2342
Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...
Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...

Адамзат қоғамында барлық нәрсенің орны бар. Мәселен, ретті жерінде сынап-мінеп, ащы тілмен түйреп отырсақ, бірқалыпты, ұйып қалған тіршіліктің бойына қан жүгіреді. Шынына келгенде, жаратылысынан мазасыз адам баласын әрі-беріден соң өлі тыныштықтың өзі жалықтыра бастайды. Сондықтан ретті жерінде сынау, шенеу, әзілдеу, кейде тіпті дұрыс нәрсенің өзінен ілік тауып күлкіге айналдыру − адам көңілін көтеріп, өмірді қызықты ететін құбылыс.
Әдебиеттану ғылымы сынау, тиісу, қыжырту, әзілдеу, қалжыңдау, мысқылдау, кекету, мазақтау, масқаралау т.б. деп кете беретін аталас «қисық» сөздердің бәрін «сатира» деп бір-ақ ауыз сөзге байлайды. Десе де сатира, юмор, сарказм дегендердің бәрінің өз орны бар.
Қазақ ежелден қалжың сөзге ерекше мән берген. Содан болар, қалжың көтермейтіндерді, әзілді түсінбейтіндерді «Аузында қалжыңы жоқтың, белінде шоқпары бар» деп парасатты адамға санамаған. Өкпе-назын орынды әзілмен жеткізгендерге ешкім өкпелей алмаған. Айыпты болып тұрса мысқылға арланбаған, кінә өзінен болса кекеткенге де кектеспеген.
Арғы-бергіні ақтарып қарасақ, қазақи қалжыңдардың көбінен үлкен мәдениеттің, терең парасаттың, қара қылды қақ жарған әділдіктің белгісі көрінетін еді. Демек, қазақтың қалжыңын, ақыл-ойды дұрыс қалыптастыруға әсер етуші адам тәрбиесінің құралы болған.
Әр халықтың әзіл-қалжыңы, сын-сықағы өз болмысына жақын. Әрине, ол кейде сатира жасаушы жеке адамдардың ішкі мәдениеті мен таным-түсінігінің деңгейіне байланысты болатынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ тұтас халықтың қалжыңға деген көзқарасы, сатираны қабылдауы біртекті тұтасқан әлемді танытады. Бұл орайда қазақтар оңашада құрдастар арасында не жезде мен балдыздың сөз қағысуында болмаса, көпшілік алдында, өзі құрметтейтін кісілердің көзінше орынсыз, мәдениетсіз қалжыңға бармайды. Яғни, түрлі қалжың бар десек те, оны сахнаға алып шыға беруге болмайды деген сөз. Ал бізде қандай қазір?
Не түрлі дөрекі сатирасымақтар адамның жеке басына тиетін, тіпті адамдығын қорлайтын деңгейге дейін түсіп, саналы адамды күлдірудің орнына жирендіріп отырады. Әрине, бүгінгі сахнада көрсетіліп жатқан сын-сықақтарды баяғы Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкіровтер жасаған классикалық қазақ сатирасымен салыстырмақ ойымыз жоқ, бірақ кітап оқыла бермейтін бүгінгі заманда жұрт театр сахналарынан, теледидардан берілетін сахналық күлдіргі қойылымдарды сатира деп қабылдауға бейім. Ал оларда классикалық сатира формасы, мәдениетті қазақы қалжыңдар үлгісі сақтала бермейді. Мәселен, «Нысана» театрының жұртты күлдіремін деп оқушысынан жүкті болып қалған мұғалім образын сахнаға алып шығуы, актер Нұржан Тұтовтың түн ішінде дамбалмен үй кезіп жүргенін баяндап, «қарасам – енем» деп енесін күлкіге айналдыруы, «Бауыржан-шоудағы» «Құдағи бір партия» деп әңгімені белден төменге тірейтін Бауыржан Ибрагимовтың «тапқырлығы», «Шаншар» театры әртістерінің «папа», «мама» деген сөзді кішкене балаға «теріс қарап оқы» деп әжуалауы сияқты теріс тенденциялардың әзіл-сықақ театрлары сахнасынан қалай болса солай берілуі халықтың талғамын төмендетіп кеткен сияқты. Өйткені өнер адамдары өнім ұсынушы болса, халық – тұтынушы. Тұтынушылар қолжетімді өнімдерді ғана қанағат тұтады. Демек, қоғамға ең керекті сатира жанры сахнаға телмеңдеп, оның кім көрінгеннің қолжаулығына айналып бара жатқаны жаныңды ауыртады.
