247
Үміт – жастарда
Үміт – жастарда
Қазіргі жаһандану дәуірі адамзат құндылықтары мен талғам-түсінікке қатты ықпалдасу әсерін тигізіп жатқан кезде жастар тәрбиесіне ерекше назар аударып, заманның даму үрдісінде көштен қалып қоймай, өзінің туған елінің абыройын асыратын ұрпақтардың жолын ашу өте маңызды.
Бүгінгі жас ұрпақты, ең басты құндылығымыз – ел Тәуелсіздігі жылдары дүниеге келген жастар толқынының өзі әлденеше ұрпаққа қарағанда әлдеқайда білімді, белгілі бір кәсіп иесі, білікті маман, бірнеше тіл біледі. Соған қарамастан олардың өзіндегі барды бағалай білуі, ненің киелі, ненің қасиетті екеніне тереңдеп ден қоюына талапшыл тәрбие ұстанымы қажеттігі байқалады.
Егемендіктің елең-алаңында жас мемлекеттің келешегі мен жарқын болашағын ойлаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасымен алғыр жастарымызды әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарына жіберіп, оқытып, тәрбиелеуі мемлекеттің мерейін өсіруде айрықша тарихи бастамашыл қадам болды. Бұл сол баянды бағдарламаның арқасында заманның озық білімімен сусындап, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып, сеніммен еңбек етіп, қызметте жүрген жастардың ел басқару ісінде абыройлы, елдің арқатұтар азаматтары қатарында екенін мақтанышпен айтуға болады.
Қазір әлемде интеллектуалдық және рухани әлеуеті жоғары азаматтар кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының кепілі.
Біздің елдің әртүрлі саласында жастардың өздеріне өз тұстастары мен қатарластарын үлгі ету дәстүріне құрметпен қараған жөн. Рухани жаңғыру мәселесінде «100 жаңа есім» аталымы бойынша таңдау жолы жергілікті жерде, өңірлерде жаңа мазмұндық сипатқа ие болды. Қалың орман халқымыздың әрдайым зор қолдауы мен сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясының жастардың от жалынын қоғам мен мемлекеттің мәртебелі қызметіне көптеп тартуы және қала мен ауылдарда қабілетті жас ұл-қыздарымыздың шыңдалып, өсіп, мықты да өрелі азаматтар болып қалыптасуына ерекше қамқорлықпен, жүйелі жұмыстарымен алға шығаруы адалын айтсақ, жаңашылдық пен ел қамын ойлаудың жарқын қадамы болды. Бұл көңіл өсіріп, нәтижесінде қоғамдық оң пікірдің арқауы болған Парламент Мәжілісінің сайлауында анық байқалды. Жергілікті мәслихат депутаттары арасында да 20 пайыз жастардың болуы жұрт жақтаған, қоғам сүйсінетін қайраткерлер деңгейіне көтерілудің жаңа тиімді мүмкіндіктері деп білеміз.
Саясат соқпағының мәдениет соқпағына ұласқан сәттері де жастар өмірін байыта түспек. Біз жалпы жастар тәрбиесін айтқанда, қоғамда, тұрмыста болып жатқан оқиғалар мен әртүрлі көріністердің болу себептері мен сабақтарын да уағында екшеп, саралап айтып отырғанымыз жөн. Жастардың жас шамасына қарай табиғи өзгерістерінен туындайтын мәселе аз болмайды. Жер дүниеде қазіргі кездегі жанталас ақша үшін жүріп жатыр. Материалдық игіліктің алға шыққаны пендешілік пайым емес, қажеттілік, жақсы өмір сүрудің жолы тек осы деп біржақты ұғынуға тоқтау салу да қиын шығар. Алайда жас өскінге сол байи алатын мақсатына адал еңбек, терең білім, көкжиегі кең ізденістер жеткізетінін талмай айтып, ұғындыру жұмысын бәрінен де жоғары мәдениетпен атқаруға тиіспіз. Қоғамның иесі өндірістің тұтқасын ұстайтын, өз қаражатымен жұмыс орындарын ашатын, қоғам игілігін ақылымен мол жасайтын, ұлттық мүддені жоғары қоятын, мемлекетшіл ұстанымы берік, дені сау, экономикамыздың қуатын арттыра алатын, әлеуметтік-мәдени мәселесін шеше білетін қазақстандық азаматтар бола береді.
Ұрпақ тәрбиесінде мемлекеттің жауапкершілігі қандай болса, отбасының жауапкершілігі де сондай болуы қажет. Әр отбасы мемлекетіне көмектесуі – ең қадірлі міндет.
Қазақ балаға бесікте жатқаннан-ақ құлағына жақсы сөздерді құйып, бәрін ақ тілеумен өткізіп отырған ғой. Жаһандану сіз бен біздің қарсылығымызға қарамай басталып, ықпалдасқан дүниесімен таңырқатып жатыр. Бірдеңе үйренуге болар, ақылдыларымыздың өздеріне тобыр мәдениетінің жан алқымнан алмаса да, жатпай-тұрмай жат құбыластарды үсті-үстіне тықпалап, талғам атаулыға өзгерістер енгізуін қайдағы бір еркіндік, жеке бастың еркешора шаруасындай көргісі келеді. Бұл алабажақ, арзан жылтыраққа ойланбай еліктеудің салқыны да, зардабы да жайсыз сезілуде. Өнер мәйегі өмірдің жасампаздық жолымен өркендесе, адамгершілік қасиеттеріміз өркен жаяды. Таза, табиғи дүние ғана мөлдір күйінде адамға қызмет етеді.
Бәрі де отбасынан басталады. Жас ұрпақ ненің киелі, иә, ненің қасиетті екенін білуі тиіс. Бұл ұлттық салт-дәстүрімізді берік иммунитет ретінде қарастырып, ұлттық болмысымызды биік те тұғырлы қалпында көрсетуіміз үшін аса қажетті іс. Ең қарапайым тәрбие дағдысы – қоғамдық орындарда тазалық сақтап, мәдениетті болуға үйрету де өміршең.
Биыл елімізде 150 мыңға жуық түлек орта мектептен үлкен өмірге қадам басады. Олар ертең-қоғамның бір-бір тұлғасы болады. Қайратты жастар әлеуетіне деген сенім алға бастайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа Жолдауында атап өткеніндей, біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгерту керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.
Байтақ елімізде, іргелі мемлекетімізде адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан ұлан-ғайыр тірліктердің барлығы да жас ұрпақтың келешегін діттейді. Бұл – өркениетті қоғамның зор бақыты.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі