685
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА: Біздің мәдениетіміз әлемдік бәсекеге қабілетті
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА: Біздің мәдениетіміз әлемдік бәсекеге қабілетті
Биыл 30 жылға толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің тарихына көз салсақ, алтын әріппен жазылатын жетістіктеріміз, қуанышты әрі жеңісті күндеріміз мол. Әсіресе, спорт пен туризм салаларын қоса алғанда ұлт руханиятының негізі болып саналатын әдебиет, мәдениет және өнерде қол жеткізген табысымыз толайым. Мерейлі жыл қарсаңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызына бірнеше сауал қойған едік.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткенге бір көз салсақ. Ұлт ұстынын айшықтайтын қандай ауқымды жобалар жүзеге асты? Мерейлі жыл қарсаңында қандай шаралар жоспарлап отырсыздар?
– Өткен тарихымызда бабаларымыздың арманы болған Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекетіміз ұлттық руханияттың дамуына серпін беретін, елдің еңсесін көтеретін тарихымызды түгендеу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырды. Одан кейінгі кезеңде қазақ халқының ұлттық тарихы көкжиегін кеңейтіп, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруды мақсат еткен «Халық тарих толқынында» бағдарламасын қабылдап, тарихи-мәдени ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтаудың және тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін жасақтады. Ал соңғы кезде қоғамдық сананың, көзқарастың жаңаруына ықпал еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, даму бағыт-бағдарымызды айқындап берді.
Былтырдан бері жаһан жұртшылығын әбігерге салып, экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырған коронавирус індеті мәдениет пен өнер, әдебиет пен ғылым, музей мен архив ісі, спорт пен туризм салаларына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен пандемия кезеңінде де мемлекетіміз халқымыздың жанынан табылып, рухымызды биіктетіп, жарқын болашаққа бастайтын игі істерге мұрындық болды.
Әрине, бәрінен бұрын қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді қолға алып отырмыз. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық мәдениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды шаһарларымыз жанданып, тарихи ескерткіштеріміз түгенделді. Тарихи мұрамыз сақталып, қорымыз байыды. Ұлттық өнеріміз әлемдік деңгейде паш етіле бастады. Талантты тұлғаларымыздың саны көбейді. Мемлекетіміз мәдениет сынды ауқымды саланың әлеуетін одан ары күшейтіп, қамқорлық жасап отыр. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз толайым.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтқандай, қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Өзге қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Осы себептен жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетімізді дамыту, Президентіміз айтқандай, тамырымызды берік сақтау мақсатында бұдан бұрын бекітілген мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде пандемия жағдайында да тыңғылықты жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлердің тарихи-мәдени объектілерінің инфрақұрылымы күшейтілді. Дәл қазір «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін құру жұмыстары жүріп отыр. Тарихи орындарды толық жүйелеу бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жалпы ұлттық маңызы бар 256 және жергілікті маңызы бар 575 нысан қалыптастырылды. Киелі нысандардың толық визуализациясы виртуалды карта платформасында қолжетімді qazmaps.kz, онда 500-ден астам нысан цифрландырылды. Өткен жылы тарихи және мәдени ескерткіштердегі ғылыми-реставрациялау жұмыстарына арналған шығыстар 3,5 есеге ұлғайды. Нәтижесінде 27 тарихи және мәдени ескерткіштің жұмыс көлемі ұлғайып, ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарымен қамтылды.
– Түркістан – күллі түркі жұртының қасиетті ордасы. Облыс орталығы атанғалы бұл көне қаланың тарихи реңі қайта жаңғыра бастағаны баршаға мәлім. Ғалымдар мен зерттеушілер бұл өлкеде қандай сәтті жобаларды жүзеге асыруды межелеп отыр?
– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның тарихи орталығын қайта жаңғырту бойынша кейбір құрылыс жұмыстары аяқталса, кейбір нысандардың құрылысы жалғасып жатыр. Қазір «Күлтөбе» археологиялық ескерткішін әлемдік археологиялық саябақтардың өзіндік аналогы ретінде жан-жақты зерттелуде. Қаланың барлық тарихи кезеңдерінің кейбір құрылыстары қалпына келтірілмек. Бұл шаралар туристерге ежелгі қаланың өмірін көзбен көріп, сакраль аурасына енуге мүмкіндік береді. Мысалы, Күлтөбе қалашығының аумағындағы 2020 жылғы археологиялық қазба жұмыстары барысында ғалымдар бірегей ғимарат – «ханака» деп аталатын ежелгі ғибадатхананы тапты.
