Ине ұшындағы иммунитет

Ине ұшындағы иммунитет

Ине ұшындағы иммунитет
ашық дереккөзі
474
Былтыр қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия әлем халқының шамамен 70 пайызы вирусқа қарсы вакцина алған кезде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Елімізде вирусқа қарсы вакцина егу 1 ақпанда басталды. Бірақ процесс өте баяу жүргені сонша, Мемлекет басшысының сынына іліккен еді.  width= Елімізде 1 ақпаннан бастап Ресейден әкелінген препаратпен жаппай вакциналау басталды. Ең бірінші болып бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният вакцина салғызды. Ал өзімізде өндірілген «Спутник V» вакцинасы 15 ақпаннан бастап қолданыла бастады. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 10 миллион адамға вакцина егу көз­делген, соның ішінде 2 миллион адам бірін­ші жартыжылдықта вакцина алуы ке­рек еді. Ақпан айында – 100 мың, наурызда – 150 мың және сәуірде 600 мың адамға ек­пе егіледі деп меже қойылды. Бірақ алғашқы екі айда халықтың 0,1 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана ко­ронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл бас­қа елдермен салыстырғанда өте баяу көр­­­сеткіш болды. Сол себепті бұл мәселеге Мем­лекет басшысы араласып, нақты тап­сырмалар берді. Осыдан кейін ғана вакцина егу нау­қа­ны қарқынды жүре бастады. Ден­саулық сақтау министрлігінің 18 сәуір­дегі статистикалық дерегіне сәйкес, елімізде 679 709 адам коронавирусқа қарсы вакцина ал­ған. Оның ішінде 118 517 адамға вакци­на­ның екі компоненті де егілген. Яғни елі­міз­де халықтың 3,87 пайызы вакцина сал­ғы­зыпты, оның 0,65 пайызы толық екі ком­понентті де алды. Өңірлер бойынша Алматы қаласында 131 631 адамға вакцина егілген. Ек­пе салдыртқандар саны бойынша Алматы об­лысы екінші орында: вакцинаның бірінші ком­понентімен 90 мыңнан астам, екінші ком­понентімен 11 мыңға жуық тұрғын егіл­ді. Үшінші орында 60 мыңға жуық тұр­ғыны вакцина алған Шымкент қаласы тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 57 мыңнан астам адам вакцина салғызған, оның 10 мыңы вакцинаның екінші компонентін де алды. Ал әлем бойынша Израиль вакци­на­лаудан көш бастап тұр. 20 сәуірдегі де­рек­­терге сүйенсек, елдің ересек тұрғын­дары­­ның 73 пайыздан астамы індетке қар­сы егілген. Қазіргі уақытта қоғамда вакцина мә­селесі қызу талқыланып жатыр. Бай­қайтын болсақ, халық арасында күдік ба­сым. Оған жан-жақтан толассыз келіп жат­қан ақпарат ағыны басты себеп болып тұр. Оған қоса, мәжбүрлеп вакцина егу тура­лы да ара-тұра жазылып, айтылып жатыр. Қай мәлімет рас, қай мәлімет шындыққа жа­наспайды – анықтау қиын.

