50293
Білім саласының басшылары компьютер жымқыру күдігіне ілінді
Білім саласының басшылары компьютер жымқыру күдігіне ілінді
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері 2020 жылы онлайн оқытуға көшуге байланысты балаларға арналған компьютерлер, планшеттер мен ноутбуктар сатып алу үшін бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу амалдары республиканың бес өңіріндегі білім басқармаларындағы лауазымды қызметкерлерге қатысты жүріп жатыр.
"Елдегі үкімет резерві есебінен шұғыл шығындар үшін ағымдағы іс-шараларды жүргізу" бағдарламасы бойынша 2020 жылы компьютерлер, планшеттер мен ноутбуктар сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша іс жүріп жатыр. Бұл қаражат білім беру процесін онлайн форматқа көшіруге байланысты шұғыл шығындар ретінде, сондай-ақ мектеп оқушыларын, соның ішінде тұрмысы төмен отбасылардағы оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін бөлінген болатын", – деді онлайн брифинг барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров.
Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыс аудандарының бірінде әкімдіктің білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. "Білім бөлімінің қызметкерлері пандемия кезінде аудандағы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнап үкімет резерві есебінен сатып алынған ноутбуктердің бір бөлігін жымқырды деген күдікке ілінді", – деп жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.