Тараздың тарихи тартуы

Тараздың тарихи тартуы

Тараздың тарихи тартуы
ашық дереккөзі
Ел болып еңсемізді тіктеп, етегімізді жинағалы біраз болды. Егер тарих таразысына салып қарайтын болсақ, қазақтың басынан небір күндер өтті. Кейде тарихын тасқа қашап жазған елміз деп мақтанатынымыз бар. Бірақ жаспен жазылған тұстары да аз емес. Осы ретте қиын күндерімізді қиыстыра суреттейтін ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романын айтпай кетуге болмас. Қабырғалы қаламгердің қаламынан туған айтулы шығарманың сахналық нұсқасын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын-драматург Нұрлан Оразалин жасағаны белгілі. Бұл туынды бұрын Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театрда қойылған еді.  Қойнауы тарихқа толы қойылымды өткен аптада елорда жұртшылығына Жамбыл облысының мәдени күндері аясында Жамбыл облыстық қазақ драма театры ұсынды. Қилы кезеңдерді алға тартқан тарихи трагедия көрерменнің ілтипатына бөленумен бірге, кей тұста көзіне жас үйіріп, көңілін толқытпай қоймады.   «Қилы заман» –  халқымыздың қасіретін, азаттыққа ұмтылған Алаш дейтін айбынды жұрттың сонау өткен ғасырдың 1916 жылы болған, бүкіл ұлы даламыздың жартысын алып кеткен көтерілістің бір үлкен ошағы жөнінде жазылған қасіретті шығарма екенін білесіздер. Мұхтар Омарханұлы Әуезов бұл шығарманы жазған кезде отызға жетер-жетпес жастағы қазақтың жоғын жоқтаған, болашақ ұлы классигі еді. Сол кездің өзінде қаламынан қаншама шығармалар туып, оның бәрі елдің игілігіне жарай бастаған кезі. Алаштың алыптары мен арыстары 1928 жылы көбі өзінің ұлы мақсатына жететін жолының тарылғанын білді. Осы роман жазылғаннан кейін екі жылдан соң, Әуезов түрмеге қамалды. Түрмеге қамалған кезде ағалары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов Әлихан Бөкейхановтар бастап бәрі ұлттың ертеңін сақтап қалу үшін ұмтылды. Сонда Ахаңдардың айтқан сөзі: «Мұхтаржан, айналайын, саған көп дүниеңнен бас тартуға тура келеді. Сенің өмірің – ол болашақ. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің болашағы» деген бағытта ақыл айтқан. Екі жыл түрмеде жатқан Әуезов Орталық комитетке өз атынан ашық хат жазып, «Хан Кенесінен», «Қаралы сұлудан», содан кейін осы «Қилы заман» романынан ресми түрде бас тартқан. Егерде Әуезов сол шығармалардан бас тартпаса, түрменің түбінде не сүйегі шіриді, не атылатын еді. Онда қазақтың әдебиеті мен бүгінгі көркем сөздерінің құдіретіне айналған ұлы Абай хақындағы «Абай жолы» роман-эпопеясы жазылмай қалуы мүмкін еді. Алланың берген сыйы болар, Ұлы қаламгер ұлы шығарманы бізге мұра етіп қалдырды. Ал «бастартқан» шығармаларын Мұхаң ерте ме, кеш пе қазақ елі іздейтініне, ақтап алатындығына сенімді болған. Иә, Мұхаң түрмеден шыққанымен, «Қилы заман» 40 жыл түрмеде «қамалды». «Қилы заманды» 1972 жылы Мұхаңның шәкірті Шыңғыс Айтматов, «Бұл әлемдік шедевр, баяндау үлгісі бөлек, табиғаты тамаша шығарма» деп араша түсіп, жоғары баға беріп, ұстаз алдындағы шәкірттік борышына адалдық танытты. Соның арқасында шығарма өмірге қайта келді», – деді ақын-драматург Нұрлан Оразалин. Бүгінде Тәуелсіздігімізді алып, тарихымызды танып, бағыт-бағдарымызды айқындаған елге айналдық. Бодандықтың бұғауынан босап, бостандықтың бозала таңын қарсы алып, босағасынан аттағанымызға біраз болды. Арыстарымыз ақталып, шырмауда жатқан шығармаларын шыңға шығардық. Тарихи туындыны тамашалау барысында әрбір көрерменнің көкейінде «шүкір» деген сөздің болғаны шүбәсіз. Болашақ ұрпағымыз бодан болмасын деп басын бәйгеге тіккен бабаларымыздың ерен ерлігі, қайтпас қайсарлығы суреттелген қойылымнан кез келген көрерменнің көңіл қоржыны толығып қайтқаны сөзсіз. Қойылымнан кейін бірде қасіретті тірлікке тітіркеніп, бірде айбынды кейіпкерлердің істеріне айыздары қанып тамашалаған көрермендермен тілдескен едік. «Қилы заман» қойылымы – еліміздің тауқыметке толы тарихын бейнелеген шерлі шығарма. Бодандық бұғауынан босамаған елдің азаттық таңына асыққан әрекеті «Қилы заманда» әр қырынан көрініс тапқан. Бойдағы отаншылдық сезімді күшейтіп, тәуелсіз әрі бейбіт күннің қадірін сезіндірген бұл қойылымнан әдемі әсермен шықтық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына  құнды тарихи шығарманы  тарту еткен 80 жылдық тарихы бар Жамбыл театрының ұжымына шығармашылық табыс тілеймін», – деді №78 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Әбдірахманқызы. Ұзақ, Жәмеңке бейнелері елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті ғана айқындап қоймайды, батырлықтың, батылдықтың үлгісі қандай дегенді қапысыз алдыңа тартады. Қасиетті қазақ жұртының тұлпар тектес ұлдарының  қаһармандық ісі бүгінгі елдіктің алтын арқауы болғанын дәлелдейді. Тарихи повестегі оқиғалар сахна төріне шыққанда жанды бейнеге ауысып, сөз құдыреті мен қимыл-қарекет ұштасып, драма шарықтау шегіне жеткенде басты кейіпкерлер мен олардың айналасындағы айбынды халық жұмған жұдырықтай бірігіп кетеді. Бұл елдің елдігін, береке-бірлігін көрсетеді.  

Рауан ҚАЙДАР, журналист