Астана мен Ташкент сауда-саттықты жандандырады

Астана мен Ташкент сауда-саттықты жандандырады

Астана мен Ташкент сауда-саттықты жандандырады
ашық дереккөзі
266
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған Үкімет делегациясы Ташкент қаласына жұмыс сапарымен барды деп хабарлайды pm.kz. Сапар барысында Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиеевпен, Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимовпен, Премьер-Министрінің орынбасары Улугбек Розукуловпен және сыртқы экономикалық байланыстар және сауда министрі Эльдор Ганиевпен келіссөздер жүргізілді. Ш. Мирзиеев Өзбекстан халқының және жеке өзінің атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысын білдірді. «Қиын күндері Нұрсұлтан Әбішұлы біздің, өзбек халқының жанынан табыла білді. Біз бұл үшін оған өте ризамыз. Қазақ халқы – біздің сенімді, шынайы әрі жақын досымыз», - деп баса айтты ол. Ш. Мирзиеевпен кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жай-күйі мен болашағы, өнеркәсіптік әріптестік, көлік және транзит саласындағы байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін зор әлеует бар екені атап өтілді. «Екі ел арасындағы тауар айналымындағы теріс үрдісті бірлесе отырып өзгертуіміз қажет. Біздің шынымен де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз жетерлік. Орта мерзімді перспективада бізге іс жүзінде тауар айналымын 2 есеге арттырып, 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуіміз қажет», - деп атап өтті Ш.Мирзиеев. А. Мамин кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен ынтымақтастықты дамытуға зор мән беретінін баса айтты. «Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша үлкен перспективалар байқап отырмыз. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, көлік және логистика саласында және т.б.», - деді А. Мамин. Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимовпен өткен келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудің нақты шаралары талқыланды. Тараптар келіссөздер нәтижелері бойынша Қазақстаннан Өзбекстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің, астық пен ұн экспортын арттыру, екі елдің аумағы бойынша тасымалданатын жүк ағымдары үшін қолайлы тарифтік жағдай жасау, теміржол көлігі қызметінде өзара жеңілдіктер қарастыру, Өзбекстаннан Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін жиі тасымалдайтын контейнерлік пойыздарды жолға шығару туралы келісімдерге қол жеткізілгені туралы нақтылады. Р. Азимов «қазақстандық өнімнің сенімді тұтынушысы» болып табылатын Өзбекстан Республикасына Қазақстаннан жеткізілетін ұн мен мұнай өнімдерінің көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастықты дамыту тетіктерін жасау, ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, фармацевтика, химия саласында өзара тауар жеткізуді қамтамасыз етудің, ақпараттандыру саласында кедендік өзара ықпалдастықты арттыруды күшейтудің кепілі болып табылатын бірлескен сауда үйлерін ашу мәселелері қаралды. «Астана және Алматы қалаларында бас кеңселерін ашумен біріккен кәсіпорындар түріндегі сауда үйлерін құру біздің өзара қажеттіліктерімізге сәйкес келеді», - деп атап өтті Р. Азимов. Сондай-ақ А. Мамин экономиканың нақты секторының бизнес қауымдастығы мен кәсіпорындары арасында тығыз іскерлік байланыстар орнату және өзара инвестициялар алмасу үшін екі ел нарығын ашу қажеттілігі туралы айтты. Ташкент қаласына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша А. Мамин мен Р. Азимов Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын ұлғайту туралы Хаттамаға қол қойды.

Серіктес жаңалықтары