Өткен жылы Елбасымыз Түркістан қаласына іссапары барысында шаһардың даму жоспарын көріп, жаңа Hazret Sultan Airport (HSA) халықаралық әуежайының ашылуына қатысты. Сапар барысында «Керуен-сарай» кешені, «Ұлы Дала Елі» орталығы да таныстырылды. Биыл жергілікті және шетелдік туристер киелі шаһардың бірқатар нысанын тамашалады. Әрине, пандемия жағдайында туристердің келіп-кетуі бәсеңдеген болса да, қызығушылық күн өткен сайын артып отыр. Сондай-ақ киелі өңірдегі ортағасырлық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық» және «Баласағұн» қалашықтары да қалпына келтіріліп жатыр.
Барлық республикалық жетекші музей-қорықтың жанынан визит-орталықтар салынып, музеефикация жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында «Отырар», Алматы облысында «Таңбалы», Қарағанды облысындағы «Ұлытау» орталықтарының жұмысы аяқталды. Биылдан бастап «Гаухар ана», «Ордабасы», «Сауран» «Есік», «Берел» және «Шілікті» визит-орталықтарының құрылысы жоспарланып отыр.
– Сіз басқаратын министрлікке қарасты саланың бір бөлігі кино мен театрға қатысты. Осы саланың қазіргі жұмыс барысына тоқтала кетсеңіз.
– Былтыр «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ шығарған 25 фильм 55 халықаралық кинофестивальге қатысып, 28 сыйлыққа ие болды. Мысалы, режиссер Р.Халиоллдың «Домбыра» қысқаметражды фильмі испандық Short Of The Year қысқаметражды фильмдер фестивалінің қысқы маусымы қазыларының арнайы сыйлығына ие болды. Режиссер Ж.Алшанованың «Өркениет тарихы» атты фильмі Швейцарияның Локарно қаласында өткен халықаралық кинофестивальде «Күміс леопард» сыйлығының иегері атанды. Бұл фестиваль – Локарно халықаралық кинофестивалі Канн, Венеция және Берлиннен кейінгі төртінші маңызды еуропалық кинофестиваль. Сол сияқты режиссер А.Сатаевтың «Томирис» фильмі Парижде өткен l'Étrange Festival француз кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Ал «Томирис» фильмінде трюк ойнаған қазақстандық Nomad Stunts каскадерлік тобы әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Таурус» сыйлығының иегерлері атанды.
Сондай-ақ режиссер Ф.Шәріповтың фильмі «18 килогерц» Варшавадағы беделді халықаралық кинофестивальдің Гран-приін жеңіп алды. «Жаным, ты не поверишь» комедиясы және «Қара қара адам» драмасы Ресейдің ашық «Киношок» фестивалінде «Үздік сценарий», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік режиссура», «Баспасөз сыйлығы» номинациялары бойынша 5 марапатқа ие болды. «Алтын жүзім» фестивалінің бас жүлдесін «Жаным, ты не поверишь» фильмінің түсірілім тобы жеңіп алды. Режиссер А.Заиров пен М.Мамырбековтың «Қыз бен теңіз» фильмі Канндағы Silk Road Film Awards – Cannes кинофестивалінде «Үздік әлеуметтік драма» жүлдесіне ие болды.
Театр саласы бойынша өткен жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театры мен «Астана Опера» опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде үздік 5 опера және балет театрының қатарына енді. Бұл да шын мәнісінде театрдың дамуына серпін берген жетістік болды. «Астана Балет» театры елімізде алғаш рет спектакльдерді 360 градусқа көрудің инновациялық мүмкіндігі бар ab-media театр стримингтік қызметін іске қосты.
– Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтті. Сонымен қатар Алтын Орданың 750 жылдығы мен әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы болды. Карантин кезінде мерейтойға қатысты іс-шаралар қалай ұйымдастырылды?
– Өткен жылы халықаралық және республикалық деңгейде ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өтті. «Астана Опера» театрында ұлы Абайдың мерейтойы ресми түрде ашылды. Әрине, түркі әлемінің мақтанышы ұлы Абайға арналған іс-шаралар бір жылмен ғана шектелмейді. Дәстүрлі түрде жалғасатын болады. Ұлы ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында шетелде – Сингапур, Болгария, Египет, Пәкістан, Венгрия, Иран, Эфиопия және Италиядағы Қазақстанның елшіліктері жанында 8 Абай орталығы ашылды. Ұлы ақынның еңбектері әлемнің 8 тіліне (ағылшын, француз, итальян, неміс, испан, қытай, жапон, араб) аударылып, басылып шықты.
2020 жылғы 4 тамыздағы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз – «Абай күні» деп жарияланды. 15 қазан күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрлі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің және Абай музейінің жаңа экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Музейдің бас ғимаратында Ахмет-Ризаның мешіті мен медресесінде, «Жидебай-Бөрілі» музей-үйінде жаңа музей технологияларын және қазіргі заманғы жабдықтарды қолдана отырып, экспозициялық залдар толық жаңартылды. «Абай – Шәкәрім» мемориалдық кешенінің аумағы абаттандырылып, Жидебайдағы Абай қыстағындағы, «Ұлжан – Зере» кесенесінде, Семей қаласындағы Ахмет-Ризаның мешіті мен медресесінде, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары аяқталды.
Ұлы ойшылдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстанда Абай Құнанбайұлының 9 монументалды ескерткіші мен бюсті орнатылды. 31 елді мекен, ауыл, ауылдық округ, 1 300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден астам білім беру мекемесі Абай есімімен аталған. Мәдениет және білім беру ұйымдарының жанынан 40 орталық және Абай бұрыштары ашылды. 2020 жылы барлық өңірде ұлы ақынымызға арналған 19 мыңға жуық оффлайн және онлайн іс-шара өткізілді.
Өткен жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Қазақстан Үкіметі тарапынан бекітілген мерейтойды дайындау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылды. Жоспар шеңберінде қазір Жошы және Алаша хан кесенелерінде ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, онда тарихи-мәдени кешен құрылды. Отандық және шетелдік туристерді тарту мақсатында «Қасиетті Ұлытау», «Хан жолы», «Теректі әулие», «Қорғанысын құпия» сынды жаңа туристік маршруттар әзірленді.
Сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Отырар қалашығында Солтүстік қақпаларды, бекініс қабырғаларын, тұрғын орамдарын, магистральді көшелерді, мешіттер мен қыш шеберханаларын қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті. «Отырар» мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығының визит-орталығында экспозициялық зал мен «Әл-Фараби» залы ашылды.
– Рухани-мәдени қазынаны толықтыруға көмек болатын бірден-бір қор – көне жазбалар сақталған мұрағаттар. Біздің елімізде бұл саланың жұмысы қай деңгейде ұйымдастырылып отыр?
– Иә, тарихи мұраны түгендеу бойынша ең маңызды салалардың бірі – архив саласы. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан тарихымен байланысты бірегей құжаттарды анықтау, жинау және жүйелеу бойынша отандық және шетелдік архивтерді кешенді іздестіру-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қажеттілігі туралы атап өткен болатын.
2019 жылғы Үкімет қаулысымен «Архив-2025» жобасын іске асыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары қабылданып, «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзірленеді. Кешенді жоспар 68 тармақтан тұрады. Кешенді жоспардың негізгі бағыттары – нормативтік- құқықтық базаны жетілдіру, Ұлттық архив қорын шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалардан және ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша жаңа құжаттық көздермен толықтыру, цифрлық өркениет жағдайында ақпараттық-зияткерлік ресурстардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Сондай-ақ «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзірленді. 2020 жылы жүйеге 88 Мемлекеттік архив, 295 орталық және 360 жергілікті атқарушы орган қосылды. Қазір барлық жоспарланған ұйымдар қосылған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, мысалы, белгілі этнограф, ҚазССР халық әртісі А.Затаевичтің 150 жылдығы аясында ресейлік архивтерде этнографтың бұрын жарияланбаған мұрасы – жарыққа шықпаған әндері мен күйлерінің үш томдығы табылды. Қазақ фольклорының бірегей мұрасының тұсаукесері өтті. Бұл жұмысты Халықаралық ғылыми қауымдастық жоғары бағалады.
Республика архив ісі саласының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде 22 желтоқсанды «Архивистер күні» деп жарияланды.
– Карантин кезінде министрлік мәдени іс-шараларды қалай ұйымдастырды? Себебі адамдар көптеп жиналатын арнайы қойылымдарға шектеу болды.
– Карантин кезеңінде министрлік 60 миллионнан астам қаралым жинаған көптеген онлайн жобаларды іске қосты. Концерттік-бұқаралық және театр ұйымдарының, музейлердің, музей-қорықтардың, кітапханалардың және басқа да мәдени-демалыс ұжымдарының қорларын цифрландыру бойынша жоспарлы жүргізілген жұмыстар республикамыздың және шетел азаматтарының назарына онлайн режимде қызметтерді көрсетуге мүмкіндік берді.
Ашық қолжетімділікте 160-қа жуық республикалық ұйымдардың концерті мен қойылымдары енгізілді, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясы 223 ұлттық фильмді жүктеп, кітапхана қорында электронды форматта 60 мыңға жуық әдебиет көшірмесі қолжетімді болды.
Еліміздің жетекші музейлері, театрлары, кітапханалары мен концерттердің, спектакльдердің, қойылымдардың, фильмдердің интернет-трансляцияларын ұйымдастырды, сонымен қатар есту қабілеті нашар адамдарға арналған бейнеэкскурсиялар, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша арнайы 3D-турлары тегін ұйымдастырылды.
