311
Елбасы Түркістан туралы: Біз тіпті армандамаған ауқымды істі жүзеге асырдық!
Елбасы Түркістан туралы: Біз тіпті армандамаған ауқымды істі жүзеге асырдық!
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Түркістан қаласын өркендетудегі Елбасының еңбегі туралы жазды.
Елбасының Түркістанға сапарының бағдарламасы өте мазмұнды болды. Үш жарым сағат ішінде Нұрсұлтан Назарбаев жеті нысанды аралап, қала мен облыстың даму жоспарымен танысты, "Керуен-сарай" кешенінің аумағын аралады.
Елбасы атап өткендей, қала шын мәнінде танымастай өзгерген. 2018 жылдан бастап жоспарды іске асыру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Бүкіл түркі әлемінің киелі орталығы саналатын Түркістан жаңа әрі жарқын қырынан ашыла түсті. Ата-бабаларымыздың ерлік істері туралы естелікті сақтайтын рухани қала біздің ұлтымыздың болашаққа ұмтылысының тағы бір символына айналды.
Бүгінде Түркістанның жаңғыруы қалаға ғана емес, бүкіл өңірге мультипликативті экономикалық әсер беретін ең ауқымды ұлттық жоба. Мәселен, үш жыл ішінде өңірдің өнеркәсіп көлемі 18 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 34 пайызға, шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға өсті.
Осы уақыт ішінде әкімшілік-іскерлік және әлеуметтік-мәдени объектілерден басқа, өнеркәсіптік аймақ құрылды, қала жүз пайыз газдандырылды, Түркістанның айналасында ауданы 13 мың гектар жасыл желек өсіру қолға алынды, онда 3,5 миллион ағаш отырғызылды.
Өзінің бай, көп ғасырлық тарихында Түркістан мұндай құрылыс ауқымын ешқашан көрген емес. Инвестициялар тартылып, жұмыс орындары құрылып жатыр. Мәселен, облысқа салынған инвестициялар көлемі үш жылда 2,4 еседен астам ұлғайды. Түркістан қаласына 367 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланды.
Елбасының бұл жобасы, өзі айтқандай, тәуелсіздік алған уақыттан-ақ жоспарланған болатын. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев Елорданың 20 жылдығын атап өтіп, Қазақстанның рухани астанасын жаңғыртуға кірісу туралы кезекті стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдады. 2018 жылы Түркістан облысын құру және облыс орталығын Түркістанға көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойылған күні Елбасы кеңес өткізіп, онда ұлттық компания басшылары мен ірі бизнес өкілдерін қаланы көркейтуге белсенді атсалысуға шақырды.
Әрине, Елбасы идеясына күмәнмен қарайтындар да болды. Бірақ 1994 жылы да саясаткерлердің көпшілігі Қазақстанның жаңа астанасын көшіру және салу идеясына күмәнмен қарады. Алайда скептиктер маңызды факторды ескермеген: Елбасы бастаған ісін әрдайым аяғына дейін жеткізеді.
Міне, үш жылдан кейін шетелдік инвесторлар мен қазақстандық бизнесмендер облыс басшылығы мен үкіметті жаңғыртылған Түркістан аумағында түрлі жобаларды іске асыру жөніндегі ұсыныстармен толтырып тастады. Жергілікті кәсіпкерлер өз бизнестерін кеңейту үшін көбірек жер сұрайды. Болашақта дамудың қарқыны экспоненциалды түрде өседі деп ойлаймын. Өйткені, бизнес әрқашан болашағы бар жерге барады.
Премьер-Министр бастаған Үкіметтің командалық жұмысы пандемия жағдайында да барлық қауіпсіздік шараларын ескере отырып, маңызды әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысын жалғастыруға мүмкіндік берді. Түркістан мен Түркістан облысы әрбір кезекті сапарда бізді жаңа жетістіктермен таңғалдыратынына сенімдімін, - деді Елбасының баспасөз хатшысы.
Айдос Үкібай сөзін Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен түйіндеді:
"Бүгін біз тіпті армандамаған дүниелерді жүзеге асырып жатырмыз. Бұған қуануымыз керек. Біз жетістігімізді Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаймыз. Біз тәуелсіз Қазақстанды дамытып, ата-бабаларымыздың арманын жүзеге асырамыз. Бірлігіміз нығая берсін. Тек ауызбіршілік арқылы барлық қиындықты еңсереміз".