Жоғарыда адамзат мойындаған «құндылықтар» мен қанпезер отарлаудың зардабынан «адам», «ұлт» деген атынан айырыла жаздаған қазақ тағдырын салыстырайық. Міне, Қ.Кемеңгерұлы елшіл замандастарының шығармашылығы – Құдайдың өзі сыйлаған елдің қарапайым құқын қалпына келтіруге бағытталған-ды.
Құндылықты қалпына келтірудің яки күрделі заманда жұрт қатарына қосылудың жолы бар ма екен? Әрине, бар. Мұны «Отаршылдық ұсқындары» әңгімесінде Қошке былайша түйіндейді: «Тұрмыстан ел қазағының соққы көретіні – надандығы, оқымағандығы. Оқыған мен таяқ жемеймін, «арда» ешкім келемеж қылмайды. Ел қазағы оқымай бұл құлдықтан құтыла алмайды».
«Рухани құндылық» деген ұғымның байыбына барсақ, әдетте оны «материалдық құндылықтан» тыс мәдени құндылықтардың жиынтығы есебінде қараймыз. Ғылым жүзінде оған «діни, этикалық, эстетикалық құндылықтар» деп баға береміз.
Қ.Кемеңгерұлы ата діннен айнымаған, діни салт-дәстүрді қадір тұтқан қажының перзенті ретінде «1912 жылы қазақ даласын шимайлап өтетін 20 тарау жолға (темір
жол – Д.Қ.) пылан жасалған еді» деп отаршылдықтың саяси-экономикалық негізіне талдау жасай білген оқымысты ретінде құндылықтар құлдырауының себеп-салдарын айқындай алды.
Қаламгер ХІХ-ХХ ғасырдағы діни қызметтің ұлт дамуына қолғабыс ете алмай жатқаны осы саладағы жетекші адамдардың шешімсіздігінен, пендешілігінен және оларды алдап матаған патша өкіметінің қулығынан деп біледі. «Хүкіметтің қазақ билеушілеріне «жалпақ шешей» болып алғашқы кездерде мешіт салып, құрметтеуіне үлкен себептің бірі – Орта Азия мұсылмандарының дін атымен саясат жүргізіп, қазаққа әсер беруінен қорыққандығы» деп жазған Қошке орыс миссионерлігінің болмыс-бітіміне де тоқталады. Қайраткер бүй дейді: «1912 жылы Святейший Синодтың мынадай пікірі болды: «Бір қазаққа екі орыс көрші болса, қазақ кедейленеді. Содан барып қазақты орыс қылу оңай» («Қазақ тарихынан» кітабынан).
Этикалық құндылықтарға келсек, еріксіз жүзеге асқан орыс-қазақ қарым-қатынасы елге не үйреткені де Қошке мұрасында зерделенген. «Қалың қазақтың алдымен көргені – ел арасына шыққан, үкіметтің қол тоқпағы болған казак-орыс отрядтары, адамшылықтан азған, пара алуды, қорыққызуды өзіне парыз деп білген төрелер, алдау жолына арын сатқан саудегерлер, қарауылға қойылған казак-орыс қалалары. Ресей хүкіметі қазақ білім-өнерге пісіп, қатарлы ел болсын деген жоқ», деп жазады қаламгер. Осындай дәлелді алға тарта отырып, Қошке мынандай қорытынды жасайды: «Хүкімет көздері ақ жолдан адасқан соң, шын жолмен жүріп талай жапа шегіп, запыс болғандықтан, қазақтың көпшілігі өтіріктің ордасы болып алды. Жаратылысқа шаруасы жақын тұрған халықтың жас бала сияқты көрсеқызар, қорқақ, бір алдағаннан қайтып аяқ баспайтын, бір сенімі қайта сенбейтін мінезі болады. Қазақ та солай болып алды».
20-жылдары Қ.Кемеңгерұлына кеңсе қызметкерлерін (шенеунік) қалыптастырып дамыту туралы біраз сұрақ қойылған. Соның бірі мінезге байланысты. Қаламгер соған былай жауап беріпті: «Жақсылық та, жамандық та қолынан келетін өжет, байдан қаймықпайтын епті жігіттер екі түрлі болады: 1) үлгі-өнеге көрсе, тұрмыс шарты түзелсе, жамандығы қалып, іскер адам болып кететіні бар; 2) туысында жамандыққа бейімділігі бар адам үлгі көрумен, тәрбиемен түзелмейді» («Кеңсе қызметкерлері туралы» сұхбатынан). Жауаптан кеңестік кезеңнің табы да, сонымен бірге алда келе жатқан қанқұйлы 30-жылдардың елесі де сезіледі. Мұны өзі «Алтын сақина» пьесасында: «Алланың сайтанынан адамның сайтаны күшті» деп те жазған-ды.
Әрине, бесаспап қаламгер Қ.Кемеңгерұлы мұрасында рухани және этикалық құндылықтарға байланысты ой-пайымдар аз емес. Соның бірі – «сырт көз» сыншының субъективті-объективті көзқарасына байланысты ой.
Қошке ешқашан қазақ ауданында қалған емес. Ол белгілі бір мысалды дәлелдегенде орыс және әлем тұлғаларын дәйек етіп отырады. Мәселен, аты дардай «Орыс мәдениетінің тарихы» (өз атауы «Очерки по истории русской культуры [в 3 частях]») атты еңбек жазған Кадет партиясының көшбасшысы, Мемлекеттік дума депутаты, Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі П.Милюковтың «түрік балалары еуропалықтарды мазақтайды» деген пікіріне Ресейдегі осындай жағдайды (орыс жігіттері мен балаларының өзге ұлттар туралы анайы қылықтары) көрмейтінін қарсы қояды. Сондай-ақ Герман жұртының әйгілі қаламгері Генрих фон Клейстің «Михаэль Кольхасс» повесінен мынандай сілтеме алады: «Егер маған тағдырда аяқпен тебілуге жазылса, онда менің адам болып жүргенімнен ит болғаным артық».
Жаратылысынан гуманист Қ.Кемеңгерұлы адами және рухани құндылықтардың құлдырауы – еліне, ұлтына, нәсіліне қарамай астамшылықтан, надандықтан, мәдениетсіздіктен, қарапайым ғана кісілік парықты тең ұстанбаудан деп біледі.
Арада ғасырға жуық уақыт өтті. Әлем сапа емес, сан жағынан ғана өзгергендей. Сондықтан Қошкенің рухани құндылықтар туралы айтқан пайымдары әлі көкейкесті.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі