Маусым айының екінші жексенбісінде «Малшылар күні» тойланады

Биылдан бастап маусым айының екінші жексенбісінде «Малшылар мерекесі» тойланады. 

2020 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына «Shopan ata» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың бастамасымен ашық хат жолданып, хатқа еліміздің әр түкпірінен жүздеген шаруа адамы қол қойған еді. Нәтижесінде маусым айының екінші жексенбісі «Малшылар күні» деп ресми түрде бекітілді.

«Мал шаруашылығын дамыту ісінде жаңа бір кезеңге қадам бастық. Кейде өрлеу үшін де, өсу үшін де адамға жақсы көңіл күй керек. Малшылар мерекесі бар кетігімізді толтырмаса да, белгілі бір деңгейде ауыл қазағы үшін ерекше күн. Бұл күннің қадір-қасиеті уақыт өткен сайын арта беретініне сенемін» – дейді «Shopan ata» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Жұмабекұлы.

Елімізде алғаш рет тойланғалы отырған Малшылар мерекесінің шаралары биыл пандемияға байланысты онлайн форматта өтеді деп жоспарлануда. Қой қырқудан сайыс қана оффлайн өтеді. Мейрам аясында қалың көпшілікті ынталандыру мақсатында әлеуметтік желілерде «Ең жайлы қора», «Жазда апамның аулында» сынды байқаулар жүріп жатыр.

Малшылар мейрамы маусымның екінші жексенбісі деп бекітілгенмен, биылғы шаралар бір апта көлемінде атап өтілмек. 7-13 маусым аралығында бірнеше ауқымды іс-шара, атап айтсақ: шаруа қауымды, үздік шопандарды марапаттау, шетелдік және Отандық мамандардың ғылыми-тәжірибелік семинарлары, мал шаруашылығы саласы туралы халықты ақпараттандырып жүрген БАҚ өкілдерін марапаттау, онлайн-концерт сынды шаралар бар.

Back to top button