АЛМАТЫДА АҚЫЛЫ ТҰРАҚ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

АЛМАТЫДА АҚЫЛЫ ТҰРАҚ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

АЛМАТЫДА АҚЫЛЫ ТҰРАҚ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ
ашық дереккөзі
211
 Алматыдағы «Көкбазар» маңы мен Республика алаңындағы автотұрақ кеңістігін іске қосудың қорытындысы бойынша, бүгінгі күні автоматтандырылған бірыңғай ақылы тұрақ жүйесі 1000 орынды қамтиды деп хабарлайды «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС. Сәтбаев көшесінде, Желтоқсан мен Фурманов көшелері арасында орналасқан Республика алаңындағы тұрақ кеңістігі Алматыдағы ең үлкен ақылы тұрақ саналады.  Бұл жерге 296 көлік қоюға болады. Жүйені әзірлеушілер осы арадағы бизнес-орталықтардың көптігін есепке алып, әрі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, тұрақ аумағында айлық абонементті енгізді. Оған сәйкес,  автожүргізуші өз көлігін қойғаны үшін күніне небәрі 300 теңге төлеуге мүмкіндік алады. - Біздің компания мамандары ақылы тұрақты пайдаланушылардың пікірі мен ұсынысына тұрақты түрде мониторинг жасайды. Осылайша бір айлық тұрақ абонементі қаржыны үнемдеу мен төлем жасауды жеңілдету үшін енгізілді. Ол ең алдымен Республика алаңындағы ақылы автотұрақты жиі пайдаланушыларға арналған, - дейді «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС директоры Марат Пірімбеков. Айта кеткен жөн, мұндай айлық абонемент тестілік режимде Сәтбаев көшесінде, Желтоқсан мен Фурманов көшелері арасындағы автотұрақ төлемі үшін енгізілген. Осы абонементтті сатып алған автокөлік жүргізушісі дүйсенбіден бастап сенбіге дейін автотұраққа сағаттық төлемсіз өз көлігін қоя алады. Айлық абонементтің құны – 6000 теңге. Тұрақ абонементін aparking.kz. сайты арқылы сатып алуға болады. Сондай-ақ «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС мәлімдегендей, үш айға созылатын сынақ мерзімі аяқталған соң, оңтүстік астанада автокөлік жүргізушілерге айыппұл салына бастайды. Тұрақ орнын пайдаланғаны үшін төлем жасамағандарға оператор әкімшілік-құқық бұзушылық жөнінде дереу хабарлама дайындап,  Алматы қаласы ІІД ЖКПБ-на жібереді.  Сөйтіп әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сай айыппұл салынады. Автоматты жүйе жұмыс істейтін үш айдың ішінде «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС тұрғындар арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  Қаладағы ақылы автотұрақ аумақтарында компания волонтерлері кезекшілік етіп, алматылықтарға жүйе жұмысын игеруге, сондай-ақ автотұрақ төлемін дер кезінде жасауға жәрдем береді. Осы сияқты түсіндірмелерді бірыңғай байланыс орталығынан да алуына болады. Қазір оған күніне 40-50 қоңырау шалынады.  - Үш ай ішіндегі жүйе жұмысын талдай келе, тұрғындар ақылы  автотұрақ қызметімен танысты, оның ақысын төлеу ережесі мен тәсілін игерді деген қорытындыға келдік. Біздің тәжірибе көрсеткендей, ақылы тұрақты пайдалану тәртібін әдейі бұзатын жүргізушілер де жетіп артылады. Олар тұрақ орнын пайдаланғаны үшін ақы төлегісі келмейді. Осы аптада біз соған қатысты материалдарды қалалық Жол-көлік полициясы басқармасына жібере бастаймыз, - деді «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС  директоры Марат Пірімбеков. Ақылы автотұрақты пайдалану ережесін бұзғандар ҚР ӘҚБК 597 бабының 4-1 бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады, яғни оларға үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде (6 363 теңге) айыппұл салынады. Ал егер жыл ішінде тағы да төлемесе, онда айыппұл көлемі 5 АЕК немесе 10 605 теңгені құрайды. - Бүгінгі күні Алматыда бірыңғай ақылы автотұрақ жүйесіне «Көкбазар» маңы, қалалық әкімшілік пен Республика алаңындағы автотұрақ аумағы кіреді. Мұндай тұрақ аумағына кірген кезде жүргізуші автотұрақтың ақылы екенін хабарлайтын арнайы стендті көре алады. Автокөлігін осы араған қойған соң, жүргізуші тұрақ ақысын төлеу шартымен келіседі деген сөз. Жүйенің алдын ала төлем бойынша жұмыс істейтінін еске сақтаған абзал. Автокөлік иесі тұрақты пайдалану уақытын есептеп, тоқтағаннан кейін 15 минут ішінде төлеуі тиіс. Осы мерзім аяқталған соң төлемесе, айыппұл салынады. Сонымен қатар автотұрақты пайдалану мерзімін ұзартпаған жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тұрақ төлемін дер кезінде төлеу айыппұлдан құтқарады,- деп  тұжырды «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС техникалық жетекшісі Роман Налепов.   Еске сала кетейік, ақылы автотұрақ бағасын Алматы қаласы әкімшілігі сағатына 100 теңге деп белгілеп, бекітті. Алғашқы 15 минут – тегін. Автокөлік жүргізушілері үшін SMS-хабарлама, aparking.kz сайты, «Алматы тұрақтары» мобильдік қосымша және тұрақ аймағында орнатылған паркоматтар арқылы автоматты төлем тәсілдері қолжетімді.      

Серіктес жаңалықтары