Мәселен, республикалық театрлардың актерлері «Ертегілер әлемінде» айдарында балаларға қазақ және әлем халықтарының ертегілерін оқыды. Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Live show кешкі ойын-сауық бағдарламасын, ал М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік орыс академиялық драма театры «Карантинник» арнайы бағдарламасын іске асырды.
#ONLAIN-da bol жобасы аясындағы концерттік ойын-сауық контентінен басқа министрлік туризм және кітапхана ісі саласында оқыту вебинарлары, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі бойынша онлайн курстар, әліпбиді жетілдіру бойынша онлайн іс-шаралар, БҰҰ-ның 10 тілін оқыту бойынша онлайн курстар ұйымдастырды.
«Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында қазақстандықтарды өз өнерімен қолдаған Қазақстанның эстрада жұлдыздары да шет қалмады. Болып жатқан қиындықтарға қарамастан, олар студияға қазақстандықтардың алдында өнер көрсету үшін келді. YouTube каналында 20 миллион қаралым жинаған 42 онлайн концерт өткізді.
Биыл республика бойынша «Балалар әдебиетін оқу жылы» жарияланып, балалар жазушыларын қолдау және балалар әдебиетін дамыту мақсатында «Балаларға арналған ең үздік шығарма» конкурсы ұйымдастырылды. Балалар әдебиетін дамытуға және өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дарытуға ықпал ететін «Балалар әдебие-
ті – ұлт болашағы» конференциясы өтті.
Бүгінде республика кітапханаларына жалпы таралымы 705 500 дана 251 кітап басылып шығарылды және таратылды. Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату жөніндегі бағдарлама шеңберінде 2020 жылы алғаш рет авторлық қаламақылар өндіріліп, 61 өндіріс сатып алынды және жалпы таралымы 891 500 дана 313 бірлік басылып, олар еліміздің барлық кітапханалары бойынша визасыз негізде таратылды. Өткен жылы 61 туынды сатып алынды және жалпы таралымы 891 500 дана қоғамдық маңызы бар әдебиеттің 313 бірлігі шығарылды.
– Токио Олимпиадасына даярлық қызу жүріп жатқан болуы керек. Осы орайда өзіңіз басқаратын министрліктің бір саласы – спорт жөнінде кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Спорт саласындағы негізгі басымдық ретінде тұрғындарды жүйелі дене шынықтырумен айналысуға тарту және саламатты өмір салтын насихаттау болып анықталған. Жыл сайын спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Қазір бұл көрсеткіш 5,9 млн адамға немесе 31,6 пайызға жетті.
Алматы облысында олимпиадалық даярлау базасының құрылысы жалғасып жатыр. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетикалық спорт кешені пайдалануға берілді. Кешен 7 мың көрерменге арналған, жалпы ауданы – 36 657 мың шаршы метр. Спорт кешені IAAF жеңіл атлетика федерацияларының халықаралық қауымдастығы тарапынан сертификаттаудан өтті, бұл ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Жоғары жетістіктер спорты дамып келеді. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшылары 217 медальге ие болды.
2021 жылдың 22 шілдесінен 8 тамызына дейін Токиода (Жапония) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына белсенді түрде дайындық жүргізіліп жатыр. Ұлттық құраманың сапында спорттың 30 түрінен спортшылар еліміздің намысын қорғайтын болады. Бүгінде спорттың 17 түрінен 42 лицензия жеңіп алынды.
2021 жылғы 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Токио қаласында (Жапония) жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Спорттың 2 түрі бойынша 7 лицензия жеңіп алынды. ендігі кезекте пара дзюдо, пара садақ ату, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, жұп оқ ату бойынша лицензияларды жеңіп алу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 2021 жылдың 5-21 желтоқсаны аралығында Бразилияда жазғы Сурдлимпиада ойындары өтеді. Бұл жарыстарға Қазақстан құрама командаларын қатыстыру жоспарда бар.
Отандық мәдениетіміз әлемдік бәсекеге қабілетті. Мұны талай таланттарымыз дәлелдеді, әлі де дәлелдеп келе жатыр. Елімізде туып-өскен әрбір талантты тұлғаға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Талантты тұлғаларымыз көбейсе еліміздің еңсесі көтеріледі, рухы биіктейді. Қазақстан өзінің 30 жылдық тарихында өз-өзін тұрақты дамып отыратын ел ретінде ғана танытқан жоқ. Әрине, саяси-экономикалық саладағы жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Мемлекетіміз теңдесі жоқ ұлттық мәдениетіміз арқылы да бүкіл әлемге танылды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің, мәдениеті мен өнері дамыған мемлекеттің келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ.
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