913
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Ұлттық рухты оятқан университет
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Ұлттық рухты оятқан университет
Ұлы даланың азаттығы жолында небір қилы кезеңдер, қым-қуыт тағдырлар өтті. Сұрапыл шайқас пен жойқын күш, мылтықсыз майданды бастан өткердік. Тәуелсіздік – ойда жоқта келе салған олжа емес, ол ата-бабамыздың төгілген қаны, жанкешті ерлігі. Сол арманға қол жеткізгелі де 30 жыл өте шығыпты. Тәуелсіздік алу, оны сақтау қиынның қиыны. Сол қиын сәттерде жауапты қызметте болдық. Тұңғыш Президент сенім артқан соң, бірнеше жауапты міндетті атқардық.
Өткен күндер еске түскенде, ел тәуелсіздігін баянды етуде аянбай еңбек еткеніме, болашақ үшін тер төккеніме шүкір деймін. Ешнәрсе оңай болған жоқ. Ел енді етек-жеңін жиып, мемлекет азаттығын алған тұста Қуаныш Сұлтанов, Әбіш Кекілбайұлы, Сауытбек Абдрахманов, Төлен Әбдікпен тізе қосып, қатар қызмет еттік. Бізді біріктірген тәуелсіздік еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Премьер-Министрдің орынбасары, Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші қызметін атқардым. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет үшін халықаралық байланыс, қауіпсіздік мәселелері өте маңызды еді.
1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып, дипломат мамандарды енді өзіміз даярлауымыз керек деді. Осы жылдың қараша айында Сыртқы істер министрлігі жанынан Дипломатия академиясын құра бастадық. Сол жылдары Сыртқы министрінің орынбасары әрі академия ректоры болып қызмет еттім. Академияның ұйымдастыру жұмыстарына сол кездегі Сыртқы істер министрі, бүгінгі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп көмегі тиді.
Мемлекеттік қызметте жүрсем де, білім беру мен ұрпақ тәрбиесінен қол үзгенім жоқ. Тәуелсіз елдің іргесін қалап, керегесін бекітуде есте қалар естеліктер өте көп. Солардың ең маңыздысы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі жылдарым.
Университет басшылығына келуіме басты себеп 1998 жылы астананы Арқаға көшіре бастаған тұста Елбасының ұсынысы болатын. Тегеранның ыстығынан кейін ызғарлы желге қарсы тұруға алғашында денсаулық жарамайды деген сылтау айттым. Шынын айтқанда, Алатау баурайындағы тамылжыған табиғатты қимадым. Қысқасы, көңіл соқпады.
Әлі есімде, 2000 жылы мамыр айында Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлы телефон шалды. Маған арасында «шал» деп әңгіме айтатын әдетіне басып:
– Шал, сені сағындық қой. Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойын өткіземіз, келсеңші, – деді.
Көп ойланбастан Астанаға жолға шықтым. Ертерек келген соң, Президентке сәлем беру мақсатында іс басқармасының жігіттеріне хабарластым. Темірхан деген жігіт іс басқармасының басшысы қызметінде болатын. Президентті біраз күттім, бірақ ол кісінің қолы босамады. «Нұрекеңе сәлем айт» деп, Темірханмен қоштасып шығып кеттім. Ол кезде ауқымды шаралардың көпшілігі Өнер академиясының залында өтетін. Салтанатты жиынның басталуына шамалы уақыт қалған. Академия залына кіре бергенімде Темірхан хабарласып, тездетіп келуімді өтінді. Тіпті маған арнайы көлік те жібергенін айтты. Дереу дайын көлікпен бардым.
Нұрсұлтан Әбішұлы күтіп отыр екен. Біраз әңгімелестік. Өзі туралы түсірген деректі фильмді көрдік. Сәлден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Саған бұрын да ұсыныс айттым, келіспедің. Ренжідім. Ренжісем де тағы қолқа салайын деп отырмын. Еуразия университетінің ректоры – жап-жақсы жігіт, барынша тырысып жүр. Дегенмен өзің келіп кіріспесең болатын емес, басшы қызметте болдың, көпшілікке сөзің өтеді, саған тағы да қолқа салып отырмын, – деді.
Сөйтіп үш ұйықтасам, түсіме кірмеген Еуразия университетінің ректоры болып шыға келдім. Бұл мен үшін күтпеген оқиға еді.
Ол кезде Білім және ғылым министрі болған Қырымбек Көшербаев келіп, мені университет ұжымына таныстырды. Сөйтіп, 2000 жылдың 18 мамырында университет ректоры қызметіне ресми түрде кірістім.
Білім ордасының ұлттық университет статусын алуына, материалдық-техникалық базасының нығаюына, білікті мамандарды шақыртып, үздік шәкірттерді жинауға бел шешіп кірістім. Еңбегім зая кетпеді, аз ғана уақыттың ішінде университет көптің аузында жүретін, шетелдік қонақтар арнайы тоқтап, кездесу өткізетін ордаға айналды.
