239
Қоғамдық кеңестер бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуын қадағаламақ
Қоғамдық кеңестер бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуын қадағаламақ
«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен облыстық партия филиалының Саяси кеңесінің Бюро отырысы өтті.
Отырыс барысында «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының конференциясын шақыру» және «Партия сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша партияның облыстық филиалы төрағаларын, қоғамдық кеңестердің құрамдарын бекіту туралы» екі мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Бюро мүшелерімен 13 мамырда партия облыстық филиалының XXVII есеп-беру сайлау партиялық конференциясын өткізу туралы шешім қабылданды.
Іс-шараға қатысушылар күн тәртібіндегі екінші мәселеге ерекше назар аударды. Елбасы, Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әр өңір, қала және аудан үшін «Nur Otan» партиясының 217 сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жол карталары бекітіліп, оған жауапты депутаттар мен орындаушылар белгіленді. Жылдарға және нақты іс-шараларға бөлінген 80 мыңнан астам индикаторға қол жеткізу көзделіп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партия қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымданды.
Бұдан басқа, Саяси кеңес Бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орнына партияның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды.
Сондай-ақ, Партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша өңірлік қоғамдық кеңестерінің төрағалары мен құрамдары бекітілді.
Партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, ең алдымен партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасау қамтамасыз етілетіндігін айтып, отырысты қорытындылады.