311
Межелер айқындалып, міндеттер белгіленді
Межелер айқындалып, міндеттер белгіленді
Еліміздің барлық өңірінде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалдарының есептік-сайлау конференциялары өтіп жатыр. Онда атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы міндеттер мен межелер айқындалады.
26 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Д.Қажановтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Күршім аудандық филиалының кезектен тыс ХХI конференциясы өтті. Жиында «Nur Otan» партиясы Күршім аудандық филиалының Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталды.
– Біздің алдымызда бекітілген сайлауалды бағдарламасы мен осы бағдарламаның орындалуын қамтамасыз ететін Жол картасын уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру міндеті тұр, – деп атап өтті «Nur Otan» партиясы Күршім аудандық филиалының төрағасы Д.Қажанов.
Конференция жұмысына 47 делегат қатысты. Партия конференциясында Саяси кеңестің, Саяси кеңес бюросының жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ 2021 жылғы 6 мамырда өтетін «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXV конференциясына делегаттар сайланды.
Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде де «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ХХIX есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиында делегаттардың ортақ шешімімен Олжас Есалханұлы «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Мұнан соң партия филиалының төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, саяси ұйымның бастамасымен атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Партияның Жуалы аудандық филиалына қарасты 19 бастауыш партия ұйымы, 112 партиялық топ бар. Оларда 4 564 партия мүшесі есепте тұр. Тек биылдың өзінде партияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай партия қатары ауылшаруашылық және кәсіпкерлік саласында қызмет атқаратын 75 мүшемен толыққан.
Партияның Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ өзі жетекшілік ететін аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жұмысына да тоқталып өтті.
«Nur Otan» партиясынан партиялық тізіммен сайланған 11 депутаттан тұратын фракция партияның Жуалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыруды басты назарға алған. Бұл орайда фракция мүшелерінің қатысуымен аталған бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы әзірленіп, ондағы әрбір индикаторлық көрсеткішке жауаптылар бекітілген. Сонымен қатар Жуалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуын партияның аудандық филиалы жанынан құрылған 7 қоғамдық кеңес өз бақылауына алған.
Есепті мерзімде партиялық жобалар аясында 96 іс-шара өткізіліп, оған 3 450 адам қатысты. Партия мүшелері елімізде коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдай кезінде де мұқтаж азаматтарға көмек көрсетті.
Өткен жылдың мамыр айында Түркістан облысы Мақтаарал ауданынының су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге де жуалылық нұротандықтар алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды.
Аймақтың 1200-ге жуық жасын біріктірген «Jas Otan» Жастар қанатының да жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр, – деді Партияның Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Жиында қорытынды сөзді алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағаның орынбасары Мәди Мәтен саяси құрылымның жергілікті жердегі жұмысын жетілдіруге қатысты мәселелерге тоқталып өтті.
«Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық филиалының кезекті есеп беру конференциясы онлайн форматта өтті. Конференция жұмысына партияның Бөрлі аудандық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі бюросының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Конференция отырысына филиал төрағасы Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы төрағалық етті. Конференцияда партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмысы туралы есебі және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы; партияның аудандық филиалының Саяси кеңесі мүшелерін сайлау туралы; партияның аймақтық филиалының конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының Бөрлі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Махауова баяндама жасады. Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы Бөрлі аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, Батыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына 5 делегат сайланды.
Қорытынды сөз алған «Nur Otan» партиясы Бөрлі аудандық филиалының төрағасы М.Сатқанов алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың маңызына жан-жақты тоқталды.
Конференцияда күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.