Білім саласында білікті мамандарсыз оның сапасын көтеру – бос әурешілік. Сонымен қатар ұйымдастырушылық және басқару жұмыстарын жүйелеу, кадрлар әлеуетін көтеру – ең басты міндеттердің бірі. Танымал ғалымдарды іздеп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен шақырдым. Ең алдымен шақырған ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шештік.
Мыңжылдықтың 7 есебін шешкен қазақ ғалымы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевты арнайы іздеп барып, жұмысқа шақырдым. Мықты математик келісімін берді. Осылайша жан-жақтан білікті мамандарды жинай бастадық.
Келесі бір міндет – университеттің халықаралық байланысын дамыту. Бірден М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен келісімшарт жасауға кірістік. Екіжақты келісімдер барысында университет ректоры Виктор Садовничий арнайы сапармен Астанаға келді. Оқу ғимаратында Мұхтарбай Өтелбаевты көріп, қатты қуанды. «Мухтарбай – ты гений!» деп В.Садовничий мәз болғанда, іштей кадр таңдауда қателеспегеніме қуандым.
Университеттің қарбалас тірлігінде Мұхтарбай Өтелбаевқа тапсырма бергенімде, көбінесе кешігіп жүретін. Сөйтсем түнімен есеп шығарып, таңертең ұйықтап қалатын көрінеді. Оны кейін білдім.
Жоғары оқу орнының негізі – білімді студенттер. Бұл міндетті де профессор-оқытушыларды Қазақстанның түкпір-түкпіріне жұмсап, кіл мықтыларды жинаңдар деп тапсырма бердім. Кәсіби бағдар беру жұмыстарымен өзім де айналыстым. Соның нәтижесінде сол кездегі Қазақстандағы «Алтын белгі» иегерінің 4/1 біздің университетті таңдады. Көңіл көтерілді, маңдай тер, төккен тер нәтижесін берді.
Білікті маман мен білімді шәкіртке заманауи материалдық-техникалық база керек. Университеттің басқару құрылымын жаңарту, жауапты қызметтерге жалындаған жастарды тарту табысқа жетелейді. Сондай жастардың қатарында Махметқали Сарыбеков, Амантай Шәріпті айтар едім. Амантай әлі күнге менің жанымда.
Университет ректоры болған жылдары ерекше есте қалған бірнеше оқиға, мен үшін өте маңызды. Біріншісі – бас оқу ғимаратының ашылу салтанаты. Бұл шараға Түркиядан бір ұшақ болып қонақтар келді. Түркі жұртының татулығын паш еткен осы кездесу екі елдің арасындағы достықты одан әрі нығайта түскендей болды.
2000 жылғы 12 тамызда университеттің бас оқу ғимаратының ашылу салтанатты шарасын өткіздік. Шараға Президент
Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет мүшелері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, ЖОО басшылары, зиялылар қауымы, Түркия мемлекетінің Парламент депутаттары қатысты.
Естен кетпейтін оқиғаның бірі – Күлтегін ескерткішінің ашылуы. 2001 жылғы 18 мамырда Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары И.Тасмағамбетовтің ұйымдастыруымен Күлтегін ескерткішінің Жапонияда жасалған көшірмесін әкелдік. Бұл – қазақ үшін тарихи сәт. Түрік қағанатын құрған қазақтардың рухы қайта оянып, қайта тірілгендей түледік, қуандық.
Үшінші – Ресей президенті Владимир Путиннің тұңғыш ресми сапары да есімде. 2000 жылы 10 қазанда Президент болғалы тұңғыш ресми сапарын Қазақстаннан бастаған еді. Осы сапарда екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамытуға септігін тигізетін тағылымды кездесу ұйымдастырдық. Ол кезде шетелден келген қонақтар Президент қабылдауынан кейін міндетті түрде университетке соғатын. В.Путиннің студенттермен ресми кездесуінде Л.Гумилевтің жары Наталья Викторовнаның хатын оқып, ел басшыларының байланысын тереңдете түстік.
Осыншама күш-қайраттың, ерік-жігердің, бірліктің, тынымсыз жұмыстың арқасында университеттің білім кеңістігіндегі беделі күн санап өсе берді. 2001 жылы 29 маусымда Үкімет қаулысымен университет Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті деп аталды. 2003 жылы 15 сәуірде университеттің дамуына сіңірген еңбегі үшін «Гумилев атындағы Алтын медаль», «Күлтегін» сыйлығын тағайындадық. Әлі күнге дейін аталған марапаттар университеттің беделді марапаттарының бірі саналады.
Еуразия ұлттық университетінде жақсы күндерім, жарқын сәттерім өтуде. Ғылыми мектеп қалыптасты. Бүгінде білім беру кеңістігінде әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке ие, халықаралық байланыс саласы қанат жайып дамыған, кадрлар әлеуеті мықты университет қатарында. Шығыс даналығында «мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген тамаша тәмсіл бар. Еуразия ұлттық университеті – отандық ғылымның ордасы ғана емес, білімнің шамшырағы. Білім ордасының ширек ғасырлық тарихы мыңжылдыққа ұлассын.