Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына 25 жыл толды

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) − 1996 жылы ең алғаш «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Оның ең алғаш құрылтайшылары болған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан елдері. Ал 2001 жылдың 1-маусымынан бастап ұйымға Өзбекстан кіргеннен бастап Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) деген атпен тұрақты мемлекетаралық ұйымға айналды. Бүгінде ШЫҰ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың барынша табысты модельдерінің бірі саналады.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың айтуынша, «Қазақстанның ұсынысымен жүзеге асырылған Еуразия идеясының 3 киті – Еуразия Экономикалық Қауымдастығы (ЕурАзЭҚ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ)». Демек ШЫҰ құрудың басында ең әуелі Қазақстан тұрды деген сөз.

ШЫҰ Хартиясына және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі Декларацияға сәйкес, ұйымның негізгі мақсаттары мынадай:

мүше-мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, татулық қарым-қатынастарды нығайту;

саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру, қуат көзі, көлік, экологиялық және өзге де салаларда тиімді әріптестік шараларын дамыту;

ортақ күш жұмсап аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнатуға жағдай жасау.

ШЫҰ келесідей негізгі қағидаттарды ұстанады: БҰҰ-ның мақсаттары мен принциптерін ұстану; тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты сақтау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, өзара күш қолданбау және қолданамын деп қоқанлоқы кәрсетпеу; барлық мүшелердің тең құқықтығы; барлық мәселелерді өзара кеңесу арқылы шешу; басқа мемлекеттерге немесе ұйымдарға қарсы бағытталған одақтарға бірікпеу; басқа мемлекеттермен және аймақтық ұйымдармен әртүрлі диалогқа, пікір алмасуға жүгіну, әріптестікке ашықтық және даярлық.

Бүгінде ШЫҰ Арктикадан Үнді мұхитына дейінгі, Солтүстіктен Оңтүстікке, Ляньюньганнан Калининградқа және Шығыстан Батысқа дейінгі 40 миллион шаршы метрді немесе Жер шары жалпы аумағының 26,6% қамтиды. Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына 8 ел кіреді. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Пакистан, Үндістан. Бұл жайында ШЫҰ-ның 2017 жылғы Астана саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Ендігі уақытта ШЫҰ-ның жауапкершілік аймағы үш миллиардтан астам адам тұратын аумақты, әлемнің жалпы ішкі өнімінің шамамен үштен бірін қамтитын болады. Осылайша, ұйым өзінің институттық дамуының «Шанхай сегіздігі» ретіндегі жаңа кезеңіне аяқ басты», – деген болатын.

Back to top button