Дерт пе, әлде не?

Адамзат тарихында жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1926 жылы Берлин қаласындағы Жыныстық зерттеулер институтында жасалды. ХХ ға­сыр­дың басында өзінің жынысына көңілі толмайтындарға шизофрения диагнозы қойылып, өмір бойына психиатрлық клиникада емдеу тәсілі қолданылған. Алай­да, бүгінде жыныс ауыстыру қылмыс та, ауру да емес, адамдардың қалауы мен құқығына айналғандай.

Денсаулық сақтау министрлігінің 2 020 жыл­ғы 25 қарашада «Гендерлік сәйкестілігі бұ­­зылған адамдарды медициналық куәлан­дыру және жынысын ауыстыру ережесін бекіту» туралы бұйрығы шықты. Онда табиғи ауыт­­қуға ұшырап, гендерлік сәйкестігі бұ­зылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесі жазылды. Осы ереженің бекітілуі қоғамда үлкен резо­нанс тудырды. Көпшілік жыныс ауыстыруға рұқ­сат берілді деп даурығып жүр. Алайда біздің елі­мізде сонау 1999 жылы жыныс ауыс­тыр­ғаны үшін атын өзгертуге рұқсат берілген. Ал 2003 жылы заңдық нормативтері бекіті-ліп, 2009 жылы жынысын ауыстырамын деген адам­дарға мүмкіндік беретін заң қа­был­дан­ған. Тек Денсаулық сақтау министрлігі атал­ған операция түріне қатысты кейбір қау­лы­лар­ды өзгерткен.
Деректерге сүйенсек, елімізде 2009-2017 жыл­дар аралығында 25 адам, 2017-2019 жыл­дары 10 адам жынысын ауыстырған. Жы­ны­сын ауыстырған соңғы 10 адамның төртеуі ер­кек­тен әйел­ге, қалған алтауы әйелден ерге «ай­нал­ған». Осы орайда адамның жынысын өз­гер­­туі­нің түп-тамыры қайдан бастау алады, асыл діні­міз исламда бұл туралы қандай пәтуа ай­­­тылған деген сұрақтарды мамандарға қой­дық.

Rinat

Ринат НҰРЖАН,

Б.Жарбосынов атындағы
Урология ғылыми орталығы реконструктивті-пластикалық урология бөлімшесінің уролог-андролог дәрігері:

Жынысын ауыстырған адам 20 жыл ғана өмір сүреді

– Жыл сайын біздің бөлімшеге плас­ти­калық операция жасатуға 2 000-нан астам адам қабылданады. Емделушілердің диаг­но­зы­на қарай операциялар жеңіл-күрделі деп бө­лінеді. Ал жыныс ауыстыру отасының жа­салмағанына біраз уақыт болды. Жалпы жы­нысын ауыстырғанын құпия ұстап, жа­сыра­тындар көп. Олар тек дәрігер кеңесіне жү­гінеді, операция жасаттым деп жарияға жар салмайды.
Жыныс ауыстыру ережесі бойынша адам­ның жасы 21-ден асуы керек, психикалық жә­­не мінез-құлық ауытқулары болмауы ке­рек деген талап бар. Яғни емделуші опера­ция жа­салмай тұрып психотерапевттің қа­был­дауын­да болуы керек. Емделушінің пси­холо­гиялық жағдайы тұрақты, жағдайды баға­лай ала­ды, шешімді дұрыс қабылдады де­ген анық­тамасын алғаннан соң барып опе­рация жа­салады. Тек психиатрдың ғана емес, соны­мен қатар уролог, гинеколог, терапевт, эндок­ри­нолог, психолог мамандарының анықтама қағаздарынсыз жыныс ауыстыру операциясы жасалмайды.
Жыныс ауыстыру операциясының құны 500 мың теңге шамасында. Оған қосымша оңал­ту, сауықтыру шараларын қосқанда
1 мил­­лион теңгеге жуық қаражат керек. Өйт­кені жынысын ауыстырған адам ауруханаға жа­тып, дәрігердің қатаң бақылауында бо­лады. Ал емделушінің толықтай сауығуына ша­­­мамен 1 жылдай уақыт кетеді.
Алайда операция сәтті өтіп, сауықтыру шара­лары толықтай орындалса да емделу­ші­нің өмірі қысқарады. Гормоналды фон то­лық­тай өзгергендіктен, адамның өмірі қыс­қарып, бар-жоғы 20 жыл өмір сүреді. Мысалы, ер адамның гормонын жойып, орнына әйел­дің гормонын ексе, бұл – ағзаға үлкен стресс. Сонымен қатар гормонмен емдеу про­цесі кезінде онкологиялық аурулардың пайда болу көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені гор­монмен емдеу рак жасушаларының өсуін кү­шейтеді.

Saltanat Smagultegi
Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ, психолог:

Жынысын ауыстырғысы келетіндерді райынан қайтаруға болады

– Адам бойындағы кез келген ерекшелік, жан жарақаты, комплексі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасып, бастау алады. Бастауыш сынып кезеңінде қарқындап дамып, орта мектепте бекиді. Демек, ұлдың қыз, қыздың ұл болғысы келуі мектепке дейінгі балалық ша­ғынан бастау алады. Осы мәселенің қазақ қоғамында ашық көрініс бере бастауы – мә­селенің шарықтау шегі, ушығуы деп айтсақ болады.
Адамның өз табиғи жаратылысына қар­сы келуіне бірнеше фактор әсер етеді. Ер­лер-ге қарата айтсақ: әжесіне, анасына, әп­кесіне яғни әулетіндегі әйел адамдарға де­ген өкпе, реніш, талаптары түрткі болады. Әйел адамдарда керісінше, атасына, әкесіне, аға­ларына, інілеріне деген көңіл толмау­шы­лықтың болуынан басталады. Бес жасқа дейін­гі кезеңде баланың таным процестері қа­лыптасады дедік. Осы кезеңде балаға тек ата-анасының іс-әрекеті, сөйлеуі, өмір сүру салты «дұрыс» болып қабылданады. Ал туа бітті генетикалық есіндегі материалдар ба­ла­ның естігеніне, көргеніне қарама-қарсы бол­са, бала бейсанасында қарама-қайшылық пай­да болып, іштей психологиялық қысымға тү­седі. Бес жасқа дейінгі балада ересектер сияқ­ты салыстырып, саралап, қажетін ғана алатындай саналы өмір тәжірибесі жоқ, сондықтан бәрі табиғи түрде жүреді.
Бала естігенін емес, көргенін, сезгенін, түй­генін қайталайды. Ер бала тәрбиелеп отыр­ған отбасында әке басымдық алуы тиіс. Әкенің түрлі жеке бас кемшіліктеріне қарамай ана оған зор сыйластықпен қарауы шарт. Олай болмаған күнде бала бейсаналық тұрғыда әрі-сәрі күй кешіп жүреді. Балаға әке де, ана да бірдей. «Жақсы» болса да, «жаман» бол­са да – балаға екеуі де қажет. Анасы бала­ның көзінше әкенің еңсесін түсіріп, өзге әке­лерді үлгі қылып отырса, бастапқыда бала қо­лайсыз жағдайға душар болады. Ұрыс-керіс, дау-жанжал жалғаса берсе, бала не ана­сын, не әкесін жақтай алмай агрессияға бой алдыра бастайды, бірте-бірте осының бәріне өзін кінәлі сезінеді. Баланың сыртқы, ішкі психологиялық қысымы күшейе берсе, әуелде психологиялық комплекс қалып­та­са­ды, кейін жан жарақатына ұласады. Соңында өзі де азамат болып қалыптаса бастағанда әкесінен аса алмайтынын ұғып, енді әйел адам кейпіне еніп, анасын түсінгісі келеді. Бұл айтылған жағдай бір ғана фактордың әсерінен болатын көрініс.
Осыған қоса кейінгі қазақ қоғамында әйел адамдардың ер балалардың көзінше, әке­лердің қыз балалардың көзінше жаға­жай­да, жуыну бөлмелерінде, үйде ашық-шашық жүруі көбейді. Бұл да қарама-қарсы жыныс өкіл­деріне деген түсінбеушілікті, жек көру­шілікті қалыптастырады. Осындай өте қара­пайым болып көрінген моральға жат нәр­селер қоғамда үлкен мәселе туындатып отыр. Жан қалауы екен деп, ұлдың қызға, қыздың ұлға айналғысы келетін соқыр қалауын қол­дап, мемлекеттік деңгейде жағдай жасаймыз деу қараңғылығымыздың айқын көрінісі дер едім. Дамыған елдерде жыныс ауыстыру мә­селесі жиі кездеспейді, кездессе де ол қалау бір­неше атадан бері берілген болуы мүмкін. Яғни, генетикалық ес арқылы ішкі психофи­зио­логиялық қажеттілік көрініс беріп тұр. Ал біздің жағдайымызда аталмыш мәселе енді бастау алып келе жатыр. Сондықтан, жаппай рұқсат ету ұрпақ болашағына балта шабу деп білемін. Осы күрделі психологиялық мәселені мемлекеттік деңгейде шешуге мораль­дық, материалдық ресурсымыз жете­ді деп ойлай­мын. Жалпы жынысын ауыс­тырғысы келе­тін­дермен ұзақ уақытқа созы­латын психо­диаг­ностикалық, психо­тера­пиялық жұмыс­тар жүргізіп, райынан қай­таруға болады.

