21 сәуір: тарихтан орын алған маңызды оқиғалар

1925 жылы 21 сәуірде «Қазақ әйелі» және «Теңдік» газеттері негізінде «Қазақстан әйелдері» қоғамдық-саяси журналы шыға бастады. Бастапқыда «Әйел теңдігі», «Сталин жолы» деп аталды. 1955 жылдан «Қазақстан әйелдері» деп аталады.

Ал 1959 жылы 21 сәуірде Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» дилогиясы үшін Ленин сыйлығы тағайындалды. Ол V шақырылған КСР Қазақ Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

1961 жылы Қазақстанның газ жүйесінің негізін қалаған «Орта Азия- Орталық» магистральдік газ құбырының құрылысы басталды.

1992 жылы республикада енді құрылып жатқан алғашқы дипломатиялық корпус өкілі – Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті елшісі Аргюн Езнаем Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш рет сенім грамотасын табыс етті.

1995 жылы Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы Ерiктi түрде қоныс аудару және Қазақстан Республикасына еңбек шарттары бойынша келген адамдардың азаматтығы мәселелерiн реттеу жөнiндегi Шарт ратификацияланды.

2006 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сенімді басқаруындағы Степногор кен-химия комбинатының гидрометаллургия зауыты аумағында молибден байыту фабрикасы ашылды. Мұндай фабрика Қазақстанның тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу өнеркәсібінде алғаш рет іске қосылып отыр. Молибден кенін қайта өңдейтін байыту фабрикасы гидрометаллургия зауытының аумағында рекордтық мерзімде – 96 күнде салынды.

2011 жылы Қазақстан аумағында «Ормандар» тақырыбында «Еуропа» сериясының көркем маркасы пошта айналымына енді. Оның номиналы – 250 теңге, тиражы – 250 мың дана.

2014 жылы Алматы облысы Сарқанд қаласындағы №1 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Евгений Станкевич Швецияның экологтары ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанды. Марапаттау рәсімі Стокгольмде өтті. Экологиялық журналистика конкурсына Германия, Франция, Канада, Македония, Мальта, Румыния, Словакия, Черногория, Латвия өкілдері қатысты.

2015 жылы ҚР Ұлттық банкі ҚР Қорғаныс министрлігіне «Ұлы Жеңіске 70 жыл» 4776 күміс монетасын қайтарымсыз негізде табыс етті. Оны Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлер алды.

2016 жылы Алматыда «Түркі тілдес әлем музыкасы» атты зерттеу тобының V халықаралық симпозиумы ашылды.

2018 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде Ислам әлемінің тарихында алғаш рет 2017 жылы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің қорытындыларына арналған Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер елшілерінің кездесуі өтті.

2019 жылы ашық суда жүзуден Кувейтте өткен Азия чемпионатында қазақстандық Виталий Худяков жеңіске жетіп, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Ол 10 шақырымға жүзуден көш бастады.

Back to top button