Қоғамда барлық кәсіп иелерінің атаулы күні бар, ал сатириктерге тікелей қатысы бар бір мейрам – 1-сәуір – күлкі күні деп есептеледі. Әлемнің көптеген мемлекетінде атап өтілетін бұл мейрам біздің елде танымал. Сондықтан күлкі күнінде еліміздегі бірнеше сатирик қаламгерге қолқа салып, формасы өзгеріп, сахнаға шығып кеткен бүгінгі қазақ әзіл-сықағы туралы ойларын білгіміз келді.
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,
сатирик жазушы:
Асыранды күлкінің ғұмыры ұзақ болмайды
Мұхтар ШЕРІМ,
сатирик жазушы:
Жастар сатира мен юмордың аражігін ажырата білмейді
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,
сатирик қаламгер:
Қазақ сатирасы қоғамды тәрбиелеуші құрал дер едім

– Жалпы, қазақ сатирасы солғын тартып кетті деген пікірдің өзі дұрыс емес. Бұл – қазақ сатирасын оқымайтындардың ойы. Қазақ сатирасын театр сахнасындағы күлдібадам ойынның деңгейімен өлшеуге болмайды. Әйтпесе қазақ сатирасына келіп қосылып жатқан шығармалардың барлығы сахнаға арналмаған ғой. Күнделікті жазылып жатқан шығарманың барлығын сахнаға сүйрелей бергеннен не ұтамыз? Олардың өз мақсаты, өз түсінігі бар. Кітаптан оқитын сатиралық шығармалар мен сахналық сатираның айырмашылығы бар. Демек кітаптағы шығарманың барлығын сахнаға алып шығу міндетті емес. Жалпы, қазақ сатирасын театр сахнасына әкеліп тіркеп қою да қате. Сондықтан сатира жайлы әңгіме болса, қазіргі жауыннан кейінгі қаптап кеткен сансыз театрлардың ойынын сөз етеміз. Оны қазақ сатирасымен шатастырмау керек. Қазақ сатирасы деген ауқымды түсінік. Ол түсінікті сахнаға апарып байлап қою қазіргі қазақ сатирасы мен күлдібадам ойындардың арасындағы алшақтықты түсінбеу дер едім. Сондықтан қазіргі қазақ сатирасы деген сұрақ пен ыржақай ойындардың деңгейін шатастырмау керек. «Қазіргі қазақ сатирасы» туралы жалпылама сұраққа әуестерге таңым бар. Олар қазіргі қазақ сатирасының хал-күйін әлгі ыржақай ойынпаздардың жырбақай күлкісімен шатастырады. Оның барлығы қазақ сатирасы емес. Ол жеңіл, қолдан жасаған күлкіге әуес, сахнадағы оспадарсыз ойынымен нан тауып, «бедел» жинап жүргендердің әрекеті. Сондықтан «қазіргі қазақ сатирасы» туралы әңгіме қозғағыңыз келсе, шынында сол қазіргі қазақ сатирасын оқып, білу қажет. Шындығында бүгінде қазақ сатирасының беделін айрандай төккендер де сол сансыз, сапасыз театрлар дер едім. Солардың қойылымдарында біздің қазіргі қазақ сатирасы өкілдерінің бірде-бір шығармасы жоқ. Барлығын сол театрларда ойнап жүрген актерлар жазады. Жазады деймін-ау, жазбайды, естіген, оқыған анекдоттарын тізіп, солардан күлкі шығаруға әуес. Сол себепті олар сахнада залда отырғандарды қытықтап күлдіруге бейім. Қытықтай да алмайды. Залда отырғандарға олардың қолы жетпейді ғой. Қолы жетсе де, қолтығына қол тыға алмай әуреге түседі. Сол қиналыстан жасанды, қолдан қашырған күлкіге ұқсас бірдеңе туындайды. Сондықтан жасанды күлкі шақырған сөз сол сәтте-ақ ұмытылады. Ал нағыз күлкі өміршең. Ол сахнадан да түспейді, өмірде де мысал ретінде көп айтылып жүреді. Қазақ сатирасы туралы айтқанда жалпы сұрақ қоюдан аулақ болу керек. Театрлардағы қойылымдардың ешқайсысы қазақ сатирасының жүгін көтере алмайды. Қазақ сатирасы деген кең ұғымға сыймайды да. Ол әуесқойлардың сырттан бақылап, сырттан түрткілеп тиіп-қашқан ойындарына ұқсас бірдеңе ғана. Сол себепті қазіргі сахнадағы күлдібадам қойылымдарды қазақ сатирасымен қатар қою сатира жайын білмеушілікке жатады. Сондықтан сахналық қойылымдардың ешқайсысы да қазіргі қазақ сатирасының хал-күйін бере алмайды. Онда мүлде сатира жоқ. Күлкі де жоқ. Барлығы жасанды, асыранды. Асыранды жыртқыштың жыртқыш боп жарытпайтынын ойласақ, асыранды күлкінің де ғұмыры ұзаққа созылмайды.

