Қасиетті Рамазан айы басталды

Қасиетті Рамазан айы басталды

Қасиетті Рамазан айы басталды
ашық дереккөзі
Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Орталық Азия мүфтилері кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып қабылданған шешімге сәйкес,.2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 13 мамыр – Ораза айттың бірінші күні. Пітір садақа мөлшері жан басына – 420 теңге. Садақа мөлшері барлық облыстағы 2 келі ұнның ең төменгі бағасымен белгіленген. Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені, Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген. Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айы пандемия жағдайында өткелі отыр. Осыған орай таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатты ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырған болатын. «Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы 60-тан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз», - деген еді. Айта кетерлігі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде жүргізуді жалғастырады. Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан оқылады. Рамазанда бір ай бойы жалғасатын діни дәрістердің, қасиетті Қадір кешінің, ұлық мейрам - Ораза айттың онлайн бағдарламасы дайындалған. Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға да болады. Ал пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолы ұсынылған.