Тойда тілек айтуға шығып, оқ атқан жігіт кешірім сұрады

Тойда тілек айтуға шығып, оқ атқан жігітке қатысты полиция мәлімдеме жасады.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, елдің зәресін ұшырған азамат дыбысты-жарықты тапанша қолданған.

«Тапаншамен аспанға оқ атқан 26 жастағы азамат анықталды. Ол – Алматы қаласының тұрғыны. Ол тілек айтуға шығып, дыбысты-жарықты тапаншамен жоғары жаққа қарай оқ атқан. Қазір әкімшілік кодекстің 436-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, сараптама тағайындалып, тапанша тәркіленді. Той иесі мен мейрамхана қожайынына қатысты да тексеру жүріп жатыр», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде тойда тілек айтуға шыққан азаматтың бірі кенеттен жоғарыға қарай оқ атып, желі қолданушыларын шошытқан болатын.

«Мен, Издиев Хабиболла, Алматы қаласының тұрғынымын. Тойда тілек айтуға шығып, аспанға төрт рет оқ аттым. Бұл әрекетім үшін көпшіліктен кешірім сұраймын. Бұндай әрекет екінші мәрте қайталанбайды», – деп кешірім сұрады бейнежазба авторы.

Back to top button