171
Елбасы «Шағала Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды
Елбасы «Шағала Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын кәсіпорын жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына жиын-терін науқанының барысы, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері және оны дамыту жолында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Қазақстан Президентіне Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар шығаратын ауыл шаруашылығы техникасы үлгілері көрсетілді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев механизаторлармен және облыстың жетекші аграрлық компаниялары өкілдерімен әңгімелесті. Кездесу барысында еліміздің тәуелсіздігі жылдары осы салада болған оң өзгерістер жөнінде айтылды.
– Сіздердің шаруашылықтарыңыз Солтүстік Қазақстан облысының тек қана бидай өндіретін өңір емес екенін дәлелдеп берді. Бұл жерде майлы дақылдардың да барлық түрі жақсы өседі. Бүгінде агроөнеркәсіп секторында негізгі мәселелердің бәрі шешімін тапты. Енді еңбек өнімділігін және өндірілетін өнім сапасын арттыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасыға шаруалар жан-жақты қолдауы және ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді мемлекеттік саясаты үшін алғыстарын білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға жемісті жұмыс, табыс пен бақ-береке тіледі.