Ел мен EXPO

Сонау 1998 жылғы 10 маусымда Астана қаласында Қазақстан Респуб­ликасының жаңа астанасы ресми таныстырылып, халықаралық тұсаукесері өтті. Ал осыдан 4 жыл бұрын – 2017 жылғы 10 маусымда әлем елдерінің назары тағы да Қазақстанға ауған болатын. Дәл осы күні елордада баламалы энергия көздері мен жасыл технологияға негізделген EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтті. ТМД мен Орталық Азия елдерінде алғаш рет Қазақстанда өткізілген көрме «Бо­ла­шақтың энергиясы» деп аталды. Бас-аяғы 3 айға жалғасқан халықаралық іс-шара еліміздің өндірісі мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік берді.

expo

Халықаралық көрмені елімізде ұйым­­дастыру Елбасының бірегей идеясы бо­латын. Алғаш 2012 жылғы 12 маусымда Па­рижде өткен Халықаралық көрмелер бю­росы Бас ассамблеясының оты­ры­сын­да Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан жеңіп шыққан жағдайда көрменің сәтті жү­зеге асырылуы үшін бар күш-жігерін жұм­сайтынын жеткізді. Аталған жылдың 22 қарашасында жасырын дауыс беру нә­тижесінде Астана қаласы EXPO-2017 көр­месін өткізу орны ретінде таңдалды. 161 мемлекеттің 103-і көрменің Қазақ­стан­да өткенін қолдап дауыс берген.

Елбасының халықаралық көрмені елімізде өткізу туралы шешімі бір күнде қабылданған жоқ. Көрмені елі­мізде ұйымдастыруға Тәуелсіздік жылдары еліміздің ғы­лым, экономика және дипломатиялық қатынастар са­ла­сында айтарлықтай жетістіктерге жетуі, жасыл эко­но­ми­ка мен баламалы энергия көздеріне көшу қажеттігі әсер етті.
Көрме энергияны үнемдеу саласындағы әлемнің үздік технологияларын жинақтауға мүмкіндік берді. Қазақстан қатысушы мемлекеттерге жасыл эко­номиканы, төмен көміртекті технологияларды және энер­гия тиімділігін дамыту мәселелерін талқылауға арналған диа­лог алаңын ұсынды. Алғашында көрмеге 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады деп жоспарланған, алай­да іс жүзінде 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қа­тысты. Сондай-ақ көрмеге барлығы 2 млн адам келеді деп болжанған болатын. Бірақ келушілер саны да екі есе асып түсіп, 4 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіштер көр­ме­ні елімізде өткізудің маңызы мен мәнін тағы бір рет та­нытты.
Елбасы EXPO-2017 көрмесін тек халықаралық қоғам­дастықтың болашағына салынған инвестиция ретін­де ғана емес, өз халқының дамуымен бірге қарастырды. Ха­лықаралық көрменің ел экономикасына әкелген пай­дасы зор. Көрме нәтижесінде экономика саласы бойынша ұсы­нылған жобалар арасында 133 (мұнай және газ саласы бойын­ша – 27, экология бойынша – 36, көмір өнеркәсібі бойын­ша – 7, электр энергиясы, энергияны үнемдеу және жаңар­тылған энергия көздері – 63) технология қолданысқа енгізілді.

