793
Шығыс Қазақстан облысында қайырымды жандардың демеуімен көп балалы ана баспаналы болды
Шығыс Қазақстан облысында қайырымды жандардың демеуімен көп балалы ана баспаналы болды
Ұлан ауданында көп балалы аналарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет тарапынан да жан-жақты жағдайлар жасалуда. «Харекет» қайырымдылық қорының «1000 теңгеге баспана» акциясы аясында ШҚО Ұлан ауданы Алмасай ауылындағы көп балалы ана Эльмира Оқапбаеваға аудан әкімі Ренат Тілеуханұлы төрт бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады.
Шара барысында аудан әкімі Ренат Тілеуханұлы осындай қайырымдылық жасап, мұқтаж отбасыларға баспана сыйлап, сауапты істер атқарып жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Шынар Рахымқожақызына Алғыс хатын табыс етті.
Шарапатты істердің жаршысы болып жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша 38-ші баспанаcы 5 баланың анасы Эльмира Оқапбаеваның отбасына бұйырды.
- 20 жылдан бері жеке баспанамыз болмай тағдырдың тауқыметіне мойымай келдім. «Баспана басты-мұрат» демекші көп жылдан бері арман болған 4 бөлмелі пәтерге ие болып, қуанышымызда шек жоқ. Алмасай ауылдық округі әкімдігі мен мектеп ұжымы да әрдайым қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасап тұрады. Осындай жүрегі жомарт, қайырымды жандардың арқасында көптеген қиындықтарды жеңе білдім,- деді көп балалы ана Эльмира.
«Көп түкірсе көл болады» деген. Әр азамат садақа ретінде 1000 теңге салса, сол бір баспананың кірпіші деп есептесін. Аталмыш акцияға қатысып, баспанаға мұқтаж жандарға көмек беруге асығайық.
Эльмира АХМЕТОВА, Ұлан ауданы.