271
Көк туды желбіретер «Атамекен»
Көк туды желбіретер «Атамекен»
Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын Каспий теңізінің Қазақстан үшін маңызы зор. Осы теңіздің жағалауына орналасқан Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жаңғыру жолында. Еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін әлдендіретін теңіз қақпасына сауда-саттықты жаңа сатыға көтеріп, экономикалық байланыстарды бекіту міндеті жүктелген.
Өткен аптада халықаралық бағдарда құрғақ жүктер мен шикі мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған Ақтау теңіз портындағы ұлттық құрғақ жүк флотындағы төртінші кеме суға түсірілді. «Атамекен» деген атауға ие болған жаңа су көлігі Ресейдің Шлиссельбург қаласынан айдынға аттанды. Бұл – ресейлік «Нева» кеме жасау және жөндеу зауыты құрастырған екінші кеме. Үстіміздегі жылдың шілде айында «Жібек жолы» кемесі суға түсіріліп, Ақтау портына қайта оралған болатын. Еске сала кетейік, биылғы жылы «Нева» кеме жасау және жөндеу кәсіпорнымен сыйымдылығы 7500 тонналық көпсалалы екі жүк тасығыш кемесін жасау жөнінде келісімшартқа қол қойылған еді. Жоба Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Алғаш рет айдынға аттанған «Атамекеннің» суға түсірілу рәсіміне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Нева» кеме жасау және жөндеу зауыты, Ленинград облысының ресми өкілдері қатысты. Жаңа кеменің қолданысқа берілуі – Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру, ұлттық құрғақ жүк флотын дамыту және «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіндегі маңызды жобалардың бірі. Қазақстандық құрғақ жүк флотындағы төртінші «Атамекен» жүк кемесі қазіргі заманғы талаптарға толықтай жауап береді. Жүк кемесі қауіпсіздіктің заманауи жүйелерімен жабдықталған.
Кеменің тұсаукесеріне арналған салтанатты шарада сөз алған «KTZ Express» АҚ президенті Диас Ысқақов: «Қазақстандық сауда флотын кеңейту мақсатында биыл қаңтар айында аталған зауытпен көп функционалды 2 құрғақ жүк кемесін жасау туралы келісімшартқа қол қойылды. Көп кешікпей шілде айында осы зауыттан алғашқы құрғақ жүк кемесі «Жібек жолы» шығарылды. Қазір ол Ақтау портына, «үйіне» оралды, Каспий теңізі айдынында коммерциялық қызметтер атқаруға дайындық үстінде. Бұл жобаны Еуропа даму және қайта құру банкі қаржыландырды, өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында біздің қазақстандық құрғақ жүк флотын ұлғайту жөніндегі жоспарларымыз жүзеге асуда. Қазіргі заманғы жаңа кемелердің болуы мультимодальды логистикалық тізбектің теңіздегі бөлігін жалғауға, халықаралық жүк тасымалында бәсекеге қабілеттілік қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді.
Су жаңа кемені айдынға аттандыру кезінде теңіз қағидасына сәйкес кеме бортына аққайнар лақтырып, сындыру рәсімін «Орал» ракеталық-артиллериялық кемесінің әскери бөлімінде радиобайланыс маманы, 1-ші сыныпты старшина, Каспий маңы елдері бойынша әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік кемесінде қызмет ететін тұңғыш және жалғыз қыз Жанар Ибраева жасады. «Маған Қазақстан үшін айтулы оқиғаның куәгері болу бақыты бұйырып отыр. Бүгін су жаңа кеме «Атамекен» суға түсірілді. «Атамекен» – Отан, туған жер дегенді білдіретін қасиетті ұғым. Мен жауынгерлік кемесінде жұмыс істеймін, білетінім, теңіз мемлекеттерді бөліп тұрса, кемелер түрлі елдердің, құрлықтардың жағалауларын жалғастырады. Жаңа құрғақ жүк кемесіне халықаралық жүк тасымалына табысты қызмет етіп, алыс-алыс порттарға Қазақстан туымен кіріп-шығып, жүктерді уақытында жеткізуде сәттілік тілеймін. Үлкен кемеге – үлкен жетістік!», – деді Жанар Ибраева.
Қазақстанның құрғақ жүк флотындағы кемелер санын 2020 жылға дейін 20-ға дейін жеткізу көзделуде. Бұл Ақтау порты арқылы экспортталып, Каспий арқылы тасымалданатын құрғақ жүктердің 55 пайызын құрамақ. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын екі кеме суға түсіріліп, «Бекет Ата» және «Түркістан» деген атаулар берілген. Аталған жүк кемелерімен бүгінгі күнге дейін 150 мың тоннадан астам негізгі жүктер тасымалданған. Ауыр және көлемді жүкті тасымалдауға арналған кемелер Азия елдерінен теміржол арқылы тасымалданған тауарды жеткізуге бағытталған. Сонымен қатар, 2018 жылдың аяғына дейін Құрық портындағы кеме айлағында іске қосылатын екі теміржол паромын салу күн тәртібінде тұр. Себебі теміржол паромы теңіздегі жүк тасымалына деген тәуелділікті төмендетпек.
Ширек ғасыр бойы елімізде құрғақ жүк флоты болмаған. Каспий теңізінде көбінесе Иран мен Әзірбайжан мемлекеттерінің кемелері қатынады. Ал енді Каспий айдынында төрт бірдей құрғақ жүк кемесі тауар тасымалдайтын болады. Батыс пен шығыстың, солтүстік пен оңтүстіктің халықаралық дәліздерін байланыстыратын Каспий теңізі еліміздің транзиттік әлеуетін жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстанның Каспий теңізіндегі кеме қатынасын дамытуға ерекше көңіл бөлетіні сондықтан. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау портының әлеуеті де, көлемі де, ондағы қажетті құрылымдар мен құралдар саны да жыл сайын ұлғайып келеді. Бүгінде Ақтау порты арқылы Қытайдан Кавказ елдеріне, Парсы шығанағы елдерінен Орталық Азия елдеріне, Ресейден Иранға, Орталық Азиядан Ресейге, әрі қарай Солтүстік Еуропаға бағытталған шағын көлемді жүк тасымалдары жүзеге асырылады. Қазақстандық порттың жұмыс сапасы мен тасымалдау әлеуетін арттыру, бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтып, жүк тасымалдаудағы көшбасшылық орнын сақтап қалу үшін жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Ал салтанатты түрде айдынға аттанған «Атамекен» кемесі қараша айында Ақтау портына оралады деп жоспарланып отыр. «Атамекен» атамекеніне аман оралсын деп тілейміз.