414
Салық есебіне тіркелген әншілер есімі белгілі болды
Салық есебіне тіркелген әншілер есімі белгілі болды
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан соң БАҚ-тарда есімдері жарияланған салық төлемейтін жұлдыздардың қайсысы құзырлы органдарға тіркеуге тұрғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Шоу-бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң Айбек Бекжігітұлы Жансеитов (әнші Бүркіт), Дильназ Мұратқызы Ахмадиева мен Әли Тасқынұлы Окапов жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Салық кезеңінің аяқталмауына байланысты бұл азаматтардың салық төлеуі жайлы ақпарат әзірге жоқ", - деп хабарлады Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2016 жылы бірнеше ай ішінде Бахтияр Мамедов (Jah Khalib) 921 мың 423 теңге, Даут Шайхисламов 749 мың 427 теңге көлемінде салық төлесе, Айқын Төлепберген 407мың 950 теңге төлеген.
Еске салайық, 2016 жылдың мамыр айында салық төлемейтін қазақстандық жұлдыздардың тізімі жарияланған болатын. "Алматыда жұлдыздардан жеке кәсіпкер ретінде тек екі адам тіркелген екен - әнші Қарынбаева Луиза (Луина) мен Мақпал Исабекова. Дегенмен олар жеке кәсіпкер ретінде салық төлемеген. Қалғандары тіпті Алматыда да, не басқа қалаларда да жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Біз олармен сөйлестік, олар ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтермен келіспейтінін айтып отыр. Олардың айтуынша, ешқандай табыс таппайды. Оны бізбен хабарласқан жұлдыздардың барлығы айтты. Ал Әнші Асхат Тарғынов тойлар мен мерекелік шараларда тегін ән орындайтынын жеткізді", - деген еді Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Еділ Әзімшайық. Ал кейінірек қазақстандық жұлдыздар осы мәселеге қатысты түсінік берді.