Factcheck: жалған ақпарат жұртты адастырады

«Халық денсаулығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәй­кес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина тек адамның жеке келісімімен ғана салынады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауап­кершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егер­дің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартуға немесе сал­дыруға келісім бересіз. – Вакцинаны 18-60 жас аралығындағы адамдар алады. Ешкімге де еркінен тыс екпе са­лынбайды, мәжбүрлеу болмайды. Ал ай­тыл­ған жыл соңына дейін вакцина алуы тиіс 10 млн адам – вакцина қабылдауға мүм­­­­кін­дігі бар адамдардың болжалды есебі. Қалған мә­селелерді жауапты мамандар әлі де тек­серіп жатыр, – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы. Енді вакцинаның ағзаға қалай әсер ете­тіні, қаупінің бар-жоғына тоқталсақ. Екпе адамның иығына екі кезеңмен са­лынады. Алғашында 0,5 милли­литр­лік дозамен бірінші компонентті са­лады. Одан кейін 21 сағат өткен соң, екін­ші­сін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр. Егер бірінші компонентінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды. Мамандардың айтуынша, кез келген вакцинаны салған кезде адам ағ­засы иммунитет қалыптастырады, аз уа­қыт­қа дене қызуы көтеріліп, екпе салған орын қы­зарады немесе ісіну секілді жағымсыз өз­геріс болуы мүмкін. Жасы үлкен адамд­ар­да бұл вакцина қанда тромб түзуі мүмкін еке­ні де мамандар тарапынан жоққа шы­ғарыл­ған жоқ. Ал «Екпе адамның ДНҚ-сын өзгертеді екен» деген секілді ақпарат шын­дық­қа жанаспайды, себебі ДНҚ-ны осылай қа­рапайым тәсілмен өзгерту ғылыми тұр­ғы­да әлі мүмкін емес екенін factcheck.kz жаз­ған екен. Оған қоса вакцина арқылы халықты «чиптейді» екен деген мәлімет те же­ліде қызу талқыланды. Осыған қатысты Ден­саулық сақтау министрлігі вакцина бойын­ша жалған ақпаратпен күрес жұ­мыс­тарына аса көңіл бөле бастады. «АҚДМ-мен бірлесіп вакциналаудың маңызы және жалған ақпаратты теріске шы­ғару туралы халық арасында ауқымды тү­сіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой Үкі­мет отырысында. Денсаулық сақтау ми­нистрі арнайы медиа-жоспар іске асырылып жатқанын айтты. «Ол үшін ақпараттық ре­сурс­тардың барлық әлеуеті, соның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жұ­мылдырылған. Вакцинаның маңызына на­зар аудара отырып, барлық телеарна мен баспа басылымдарын тарту, оң мысалдарды көрсету үшін пікір жетек­ші­лерін, сарап­шы­лар мен медиа тұлғаларды тарту, теріске шы­ғару және жалған ақпа­рат­пен күресу үшін сенімді ақпарат жариялау жос­пар­ланып отыр», – деп атап өтті Алексей Цой. Ал чиптеу мәселесіне келсек, бұл да әлі ғы­лымда ашылмаған жаңалық, мүмкін емес нәрсе екені айтылды.

Вакцинаны кімдер салдырмайды?

Адам соңғы алты айдың ішінде коро­на­вируспен ауырып шықса, вакцина салу­дың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйел­дерге, ауыр аллергиясы мен вакци­на­ның құрамындағы заттарға жоғары сезім­тал­дылығы бар адамдарға, 18 жасқа тол­ма­ғандарға және 65 жастан асқандарға са­лын­байды. Сонымен қатар, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйе­нің бұзылуы (қант диабеті), қан тү­зілі­мі жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйе­сінің аурулары, жүрек-қан тамыр аурулары, иммун тапшылығы, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обс­трук­тивті аурулары, метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, ато­пия мен экзема, қатерлі аурулар, соның ішін­де қан ауруларымен ауыратын адамдар вак­цина алмайды. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары бол­са, вакцинация кейінге шегері­леді. Кез келген препаратты салмас бұрын медицина қызметкері пациенттің ал­лергиясы бар-жоғын сұрайды. Егер адам­ның ауыр аллергиялық ауруы бар болса, он­да оған екпе салынбайды. Сол сияқты ек­пенің аллергиялық әсерін алдын ала білу мүм­кін емес екен. Себебі әр ағза әртүрлі. Шұ­ғыл әрекет ету мақсатында азаматтар ек­пе алғаннан кейін 30 минут бойы ме­ди­циналық бақылауда, яғни, медициналық мекеме ғимаратында болғаны жөн. Осы уа­қыт ішінде вакцинаға аллергиялық реак­ция болуы мүмкін. «Алдыңғы күні №15 клиникадан вак­цинаның бірінші компонентін алдым. Екінші екпені мамыр айында аламын. Негізі қызуыңыз көтерілуі мүмкін деп ескерткен еді, бірақ өз басым ондай еш әсерін байқама­дым. Тек сол күні кешкісін вакцина салдыр­ған қолым сәл ауырсынғаны болмаса, бәрі жақсы болды. Дәрігердің айтуы бойынша, қарт кісілерден гөрі жастарға көп әсер етіп жа­тыр екен. Иммунитетің жақсы болуы ке­рек. Вакцина алуға келіп жатқан адамдар көп. Мен алған кезде кезекте 10 шақты адам бол­ды. Менен кейін де келіп жатты. Кей­біреулері ендігі екінші компонентін алуға келген екен. Олар да жағдайлары жақсы еке­нін айтып жатыр», – деп вакцина сал­дыр­ған Бақытгүл Жүкенова өзінің екпеден кейінгі жағдайын айтып берді.