– Қазіргі қазақ сатирасы туралы сұрақтардың дені былай болып келеді: «Сатира неге арзандап кетті?», «Әзіл-сықақ театрлары неге тұщымсыз дүниелер сахналайды?». Шынында, қазақ сатирасының деңгейі тым құлдырап кетті ме? Осыған жауап іздеп көрейік. Бір кездері, атап айтқанда, кеңес дәуірінде сатира қылышы алмастай жарқырады. Сатира сарбаздары сап түзегенде, жер қайыспаса да, әскер тілінде бір ротаға жетіп қалардай болатын. Олардың ішінде генералы да, капитаны да, тіпті, ефрейторлары да көп болды. Аттарын атап, түстерін түстеп жатпай-ақ қояйын. Кеңес кетті, тәуелсіздік келді. Жаңа өмір басталды. Бұрынғыдай совхоз директорларын дірілдетіп жазып жүрген сатириктердің дені жаңа заман көшіне ілесе алмай қалды. Көшу былай тұрсын, жаза да алмай жүр. Көшке қол бұлғап қала берді. Жаза қалса, сол баяғы сараң стильдерінен ажырап кете алмай, алақтап, жалақтап қалды. Өкінішке қарай, әзірше тәуелсіздік жастары арасынан Оспанханша осып жазатын, Әзиз Несинше әзілдің түбін түсіретін, Чеховтай мақтамен бауыздайтын сатириктер шықпай жатыр. Бірді-екілі күлдібадам әзіл жазып, оны әлеуметтік желіге жариялай қойғандарды немесе әзіл-сықақ театрларында бүгін сахналанып, ертең ұмытылып қалатын, өздерін өздері сатирикпін деп күпінетіндерді сатира сарбаздары қатарына қоса алмаймын. Шалқаңыздан түсіп, ойланып жатсаңыз, көз алдыңызға жастардың бәрі күлкі іздеп кеткендей. Құдай күлкіден ажыратпасын. Бәрі әзіл-қалжың театрларын ашып, жұртты күлкіге қарық етсем, сөйтіп, көңілдерін жарық етсем дейді. Алайда, олар авторлармен жұмыс істегісі де келмейді, шеттерінен Шекспир, шеттерінен Щедрин. Ал сахналаған дүниелерін таразымен өлшеп жіберсеңіз, салмағы − нөл. Не тәрбиелік мәні жоқ, не сатиралық сәні жоқ, былыққан бірдеңелер. Театрды қойған жастар енді кино саласына ауыз сала бастады. Комедиялар түсіруден жарыс басталды. Өздерін Голливудтың актерлеріндей сезінгендер youtube-ты ұятқа қалдырып жатыр. Мәселен, Шымкенттегі сериалшылар жылдар бойы мағынадан жұрдай, ар-ұяттан тырдай «Әпке», «Жездуха» атты кинокомедиясымақтарды ұсынып отыр. Жасыратыны жоқ, көрермені де жоқ емес. Соған қарағанда, қазіргі көрерменнің ойлау деңгейі құдықтың ішіне түсіп кеткен немесе іштері пысқандықтан бірдеңеге алданғылары келеді. Тұщымды дүниелер жоқ болғандықтан. «Әпкенің» кейіпкерлері мынадай диалог құрады: «Жуынып жатып, сіңбірмесеңші? Миың қосыла түсіп қалады ғой?» дейді. Осыған да күлетіндер бар екен. Мен күле алмадым. Боқтық-былапыт сөздерді араластырып ойнай беретін бұл «актерлерді» нағыз өнер майталмандары, сатираның майын жалап жүргендер деп айта алмаймын. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте салуға тағы болмайды. Көп сыналатын Тұрсынбек Қабатов ащы сатираға да ауыз салып қояды. Мақтамен бауыздау шебері. Оның «қазақтар картина көрмейді» деген пәлсәпалы сатирасында терең ойлар жатыр. Қанша дегенмен, жеңіл әзілдерді құтыртып айтса да, Тұрсынбекте «бірдеңе» бар. Ақтөбедегі «Екі езу» театрының әртістері де мағыналы, майлы сатираның сорпасын ішіп қояды. Нұрлыбек Жұбатқанның қойылымдары ішек-сілеңізді қатырмаса да, «ойпырмайлатып», ойландырып қояды. Ал ой тастайтын сатира да керек. Жастар сатира мен юмордың аражігін ажырата білмейді. Сатираның