0c1a11b548586eeb368814344a62514f

Наурызбай ТАҒАНҰЛЫ:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы (Facebook әлеуметтік желісіндегі пікірі ықшамдалып алынды):

Жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны

– Жыныстық мүшені ауыстыру – өз жа­ра­тылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі. Алла Тағала Құранда «Ни­са» сүресінің 119-аятында лағынетке ұшы­раған ібіліс шайтанның адам баласын аз­ғыру туралы былай деп ант ішкенін ескертеді:
«Мен оларға (адамзатқа) Алланың жа­ра­тылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін…».
Демек, кім әзәзіл шайтанды дос тұтып, өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыс­тырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны…
Алла Тағала адамзатты ерекше махаб­бат­пен жаратты. Ер мен әйелдің өзіне тән қа­сиет­терін белгілеп, ерекшеліктерін айқын­дады. Жаббар Алла әйелдің жаратылысын нә­зік, сезімтал, ал ер адамды күшті, қуатты етіп жаратты. Әйелдің еркекке, ал еркектің әйел­ге еліктеуі дұрыс емес. Мұндай қылыққа бар­ған адам Құдайдың ашуын туғызады. Ибн Абастан жеткен риуаятта:
«Пайғамбарымыз (оған Алланың са­лауа­ты мен сәлемі болсын) (сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысында, киім киісінде, боянуында) әйел­дерге ұқсағысы келген ерлерді, ерлерге ұқ­сағысы келген әйелдерді лағынеттеді», – деп келген.
Қазір өзіндік ойы мен таңдауы қалыптас­қан, кейбір істерде үлкендердің ақыл-кеңесін қа­жет ете бермейтін буын өсіп келеді. Сол үшін ұлымызды намысты, жігерлі етіп, ал қы­­зы­мызды мейірімділікке, ізгілікке тәрбие­леу – біздің басты міндетіміз. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерді ке­лер ұрпаққа аманаттап тастап кетуіміз үшін ұрпағымызға сол аманатқа қиянат жа­сап қоймайтындай тәлім-тәрбие бере білуіміз керек.
Адамзатты мақсатты түрде азғындау амал­дары күшейген алмағайып заманда ұрпақ тәрбиесін түзеуге әрбір ата-ана, әрқай­сы­мыз барынша күш салғанымыз абзал. Кез-келген істің салдарымен ғана емес, себе­бімен жұмыс істеп, алдын алуға мән беруіміз керек. Осы бастан баланың киім кию әдетіне, дос­тарына, немен ойнап, неге әуестеніп жүр­геніне, жүріс-тұрысы мен көзқарасына сәт сайын көңіл бөліп, қадағалап отыруымыз тиіс. Олардың ең жақыны мен нағыз жана­шыры Сіз бен біз емес пе?
Қорыта айтқанда, әйелдің ер кісіге ұқ­сауы, ер кісінің әйелге ұқсауы харам, үлкен күнә болып саналады. Мұндай сорақы іске қа­сақана қадам басқан адамның ақыреттегі жағ­дайы қорқынышты.

Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Back to top button