Ғабит Мүсіреповтің Серке Қожамқұловқа берген қолтаңбасы[/caption]
Сахна шебері Серағаң Еспембетті (1922 жылдан бері) жан-тәнімен беріліп штрихтар қосып түрлендіріп отырған. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов: «Менің Еспембетімді Сіз толықтыра түстіңіз. ...Еспембетке ерлік жасаттың, екі бүктелген қамшыңды тақымыңның астынан лақтырып тастауың оның бүкіл сырын шешіп тұр. Сол үшін ризалығымды айтып жатырмын» – деген (Оразалин Кәмен. Абай ауылына саяхат.Алматы, «Жалын», 1994, 36-бет).
Сегіз қырлы қас шебер Серағаңның өмір жолын зерделер болсақ, 1913 жылы Троицк қаласындағы «Уәзифа» медресесінде дәріс алған. 1916 жылы Дала Өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдин отрядының «Қызыл керуен» труппасында өнер көрсеткен. 1922 жылы Орынбор қаласындағы Татар Халық ағарту институтында оқыған. Татар халқының «Ғалиябану», «Башмағым» секілді классикалық әндерін шырқаған. Сонда мәдениет тарихы пәнінен профессор Фамих Кәрімов лекция оқыған. Ол кісі:
– Сенің Серке деген атың қызық. Грекия еліндегі театр серкелердің, бұқалардың, текелердің сүзісуінен бастау алған. Соларды сүзістіріп тамашалаудан театрдың алғашқы нышандары туындаған, – дейді екен.
Немесе ұстазы Жүсіп Темірбековтің:
– Ау, сенің өзің бүкіл болмыс-бітіміңмен сахна төрі үшін жаратылғаның көрініп тұр ғой, – дегені ойға оралады.
1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада ұлт өнерінің жақсылары мен жайсаңдары Әміре, Иса, Қалибек, Елубай, Серке, Қапан, Құрманбектер қазақ театрының негізін қалады. Әлемдік, қазақ және орыс классикасының қайталанбас таңғажайып образдарының галереясын жасады. «Қыз жасындай мөлдір өнердің» дарынды өкілдері шүу дегенде сахна өнерінің тылсымын өткір сезімді, өзгеше қабылдауы, көркемдік табиғатын жыға түсінді. Алаш қайраткері Міржақып Дулатов «Қазақ театрының жылдық тойы» деген мақаласында: «Күлдіргі сөзі қызғылықты жаңа әндерімен Елубай, Серкелер көрінді», «мәйегіне біткен зеректігімен өнер майданына түскен әріптестеріміз әлеумет алдында сүрінбей, жылдық емтиханын жақсы беріп өтті» – деп жазады. (Дулатов М.5 томдық шығармалар жинағы. Алматы, «Мектеп», 2003 ж., 234 бет).
Әдебиет сыншысы Ғаббас Тоғжанов пен ақын Ілияс Жансүгіров «Қазақ театр өнері туралы» деген мақаласында: «Серке – арамза, атқамінер, бір ұрты май, бір ұрты қан, қу құйрық ханның уәзірі, бидің тоқпағы, жуанның тарпаңы – осы секілді кейіпкерлердің рөлдерін ойнаса, жақсы шығады» деп оның дарын қуатын айрықша атайды.
Өнердің мұзбалағы Серке атамыз ұлт мәдениет тарихындағы шамшырақтар Күләш Байсейітоваға, Сәбира Майқановаға, Хабиба Елебековаға ұстаздық өнегесін көрсеткен.
Серке Қожамқұловтың өнердегі асыл мұраты – өмірді, тұрмыс-тіршілікті, адамтану ғылымын түбірлеп терең тексеру, таразылау, сөз өнерінің құпиясына зерделілікпен үңілу, сонан соң ұдайы еңбектену, сөйтіп, «әр рөлдің өзіне тән үнін табу» екен.
Сахна қайраткері Серке Қожамқұловтың тұлғасын «барлық тіршілігімен, өнер-өнегесімен дүйім жұртқа ұстаз, періштедей таза, Сүлеймендей әділ, достыққа, қадірлестікке таптырмайтын ата» деп сүйсіне бағалапты Ғабит Мүсірепов (1979, 22 мамыр).
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор