887
Өзбекстандағы білікті қазақ ғалымдары
Өзбекстандағы білікті қазақ ғалымдары
Елімізде оқу-білімге, ғылымның барлық саласын дамытуға ерекше назар аударылуда. Әсіресе жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесіне сай бағдарламалар енгізу, әлемнің үздік оқу ордаларымен ынтымақтастық орнату заман талабы. Өзбекстан Республикасы мемлекет басшысының қаулысымен өткен жылы Ташкент мемлекеттік транспорт университеті ұйымдастырылды. Ол Ташкент теміржол инженерлері институты және Ташкент автомобиль жолдарын жобалау, құру және эксплуатациясы институты, сондай-ақ Ташкент политехника университетінің «авиакосмос технологиялары» факультеті негізінде ашылды. Университетте дәл қазіргі күнде «Жалпы білім беру», «Темір жол транспорты инженерлігі», «Автомобиль транспорт инженерлігі», «Авиация транспорты инженерлігі», «Транспорт жүйесін басқару», «Экономика», «Құрылыс», «Электртехника және компьютер инженерлігі» сынды сегіз факультетте студенттер білім алуда.
Бүгінгі таңда ынтымағы жарасқан жоғары оқу орны Баспасөз қызметінің басшысы Дилшод Рахматовтың айтуынша, 13249-дан астам студент күндізгі бөлімде білім алып, 1457 профессор оқытушы және жұмысшы еңбек етеді. Өзбекстан көп ұлтты мемлекет болғасын, оқу ордасындағы үлкен ұжым да түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Атап айтар болсақ, мұнда өзбек, қазақ, тәжік, орыс, грузин, татар, тағы басқа ұлттың өкілдері ауызбірлікте еңбек етіп, жастарға сапалы білім беруде. Ұжымда 20-дан астам қазақ ұлтының өкілі түрлі бағыттарда студенттерге білім беріп жатқанын айта кеткен жөн.
Мұндағы мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше назар аударылып, олар шетелдерде, атап айтқанда, Қытайда 26, Белоруссияда 20, Жапонияда 2 және Германияда 1 оқытушы білімін жетілдіріп қайтқан. Университет оқытушыларының жетістіктері өте көп. Өткен 2020 жылы 23 оқытушы PhD докторлық диссертациясын қорғаса, 25 профессор-оқытушы доцент атағына ие болған. Бұл өте жақсы көрсеткіштердің бірі. Мұндай білікті мамандар осы бағытта еліміздің өркендеуіне салмақты үлес қосатын жастарды тәрбиелейтіні сөзсіз. Сонымен қатар өткен жылы жоғары оқу орны қызметкерлерінің жалпы 26 монографиясы баспадан шығып, жоғары бағаланды. Университеттің оқытушылары 3 жаңалық ашып, белсенділік танытуда, сондай-ақ 3 модель үшін патент алса, 44 бағдарламалық қамту үшін куәлік алынған.
Транспорт саласында білім алып жатқан студенттердің бүгінгі заман талабына жауап беретін білікті, дүниетанымы мол, озық ойлы, жаңаша пікір білдіретін ең маңыздысы жаңалыққа жаны құмар маман болуына жағдай жасау, шетелдік үздік университеттермен әдіс алмасу, озат технологияларды үйрету мақсатында аталмыш жоғары оқу орны ынтымақтастық орнатқан. Атап айтар болсақ, олар Германияның Дрезден техникалық университеті, Түркияның Стамбул техникалық университеті, Словакияның Жилина техникалық университеті, Чехияның Жоғары Логистика университеті, INAC — Франция ұлттық авиация университеті, Қазақстан Республикасының Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті және Ресейдің Мәскеу мемлекеттік азаматтық техникалық университеттерінде тағылымдамадан өтуде.
Бүгінгі таңда Ташкент мемлекеттік университетінде еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізген, мақтауға да, мақтануға да лайықты азаматтардың шығармашылық жолымен сіздерді таныстыруды жөн көрдік. Осындай азаматтардың бірі Қуандық Лесов. Ол қазірде университеттің «Теміржол инженерлігі» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, доцент. Ғалымның жетістіктері, үлгі алатын жақтары мол. Бұл деңгейге жету үшін ол көп еңбек етіп, Мәскеу теміржол транспорты инженерлері институтында аспирантураны ойдағыдай аяқтап, осы саланың дамуына салмақты үлес қосып келеді.
