Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылады

Пандемия осымен екінші жыл қатарынан мектептердегі соңғы қоңырау рәсіміне өзгеріс енгізіп отыр. 2020-2021 оқу жылында 3 млн 400 мың бала мектепте білім алды. Оның ішінде қорытынды аттестаттауға баратын 264 800-ден астам 9 сынып түлегі, 154 400-ден астам 11 сынып түлегі бар.

Білім және ғылым министрлігі биылғы соңғы қоңырау шараларын үш түрлі форматта өткізуге рұқсат беріп отыр.

Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Майра Мелдебекованың айтуынша, дәстүрлі форматтағы соңғы қоңырау негізінен 9 және 11 сынып түлектері үшін ұйымдастырылмақ. Бірақ өзге сыныптарға жаппай шектеу қойылып отырған жоқ.

«Ертең – еліміздегі мектептердің бәрі үшін соңғы қоңырау күні. Оны өткізу форматы бойынша Білім және ғылым министрлігінің тарапынан методикалық нұсқаулық жіберілді. Нақтырақ айтсақ, бірнеше формат ұсынылды. Біріншіден, аттестат алатын сыныптар үшін мектептегі соңғы қоңырау екенін ескере отырып, 9-11 сыныптарға дәстүрлі форматта өткізуді ұсындық. Екінші формат бойынша әр сынып жеке өткізе алады. Жеке оқушыларды шақырып та, сынып сағаты ретінде де өткізуге болады. Үшіншіден, өздері үйренген онлайн формат бойынша өткізе алады», – дейді Майра Мелдебаева.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты түлектерге аттестат тапсыру салтанаты әр мектептің ауласында өтуі тиіс. Яғни, бұрынғыдай орталық алаңдарда салтанатты шаралар ұйымдастыруға тыйым салынып отыр.

Білім және ғылым министрлігі аттестат тапсыру салтанатының соңын думанды кешке ұластыруға да жол берілмейтінін ескертті.

«Біріншіден, бұл істі жергілікті атқарушы органдар қадағалауы керек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан методикалық нұсқау берілді. Салтанатты шара тек мектептің ауласында болады. Яғни, аттестат тапсыру рәсімі кесте бойынша өтеді. Одан әрі қарай жалғастырып, кеш ұйымдастыруға мүлдем тыйым салынған. Мұғалімдер оқушылар аттестат алғанша байланыста болады. Әрбір оқушы, әрбір ата-ана, әрбір мұғалім қауіпсіздік үшін тыйым салынып отырғанын түсінуі керек. Сантитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты түсіністікпен қарағаны жөн», – дейді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова.

 

Back to top button