында ір­ге­сі қаланған жаңа ұшу айлағының бірі. Әуежайдың жалпы ауданы 905 гек­тар болса, ұшу-қону жолағы – 3 300х45 метр. Ал жолаушылар тер­миналының ауданы – 10,5 мың шаршы метр. Сағатына 450 адам­ды қабылдауға күші жетеді. Жы­лына үш миллионға жуық жо­лау­шы қабылдап, қандай үлкен ұшақ болса да, қабылдай алады. Түр­кістан – Стамбұл бағытындағы ал­ғаш­қы лоукостер де Мәрмәр теңі­зінің бойына қонып үлгерді.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Back to top button