expo

Ауқымды шара экономиканың бизнес секторының дамуына оң ықпал етті. Дайындық жұмыстарынан бас­тап, құрылыс жұмыстарына дейін отандық шағын және орта бизнес құрылымы тартылды. Бұл астаналық, аймақ­тық кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытуына үлкен септігін тигізді. Сол тұста кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыз­дан асып, қала бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық көлемі 1,2 есе артты.
EXPO-2017 көрмесін өткізу бас қаланың дамуына да тікелей әсер етті. Көрме өткізілген кезеңде елордаға жал­пы 5,4 млн адам келсе, оның 4 миллионы EXPO кешенін тама­шалауға барған. Қалада жаңадан 11 көше салынып, тұр­ғындар мен қонақтарға арналып салынған 47 мей­рам­хана өз жұмысын бастады. Жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. Астана маңызды туристік қала ретінде ШЫҰ мен ТМД елдері арасындағы рейтингте үздік бестіктен көрінді.
2017 жылғы 6 қазанда Парижге ресми сапармен барған Қа­зақстан делегациясы Халықаралық көрме бюросы Ат­қарушы комитетінің кезекті отырысына қатысты. Жиын­да EXPO-2017 комиссары халықаралық маман­дан­дырылған көрмені жоғары деңгейде абыроймен өткізген Қазақстан халқын құттықтап, іс-шараның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, еліміздің инновациялардың да­муы­на мұрындық болғанын ерекше атап өтті. Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес EXPO-2017 келешекке жоспарланған халықаралық көр­мелерге үлгі болады деп бағалағанын ұмытқанымыз жоқ. Ра­сында бұл көрме еліміздің халықаралық аренадағы бе­делін арттыруға үлкен арқау болды.

FOTO SERGIBAEVA G.S

Гүлжан СЕРГИБАЕВА,
QazExpoCongress
АҚ баспасөз хатшысы:

EXPO-2017 көрмесі – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды жетістік
– Осыдан тура 4 жыл бұрын – 2017 жылғы 10 маусымда елор­дада EXPO-2017 Astana халық­ара­лық мамандандырылған көрмесі ашылған болатын. EXPO – тек тарих қойнауына кеткен елеулі бір кезең ғана емес, бүгінде жұмысын сәтті жалғас­ты­рып жатқан үлкен мұра.
EXPO-2017 көрмесі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды әрі ел абыройын асқақтатқан айрықша жетіс­тік­тердің бірі болды. «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен көрме – жалпы EXPO тарихындағы ең сәтті өткен ма­мандандырылған көрмелердің бірі ретінде бағаланды.
2017 жылғы 10 қыркүйекте EXPO-2017-нің жабылу сал­танатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев көрме еліміздің экономикасының одан әрі да­муына ерекше серпін бергенін атап өтті. Саралап қара­саңыз, көрмені өткізудегі түпкі мақсат орындалды, еліміз­дің әлемдік аренадағы имиджі нығая түсті және ұлттық бренд қалыптасты. Көрменің аяқталуы басқа да жаңа жо­балардың басталуына себеп болды. Осылайша EXPO алаңын­дағы көрме нысандары ары қарай қызметін жал­ғастыра берді.
Көрме аяқталған соң Москва-сити (Мәскеу), La Défense (Париж), Canary Wharf (Лондон) және Downtown Core (Сингапур) сияқты әлемнің жетекші іс­керлік орталықтарының үлгісі бойынша нысандарды көр­меден кейін пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп, бекі­тілді. Негізі EXPO аумағындағы ресурстар көрмеден соң ел мен халыққа пайдалы болу мәселесі көрме инф­ра­құрылымын жобалау кезеңінде-ақ қамтылған болатын. Бұл мақсатта кешен аумағында серпінді жобаларды іске асыру үшін жаңа инновациялық экожүйе қалыптастырылды.
EXPO көрмесі арқылы елімізде іскерлік экожүйе қа­лып­тасты. Бүгінде EXPO аумағы «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты инновациялық жобалар шоғырланған елорданың іскерлік орталығына айналды. Бүгінде EXPO ке­шені – ғылым, ақпараттық технология мен экономиканы дамытудың орталығы. NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы және Конгресс орталығы маңызды ғылыми және мә­дени мұра болып, соңғы 4 жыл ішінде ел мен елорда хал­қы үшін ең жарқын және маңызды іс-шаралар өтетін орын­ға айналды.
Бүгінде QazExpoCongress Ұлттық компаниясының стратегиясына сәйкес компания біртіндеп өз шығынын өзі өтейтін болады. Бұған нысандарды коммерцияландыру, көрме іс-шараларын өткізу және пайдалану шығындарын қысқарту арқылы қол жеткізіледі.
Биыл EXPO халықаралық көрме орталығында Automechanika Astana, ULTTYQ ÓNIM, KIOSH-2021, IndustryWeek сынды ірі халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Smart City Expo Nur-Sultan ақылды қалалардың халықаралық IT конгресін өткізу жоспарда бар.
EXPO-2017 Astana көрмесі бір мезеттік, жылт еткен оқиға емес, өміршең жоба екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Ол тарихты, бүгін мен болашақты байланыстыратын орталыққа айналды. Бүгінде EXPO кешені тың идеялар мен инвестицияларды, сондай-ақ еліміздің ақылды адамдарын бір жерге шоғырландыратын, елорда қонақтары мен тұрғындарының көз қуанышына айналған өзіндік өмір ырғағы мен ерекше рухы бар экожүйеге айналды.
EXPO-2017 Astana көрмесінде Қазақстан Дубайға Халықаралық көрмелер бюросының туын табыс еткен болатын. Биыл еліміз 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурызға дейін Дубайда өтетін Дүниежүзілік EXPO көрмесіне қатысуға белсенді дайындалып жатыр. «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру» ұранымен өтетін көрмеге біздің еліміз бай тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ елдің туристік әлеуетін, технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынады.

Esel Nurkebaeva e1623302355240

Әсел НҮРКЕБАЕВА,
Open Travel Advisory компаниясының бас директоры:

Елорда туристерді тартатын ғаламдық қалаға айналды
– EXPO-2017 халықаралық көрмесі – ел тарихында қалатын ірі оқиғалардың бірі. Әлемге елордамыздың қайталанбас сәулет өнерін паш етіп, болашақ­қа бағдар сілтеген іс-шара әлем елдерінің қызығушылығын тудырды. Қатысушы мемлекеттер ортақ тіл табысып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Астана жаңа диалог алаңына айналды.
Халықаралық мамандандырылған көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Kazakh Invest ұлттық компаниясы болды. Өзім туризм саласында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқандықтан бұл бағытта қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын білемін. Компания көрмені ұлттық бренд деңгейіне көтеру жолында АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Монако, Түркия, Қытай сияқты Қазақстанның қазіргі ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастық бағыттарды айқындады. Компанияның өнімді жұмысының нәтижесінде шетелдік баспасөз беттерінде Қазақстан, Астана және көрме туралы мақалалар көптеп жарық көріп жатты. Еліміз жайлы танымдық видеоматериалдар түсіріліп, шетелдік қонақтарға презентациялар таныстырылып, Қазақстанның имиджін қалыптастыруда үлкен жұмыстар атқарылды. Жасалған жұмыстың нәтижесінде тіпті EXPO кезінде Қазақстанға келмеген шетелдіктердің өзі Қазақстан, Астана туралы ақпаратқа қаныға бастады. Қазақстанның қай жерде екенін әлем картасы мен Google-дан іздеушілер саны артты.
Көрме барысында Қазақстанда туроператорлардың қызметіне сұраныс 1,8 есеге арттырды. EXPO нәти­жесінде елорда әлем елдерінен туристерді тартатын зама­науи ғаламдық қала екенін паш етті. Шетелдік туристер халқымыздың дархан көңілі, таза пейілі мен қонақ­жай­лылығына тәнті болды. Еуразия жүрегінде әлем елдерінің мәдениеті мен гуманитарлық байланысы нығайып, бас қала тұрғындары мен қонақтары 30-дан астам елдің мә­дениеті мен өнерін тамашалады.
Қазір өзім Норвегияда тұрып жатырмын. Нор­ве­гия­лықтар «Қай елденсің?» деп сұрағанда «Қазақстан» десеңіз, бірден Astana, EXPO деп таңданып жатады. Шетелде тұратын қазақстандық ретінде туған жерім жайында норвегиялықтардың білгені қуантады.

Back to top button