ащы, кекесін екенін түсінбейді. Сөйтеді де, «Екі езудің» терең ойлы сатиралық қойылымдарына көздерін сығырайта қарайды. Нұрлыбек Жұбатқанның жемқорлық, парақорлық туралы «Командосы» шебер жазылған дүние. Ал қатын өсектерден аспайтын Күлпаштардан жұрт жалыға бастады. Бүгінде жастар, жастар дейміз-ау, үлкендердің өзі газет оқымайды, кітап бетін ашпайды десек те болады. Олар қазіргі заманның Вконтакте, Facebook, Instagram-дарынан үңілуден шаршамайды. Дұрыс дейміз бе, бұрыс дейміз бе, оның өздеріңіз таразылаңыздар. Менің өзім де, әлеуметтік желілерді жиі қараймын, әрі сатираларымды салып отырамын. Бір байқағаным, сатиралық немесе әзіл әңгімелерін жариялайтындар жоқ десе де болады. Керемет мүмкіндікті жіберіп, тек қонаққа барғандағы ішкен-жегендерін әңгімелеп жазудан, суреттерін жарнамалаудан ары аспайды. Қызылордалық Беко Шанхай (Бүркеншік аты) есімді жігіт ағасынан көп үміт күтуге болады. Еңбекқор. Үнемі әзіл әңгімелерін қарша боратып жатады. Тағы бір айтарым, ілгеріде басылым беттерінде әзіл-оспақ бұрыштары көп болатын. Бүгінде мұндай үрдіс жоғалған десе де болады. Осы жағына да көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Сатираны дамытуға бұл да көмек болар ма еді? Сатирадан сән кетірмес үшін көркем сөз оқу сияқты сатиралық монологтарды оқудан байқаулар өткізіліп тұрса құба-құп! Қалай болғанда да, күлкі – құдыретті күш! Ол ғасырлар бойы жасай береді.

– Сатира адам бойындағы білімсіздік пен надандық деп аталатын жаман қасиеттен пайда болатын зұлымдық пен қатыгездікті, сараңдық пен опасыздықты әшкерелейтінін, сол арқылы адамды жамандықтан сақтандыратынын әдебиеттен аз-маз хабары бар жұрттың бәрі біледі ғой. Бірақ кейнгі дәуірде осы салада жүрген азаматтардың көбі оны ақша табудың құралына айналдырып, бағасын түсіріп жібергенін елдің бәрі көріп отыр. Бұл туралы аз әңгіме болып жатқан жоқ. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің дәстүрлі «Алқа» отырысының бірінде қазіргі белгілі қазақ сатирик қаламгерлері бұл жайында жеріне жеткізіп-ақ айтты. Сонда Көпен Әмірбек: «Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа, аярлыққа, ашкөздікке, қомағайлыққа қарсы күресіп жатқанымызға ширек ғасырдан асып барады. «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтейік, соған бұқара болып дем берейік, ол – әр азаматтың парызы» деп жыл сайын жар саламыз. Сол күрестің ең үлкен құралы ретінде сатираны мемлекет қолға алу керек қой...», − деп ұсыныс айтса, қаламгер әрі актер Асқар Наймантаев: «Қалам тартып жүрген кей азаматтардың өзі күлкіден мақұрым екенін көзім көріп жүр. Сатирикке тән қасиет Құдайдан беріледі, меніңше. Арнайы оқу сауаттылық үшін қажет болар, сатирик болу үшін емес. Станислав Ежиец деген кісі: «Қорқынышты дүние күлдірсе – әзіл, күлкілі дүние қорқытса – сатира» деген екен. Осы дарын дәрімен егілмейді, таяқпен қонбайды адамға. Менің оған көзім жеткен. Қазақтың қалжың академиясы әлемде жоқ! Бұл – ұлттық дәстүр, бұл ұлттық тәрбие құралы. Қазақ қалжыңы көлденең көк атты кіріп кететін орта емес. Нағашы мен жиен қалжыңына, жезде мен балдыз, құда бала мен құдаша, құрдастар қалжыңына орта жолдан кіріп кететін құқың жоқ. Тек соларға ғана тән әлем ол. «Субординация» деп, «Бізге