Қазірде «Өзбекстан Теміржолдары тармағындағы теміржол құрылысының болашағы зор бағыттарына бірыңғай транспорт жүйесін қалыптастыру мақсатында болжам жасау» және «Жаңа аймақтық темір жолдарда (Өзбекстан-Қырғызстан-Қытай теміржол құрылысы) аванжобалау бойынша зерттеулер жүргізу мен халықаралық транспорт жолақтарын ашу» атты бағыттарда Қуандық Лесов негізгі ғылыми жұмысын жүргізуде. Елімізде жаңа теміржол бағыты құрылысын ұйымдастырудың ірілендірілген тармақты графигін жасау, корректировкалау, теміржол жер полотносын құру жұмысын жобалау сынды бірқатар ауқымды жұмыстар бойынша зерттеулер жүргізіп, еліміздің транспорт саласында қабылданып жатқан нормативтік құжаттардың негізін қалауға да үлес қосып отыр. Ғалымның 90-нан астам ғылыми еңбегі бар. Олардың арасында монографиялары, оқу қолданбалары, нормативтік құжаттар, халықаралық және жергілікті басылымдарда мақалалары жарияланып, сондай-ақ түрлі конференцияларға тұрақты қатысып тұрады. Оның ғылыми жазбаларын ғалымдар да үйреніп, кәделеріне де жаратуда. «Шәкіртсіз ұстаз тұл», — дейді ғой. Қуандық ағаның шәкірттері де көп. Өзінің оқу жаттығуларына ерекше дайындық жасап, студенттерге тиянақты білім беруде. Бүгінге дейін 20-дан астам магистрге жетекшілік етсе, дәл қазір техника ғылымдары бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежедегі диссертацияларға басшылық жасауда. Әріптестері оның еңбектерін жоғары бағалап, жетік маман, өнегелі отбасының басшысы ретінде құрметтейтінін айтты.
Елімізде жастарға барлық қолайлылық жасалған. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, бүгінде жас ғалым атанған жігіттердің жетістігіне қуанасың. Сондай жас ғалымдар Шынполат Сүйінбаев пен Дәурен Илесалиев, екеуі де Ташкент облысы Жоғарышыршық ауданының тумасы. Жас болса да биік белестерді бағындырған азаматтардың жеткен жетістіктері мен шетелде білім алып жинақтаған мол тәжірибелеріне ұжымның бәрі тәнті болуда.
«Транспорт қозғалыстарын ұйымдастыру» кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Шынполат Сүйінбаев жастарға білім беруде ең озық технологияларды кеңінен қолданады. Бұл студенттердің терең білім алуына, олардың одан әрі ізденуіне түрткі болады. Оның оқу үдерісінде жасаған баяндамалары ғылыми дәлелдерге негізделеді, практикалық жаттығуларды және зертханалық жұмыстарды қажетті заттармен жиһаздалған аудиторияларда мультимедиалық білім ресурстарын тиімді пайдалана отырып, электрондық тұсаукесерлерді арнайы дайындап, интерактивтік әдіспен өткізеді.
Оқу ордасының студенттері арасында жүргізілген «Профессор-оқытушылар студенттер көзқарасымен» атты сұрақтарында Шынполаттың адамдық қасиеттері мен біліктілігі жоғары бағаланып, интеллектуалдық дәрежесі 95 пайызды құрады. Бұл шынында да жас ғалымның маман ретінде де, тұлға ретінде де жақсы қасиеттерге ие екенін айқындаса, түрлі байқауларға қатысып жүлделі орындарды иелегені қоғамдық өмірде де белсенді екенін дәлелдейді. Ал оның жазған оқулықтары өз ісінің шебері екенінен дерек береді. Ол жас болса да бірнеше техника ғылымдары бойынша философия докторының диссертациясын дайындауға ғылыми жетекшілік жасады. Сонымен қатар Әлемнің беделді оқу орындарының 1000-дығына енген Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің тірек докторанты Б.Сәрсембековтің шетелдік ғылыми кеңесшісі екен. Шынполаттың болашаққа жасаған жоспарлары да осы саланы дамытуға бағытталған.
Тағы бір жас ғалым Дәурен Илесалиев те бірнеше монографияның, ғылыми мақалалар мен оқулықтардың тең авторы. Ол бүгінгі таңда зерттеп жүрген жұмыстары, дайындап жатқан еңбектері туралы айтты. Оның мұндай жоғары жетістіктерге жетуіне ұстазы Хабибулла Тұрановтың ықпалы зор болғанын мақтанышпен тілге тиек етті. Дәуреннің айтуынша, Х.Туранов оның тек маман ретінде ғана емес, тұлға болып қалыптасуында да үлкен рөл атқарған екен. Ұстазының адамилық қасиеттерімен сусындаған ол, адамгершілікті бәрінен де жоғары қоятыны бірден байқалады. Негізі әлемде жаңалық ашқан ғалымдардың арасында жасы жиырмаға жетпеген ғалымдар да көп. Егер білім беру жүйесін тұрақты дамытып, балаларға мектепке дейінгі жастан жаңалықтар ашуға итермелейтін тапсырмалар мен озат тәжірибелер қолданылса, алдағы уақытта Дәурен сынды жас ғалымдардың қатары бұдан да артатыны сөзсіз.
