Украинадағы қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті

Украинадағы қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті

Украинадағы қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті
ашық дереккөзі
398
Киев қаласында Украинадағы қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген Құрылтайды Украинадағы Қазақстан Елшілігі сол жақта тұратын қазақ диаспорасымен бірлесіп ұйымдастырды. Басқосу мақсаты – Украинада өмір сүріп жатқан қандастарымыздың өзара байланысын нығайтып, олардың жадында ұлттық дәстүр-салтымызды жаңғыртуға, мәдениетін, ана тілін ұмытпауға жағдай жасау, оларды жан-жақты қолдау. Құрылтайға Украинаның түкпір-түкпірінен келген қандастар, сондай-ақ, осы елдің мемлекеттік органдарының, қоғамдық және іскерлік топтары, БАҚ өкілдері қонақ ретінде шақырылды. Басқосу кезінде Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев аталған елде қоныстанған қазақтардың қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. Қауымдастықтың аймақтық филиалдарын, ақсақалдар кеңесі студенттік құрылымын айқындады. Құрылтайға қатысушылар бұл бастаманы бірауыздан қолдап, Киев қаласындағы «Достық» Қазақ мәдени қоғамының басшысы Данияр Егембердиевті жаңадан құрылып жатқан қауымдастықтың басшысы етіп сайлады.  width= «Қазақстан шетелдегі қазақ диаспораларымен байланысын үзбейді және оларды әрдайым қолдайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Отандастар» қоры құрылды. Қор Украинадағы қазақ диаспорасымен тікелей жұмыс істейді, ересектер мен балаларға арналған қазақ тілін оқытудың онлайн курсын ұйымдастырады, мәдени, іскерлік және басқа да байланыстарды нығайтып, дамытады», – деп атап өтті Д.Кәлетаев. Сонымен қатар, елші былтыр қарашада Киевтегі «Достық» қазақ қауымдастығы мен «Отандастар» қорының ұйытқы болуымен Абай мәдени-іскерлік орталығы ресми түрде ашылғаны туралы айтты. Аталған орталық екі ел арасында мәдени-рухани, іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға дәнекер болмақ.  width= Құрылтайда Украинаның этносаясат және ар-ождан бостандығы жөніндегі мемлекеттік қызметінің төрағасы Елена Богдан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты Сергей Нагорняк және Украинадағы қазақ диаспорасының басшылары мен өкілдері сөз алды. Олар құрылтайдың маңызы мен мәніне ерекше тоқталды, Қазақстан мен Украинаның достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететіні де баса айтылды. Украина халық депутаты С.Нагорняк өз сөзінде қазақ халқының қонақжай екенін атап өтті. «Қазақстанға келген сайын өз үйімде жүргендей сезім кешемін», – деді депутат. Құрылтайдың соңында қатысушылар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қазақстандықтарға және әлемдегі барлық отандастарға арналған үндеуді қабылдады, сол арқылы олар елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық реформаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ олар тарихи Отанымен мәңгілік ажырамас бірлікте екенін, ұлтты біртұтас ететін рухани байланыс барын да ерекше атап өтті. Құрылтай кезінде қазақ-украин шығармашылық ұжымдарының концерті өтті. Украинаның еңбегі сіңген әртісі, отандасымыз Инеш Кдырова «Атамекен» әнін орындады. Ал Димаш Құдайбергеннің осы елдегі фан-клубы «Дайдидау» әнін украин тілінде шырқады. Сонымен қатар, «Туған елім – Қазақстан» деген тақырыпта балалар сурет көрмесі ұйымдастырылды. Елшілік Air Astana ұлттық әуекомпаниясының Украинадағы өкілдігімен бірлесіп, құрылтайға қатысушылар арасында Киевтен Қазақстанның кез келген қаласына жеткізетін екі әуе билетінің, сондай-ақ басқа да бағалы сыйлықтары бар ұтыс ойынын өткізді.

Серіктес жаңалықтары