Б.Байбек: «Болашақ» бағдарламасы – Елбасының сәтті іске асырған жобасы

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған мамандардың ел дамуына қосқан үлесі зор екенін айтады. Бұл туралы ол саясаткер Тәңірберген Бердіоңғаровқа берген сұхбатында айтты.

Сұхбат барысында «Болашақ» стипендиясының маңызына тоқталып, бағдарламаны Елбасының сәтті іске асырған жобасы екенін баса айтты.

«Белгілі болғандай, «Болашақ» түлектерінің 52 пайызы бүгінде лауазымды қызмет атқарады. Бұдан бөлек, түлектердің 10 пайызы жеке компания ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша білімін жетілдірген дәрігерлер 200 000-ға жуық ота жасаған. Білуімше, мыңдаған түлек әлем ғалымдары дерексөз ретінде қолданатын ғылыми жұмыс жазып шыққан», – дейді Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ, ол «Болашақ» түлектерінің ел ішінде түрлі жобаларды іске асыруда шетелдік компания өкілдерін жұмылдыруға да үлес қосып жатқанын атап өтті.

«Бірде Алматыда италияндық бір компанияның өкілдерімен кездескенде, олардың Қазақстанға қалай келгенін сұрадық. Сол кезде олар Мұхит деген «Болашақ» бағдарламасының түлегін көрсетіп, елге келуге Мұхиттың мұрындық болғанын айтады», – дейді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның сайлауалды бағдарламасының сәтті орындалып келе жатқанын жеткізді. Сайлаудан кейінгі үш айдың қорытындысы бойынша партияның қоғамдық қабылдауына 48 000 адам келген. Билеуші партия ретінде біз сайлауалды бағдарламада көрсетілген уәделерді тиімді іске асыруды ең бірінші мақсат етіп қоямыз. Сайлаудан кейінгі үш айдың нәтижесі бойынша партияның қоғамдық қабылдауына 48 000 адам келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп.  Олардың 30%-ның мәселелері нақты шешілсе, 65%-дан астамына нақты өмірлік қиын жағдайда өз мәселесін заңды жолмен шешуге болатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Яғни халықтың құқықтық сауаттылығы арта бастады. Партияның қоғамдық қабылдауы азаматтардың соттан кейінгі әділдік іздеп, араша сұрайтын екінші орнына айналды. Бұл – біздің партияның нақты, шынайы істермен айналысатынын көрсетеді», – деді Бауыржан Байбек бұрынғы мәжіліс депутаты, блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа берген сұхбатында.

Сайлауалды бағдарламаны жазу, уәде беру бір бөлек, ал оның орындалуын бақылау – басқа жұмыс. «Nur Otan» партиясы Елбасы, партия Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша алғашқы күннен бастап бақылауға ұйымдасқан түрде дайындала бастады.

«Бақылау үшін мерзімі, күні, орындалу уақыты көрсетілген нақты, түсінікті құжат керек. Біз әр бағдарламаны іске асыруға арналған 217 жол картасын әзірледік. Егер біздің республикалық  бағдарламаны алып қарайтын болсақ, іске асырудың алғашқы жылында 24% тапсырма жоспарланған, екінші жылға  25% және ары қарай осылай жалғасады. Яғни біз бағдарламаның аяқталғанын 5 жыл күтпейміз, бірінші жылдың қорытындысы бойынша уәде еткен бағдарламамызды іске асырудағы нақты есептермен бөлісе аламыз»,  – деді Б.Байбек.

Back to top button