Қазақтың белгілі ғалымы Қаныш Сәтбаев «Ғалымға азық берер қайнар көз кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады» демекші, Жұмагүл Тұрғынбаева тек кітап және ғылыммен ғана шектелместен, отбасының ұйытқысы болған жан. Ол жұбайы Орынбек Тұрғынбаевпен аталмыш салада ғылыми жұмыс жасап, жастарға көп жылдан бері білім беріп, екеуі де осы университетте еңбек етіп келеді. Ғылым жолын қуу, жастарға білім беру, отбасын тербету, ғалымның жары әрі ана болу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Барлығын бірдей жүргізу үшін бойында шыдамдылық сынды қасиеттің барлығы болуы қажет шығар деп ойлаймыз. Жұмагүл Тұрғынбаевамен сұхбаттаса отырып, шынында да оның жақсы қасиеттерінің көп екенін байқадық. Бүгінгі таңда ол «Көпірлер және тоннельдер» кафедрасының аға оқытушысы, ал жолдасы Орынбек Тұрғынбаев «Ғимараттар және өнеркәсіп кешендерінің құрылысы» кафедрасының доценті, тәжірибесі мол маман. Оның оқытқан студенттері қазірде еліміздің өркендеуі үшін еңбек етіп, ұстазынан алған тәлім-тәрбиесіне ризашылықтарын білдіруде. Ғылыми әдістемелері мен жазған еңбектерін студенттерден тартып, ғалымдарға дейін пайдалануда. О.Тұрғынбаевтың жазған оқулықтары, оқу қолданбалары мен әдістемелік қолданбалары, ғылыми мақалалары жергілікті және шетелдік басылымдарда жарияланды. Бұл оның жетістіктерінің бірі ғана. Мұндай үлкен ұжымда абырой-беделі де осындай еңбектерінің арқасында артты. Бүгінге дейін бірқатар мемлекеттік гранттарға ғылыми маман ретінде өзі басшылық жасап, жауапкершілікті жұмыстарды ойдағыдай атқаруда. Жоғарыда айтып өткендей, бар ауыртпалықты нардай боп көтерген Жұмагүл Тұрғынбаева жолдасының мұндай жетістіктерін бағалайды, сондай-ақ өзіне жасаған мүмкіндіктері үшін де оған риза екенін айтып өтті. Апай да көптеген ғылыми мақалалардың авторы. Ол 2018 жылғы қаңтар айынан «Құрылыс материалдары және бұйымдары» мамандығы бойынша еркін ізденуші ретінде (PhD) қабылданған.
Ж.Тұрғынбаева үнемі ізденіп, студенттерге білім беруде тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Жоғары оқу орнында өткен түрлі шараларда белсенділік танытып, өзі жетекшілік ететін «Құрылыс» факультеті IF-58 тобының студенттерін де жұмылдырып, өзі де іс-шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болады. Осылайша жастарға бір бағытта білім беріп қана қоймай, өмірге де тәрбиелейді. Өнегелі отбасы иелері перзент тәрбиелеп, немере сүйіп отырған жандар.
Университеттің тағы бір ардагері, білікті маман Хұдайберген Алменов. Доцент Х.Алменов те Ташкент Автомобиль жолдарын жобалау, құру және эксплуатациясы институтынан жаңа университеттің ашылуына байланысты жұмысқа өткен. Бұл жанның да еліміздің транспорт саласын өркендетудегі үлесі көп, әсіресе Ташкент жерасты метросының жер сілкінуіне қарсы эксперименттерін өткізу бойынша қатысқаны мақтауға лайықты. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында студенттерге сапалы білім беріп, транспорт саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуге де атсалысқан. Қазірде оқу ордасындағы «Көпір және тоннель» кафедрасында доцент.
Оқу ордасында азды-көпті еңбек етіп, транспорт саласында ғылыми жұмыспен айналысып жүрген азаматтармен сұхбаттаса отырып, бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарғанына көз жеткіздік. Мұнда еңбек ететін ғалымдармен басқа да қызметкерлердің ғылыми еңбектері ауыз толтырып айтуға лайықты. Жоғары оқу орнында Б.Холмырзаев, Ж.Омаров, М.Құдайбергенов, У.Абдураимов сынды оқытушылар және кітапхананың ғылыми бөлімінің меңгерушісі Алтынкүл Қалбергеновалар да еңбек етуде.
Ғылымға көңіл бөлген ел ғалымға да ерекше назар аударады. Соның нәтижесі болар, университеттегі профессор-оқытушылардың көпшілігін жастар құрайды. Солардың ішінде қазақ жастарының болғаны қуанышты. Бұл Өзбекстанда өзге ұлт өкілдері де кез келген салаларда емін-еркін еңбек етіп, биік белестерді бағындыруда ешқандай кедергілердің жоқ екенінің айғағы. Ғылым жолы — ұзақ жол. Кейде ғалымдар жаңалық ашу үшін бар өмірін арнайды. Қиыншылығына шыдаған сабырлылары ғана жетістікке жетеді. Осындай машақатты да қызығы мол қиын жолда ғалымдардың еңбегі әрқашан жанғаны, еліміздің өркендегені деп санаймыз. Еліміздің транспорт саласындағы ғылымның әлеуетін шетелдерге танытуда ғалымдардың, жастардың алар орны ерекше.
Айгүл ТЕШЕБАЕВА, Өзбекстан, «Нұрлы жол» газетінің тілшісі