Екпе жайлы тағы нені білу керек?

Спутник V Аргентина, Армения, Бах­рейн, Беларусь, Венгрия, Венесуэла, Гвинея, Иран, Кения, Лаос, Ливан, Мексика, Никарагуа, Біріккен Араб Әмірліктері, Пә­кі­стан, Парагвай, Конго, Ресей, Сан-Марино, Сирия, Сербия, Тунис, Черногория сияқты елдерде қолданылып жатыр. Спутник V-дің басқа вакциналардан айырмашылығы – векторлық техно­логияны қолдана отырып жасалғанында. Яғни SARS-CoV-2 вирусының генетикалық ма­териалын адам жасушаларына жеткізу үшін аденовирустар тұқымдасы болатын басқа вирустың қабығы қолданылады. Яғни ДНҚ-ның бөлігін вакцинаға оңайлықпен енгізе салу мүмкін емес. Оған тасымалдаушы қажет. Вакцинада бұл қызметті аденовирус атқарады. Ол – табиғатта жиі кездесетін тұ­мау вирусы. Жасушалар ақуыз шығарады, нә­тижесінде иммундық реакция пайда бо­лып, организм вируспен күресуге үйренеді. Елімізде ресейлік вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шы­ғары­лады. Дәлірек айтқанда, Ресейден субс­танция жеткізіледі, ал Қазақстанда сол субс­танциядан дайын зат жасалады. Қа­зақ­стандық материалдар мен шикізат пай­да­ланылады. Елімізде енді вакцина алғаныңды куә­ландыратын электрондық төлқұжат қолданысқа енбек. Паспорт eGovmobile мо­бильдік қосымшасының «цифрлық құ­жат­тар» бөлімінде вакцинаның екі ком­по­нен­тін алғаннан кейін қолжетімді болады. Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шо­ра­нов бұл құжатты қолданысқа шы­ғаруда қан­дай да бір шектеу қою мақсаты жоқ еке­нін хабарлаған болатын. «Бұл тек иммундық жағдайды анықтау үшін қажет. Ол ешқандай шектеулер қарас­тырмайды. Бұл вакцина алғандар туралы мәліметтерді нақты есепке алу және ел ау­мағында вакцина егу көлемін жоспарлау үшін жасалады, өйткені бізге жыл сайын егу қажет болуы мүмкін. Біз кім, қашан, қандай сериямен вакцина алғанын нақты білуіміз керек. Сондықтан бұл көлемді есепке алу мен жоспарлауды ұйымдастыру тұрғысынан жасалады», – деді ол. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Жұқпалы ауруларды эпиде­мио­логиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева бұған дейін екпе алмаған адамдар үшін басқа елдерде шектеулер болуы мүмкін екенін айтқан бо­латын. «Болашақта кейбір елдер профилактика­лық егулер алмаған адамдар үшін шектеулер енгізуі мүмкін. Бұл – болашақта. Бірақ біздің елі­мізде қазіргі кезде профилактикалық ек­пе алмаған адамдардың еркін жүріп-тұруы­на шектеу қойылмайды», – деді ол. Әлем бұрын-соңды басынан өткерген аса қауіпті шешек, оспа, оба, тырысқақ сияқты індеттердің беті екпе арқылы қайтарылғаны мәлім. Ол кезде адамдар зор тәуекелге бас тіккен. Коронавирус пандемиясы басталған кезде де жаһан жұрты екпеге зор сенім артты. Не десек те, бүкіл әлем күдік аралас үміттің табалдырығында тұр.

Серіктес жаңалықтары