346
Байлықтан артық достық бар
Байлықтан артық достық бар
Халқымызда «Ынтымақ ырысқа жолығады, бірлік дәулетпен толығады» деген дана сөз бар. Бейбітшілік пен ұлттар арасындағы достықты ерекше бағалайтын біздің елде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері татулықты сақтап, ел дамуы жолында маңызды рөл атқарып отыр. Кең байтақ елімізге жаңаша серпін берген Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде ел ішіндегі береке-бірлік, қоғамдық келісім мен татулық туралы бірнеше мәрте атап көрсетілгені баршамызға ерекше әсер етті, көптің көңілінде жүрген асқаралы арман-мақсаттарды тамыршыдай тап басты.
Қазір облысымыздың аумағында 105 этнос өкілі тұрады. Олардың топтасып қоныстанған өңірлерінде 18 аудандық, 10 қалалық, 23 облыстық, жалпы саны 71 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқарып отыр. Алматы облысы атынан 28 адам Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Достықтың алтын бесігіне айналған Жетісу жерінде ұстанымы мен сенімі жылдар бойы нығая түскен 71 этномәдени бірлестік, әр этнос өкілдерінің бейбіт, қатар өмір сүруінің оңды тәжірибесін жинақтады.
Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында берген тапсырмасы негізінде, еліміздің барлық өңірінде қоғамдық келісім кеңестері құрылып, нәтижелі жұмыс істеуде.
Қоғамдық келісім кеңестерінің құрылымы аудандық және ауылдық деңгейді қамти отырып, әр әлеуметтік салаға жетуі – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі.
Тәуелсіз Қазақстан тарихы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасы берік болуы үшін этносаралық татулықтың сақталуына, ел бірлігінің мықты болуына басымдық беруі – ел басқарудағы көреген қадам екенін қазір бүкіл әлем мойындады. Бұл орайда, Елбасы бастамасымен құрылған, ел тіршілігінің бейбіт, тынысының еркін болуында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз етіп отырған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып жатқан қызметтің де үлесі ерекше. Халықтың рухани жаңғыруы мен эволюциялық дамуы – қоғамдық тұрақтылық жағдайында ғана қол жеткізе алатын құндылықтар. Сондықтан, саяси және экономикалық реформалардың, ұлттық жаңғыру үрдістерінің қай-қайсысында да ел бірлігі, халықтың тұтастығы тірек болуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясы, Елбасы жариялаған Бес институционалды реформалардың 4-бағыты «Бірегейлік пен бірлікті нығайту бойынша» атқарылатын шараларды негізгі іске асырушы ретінде бекітілді.
Қоғамдық келісім кеңестері – реформа аясында қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табу және талқылау алаңдары болып қала береді және мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар әзірлеп, жүзеге асыруға ықпал етеді.
Алматы облысында 312 қоғамдық келісім кеңесі бар. Оның ішінде 1 облыстық, 20 аудандық, 291 ауылдық деңгейде қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Әрине мәселе құрылған кеңестердің санында емес, жұмыс сапасында.
Барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері –
1 108 адам. Олар: этномәдени орталықтардың өкілдері, ардагерлер, аналар, жастар, кәсіподақ өкілдері және ауылдық округ әкімдері мен полицияның учаскелік инспекторлары.
Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестерін құру арқылы еліміздегі азаматтық қоғам мен мемлекеттік мекемелердің қызметін бір арнаға тоғыстырдық.
Барлық 312 қоғамдық келісім кеңесі І тоқсанның қорытындысы бойынша түрлі деңгейдегі 45 іс-шара өткізді, 182 өзекті мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Өйткені, қоғамдық келісім кеңестері өз қызметін қоғамдық бақылау, медиация, қайырымдылық сияқты Ассамблеяның жаңа міндеттерімен толықтырып келеді. Атқарылған тағылымды шаралар бір-бірімізді жақындастырып, өткенді ұмытпай, ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртуға жол ашады. Қайырымдылық жасасақ, толыққанды отбасылар, мейірімді жандар қатары көбеймек. Қазақстан халқы тарихтың сан тегеурінінен өткен, сыналған, шыңдалған. Сондықтан, бейбіт өмірді бағалай білетін еліміз бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдығының арқасында қандай дағдарыстың да тегеурініне төтеп бере алатынына сенемін.
Халқымыз басынан өткерген қилы кезеңдердегі тарихи үдерістер салдарынан қазақ жеріне сан алуан ұлт өкілінің қоныстануы біздің тағдырымызды сол этностармен ортақтастырды. Басып-жаншып, отарлау саясатынан туындаған сын-тегеуріндерді еңсере отырып, сан ұлт өкілдерінің панасына айналған мемлекет құраушы қазақ ұлтының мәмілегер мінезінің арқасында біз бүгінде біртұтас Қазақстан халқына айналдық.
Көпұлттылық және көп конфессиялылық – біздің еркімізден тыс телінген тағдырымыз. Мәдени байлығымызды молайтып, ерен еңбегімен мақтанышымызға айналған этностардың тағдыр-талайы ғана емес, салт-санасы, наным-сенімі де қазақ халқына аманат болып отыр. Сондықтан, біздің өзге де заңдарымыз сияқты, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы», дін туралы заңнамамыз да сан ұлттың сенімін түгел ескеріп, ұлтына, дініне қарамай, ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмеуге, әрі ешкімнің заң талаптарын бұзуына жол бермеуге негізделген. Өскелең ұрпақтың әртүрлі өзге діни ағымдарға ілеспей, қоғамға жат әдеттерден бойларын алыс ұстауларына Қоғамдық келісім кеңестері мүшелері белсенділік танытып, жастардың бойындағы туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруда елмен етене араласып, тағылымды шаралар ұйымдастыруда.
Қорыта айтқанда, өз жолымен жүріп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтап, нығайтудың бүкіл әлем үйреніп отырған моделін жасаған Қазақстанның бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі өлшеусіз. «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ», – дейді халқымыз. Біздің басты байлығымыз, оның құндылығы – қоғамдық келісім, елдің бірлігі, татулығы.
Келелі істердің толайым табыстарын 105 этнос өкілі мекен еткен Жетісу жұртшылығы бірге көріп, ұлт болып ұйысып, халық болып қайрат танытуда.
Сәуле ҚАРАМОЛДИНА,
Алматы облыстық
Қоғамдық
келісім кеңесінің Талдықорған
қаласы бойынша орынбасары