Батыстан сіңген мәдениет» деп өзінше тантып жүргендер жетерлік. Қазақтың субординация мектебі осы жоғарыда аталған қалжыңдар...», – деп қазақы қалжыңның тереңіне ой жіберсе, қазақ сатирасында үлкен орны бар сықақшы қаламгер Ғаббас Қабышұлы: «Сатира қайда, қашан болсын, халықтың биліктік жүйеге наразылығын дөп басып, өткір жазуымен көпшілікке көмекші болу парызынан жаңылған жоқ. Шынайы демократиялық елдерде бүгін де көмекші...», – деп сатираның қоғамға әсерін бағалайды. Міне осы айтылғандардың өзі-ақ сын-сықақ, әзіл-оспақ дегеннің не екенін ұқпай жүргендерге (ұққысы келмей жүргендерге де) едәуір сабақ емес пе? Өкініштісі, бүгінгі КВН-талғамның фабрикасынан өніп жатқан сатира мен оның орындаушыларына елді күлдірсе болды, басқасында шаруасы жоқ. Баяғы кездегідей сатира жанрында қалам тербейтін ақын-жазушылардың емес, өздерінің арзанқол дүниелері мен анекдоттық дәрежедегі дөрекілеу қалжыңдарына сүйенетін «квнщиктерден» құралған әзіл-сықақ театрлары көбейіп кеткен заманда қазақи қалжың ұмытылмай қайтеді? Демек, қазақы қалжыңды тірілтпей, күлкімізге де ұлттық реңк бермей тыңдаушыға рухани нәр болар сатираға жарымаймыз. Ұлт барлық мәселеде өз дербестігін, ерекшелігін көрсете білуі тиіс. Сондықтан қазақ сатирасы да жан-жақты дамып, әзіл-сықаққа қазақы көзбен қараса, қазақы қалжыңның тамырына қан жүгіріп, сахнамыздағы әзілге әдеп қайтып оралары хақ.P.S. Қазақ сатирасының бүгінгі жай-күйі туралы пікір білдірген үш қаламгердің ойларынан білгеніміз «бүгінгі қазақ сатирасы» деген мәселеде проблема баршылық екен. Бірі классикалық сатира мен сахналық әзіл-сықақ қойылымдарын шатастыруға болмайды десе, екіншісі сахналық шығармалардың тұзы жеңіл, қоғамдағы проблемаларды терең қамтуға қауқарсыз дейді. Ал үшіншісі әзіл-сықақтың ұлттық реңкі, яғни қазақы қалжың болуы қажет, сонда сатира мәдениетті жолмен дамиды деген пікірде. Әрине, бұлардың қай-қайсысының да ойларында шындық бар. Айтқандарымен келісеміз. Бірақ айта кететін бір нәрсе, бүгінгі заманда баяғы кездегідей кітаптан сатиралық шығарма оқып рухани ләззат алатын оқырман жоққа тән. Оның үстіне шығып жатқан сатиралық кітаптар аз. Шыққандарының таралымы мәз емес. Ол халыққа жетпейді. Сондықтан қазақ сатирасын іздегендер теледидардан берілетін не театрларда көрсетілетін әзіл-сықақтарды қарап, соны қанағат тұтуға мәжбүр. Ал әзіл-сықақ театрлары қазақтың сатирик жазушыларымен бірігіп жұмыс істеуге құлықсыз. Осының себебінен сахналық сатираны күлдіру үшін жасалған дөрекі қалжыңдар басып кетті. Кейбірі басы комедия болып басталғанымен, ізі трагедияға айналып, күлуге барған жұрт театрдан жылап шығады. Сондай-ақ, Тұрсынбек Қабатов секілді сатиралық театр әртістері мәселенің көбін «қазақтыққа» тіреп, дүниедегі бар оспадарсыздықты өз халқының бойынан көруге бейім. Бұл да көңілге тиетін «тәсіл». Әзіл-қалжыңды тақ-тұқ «квндік» дарақы күлкі тудыратын нәрсе деп білетіндер қанша... Қалай десек те, бүгінгі қазақ сатирасында (негізінен сахнада жасалып жатқан) тоқырау бар сияқты. Өйткені қаптаған әзіл-сықақ театрларының («Шаншар» секілді бұрыннан келе жатқан бірер театрды айтпағанда) бірін-бірі қайталайтыны, тәсілдерінің ұқсастығы шынайы сатиралық қойылым көргісі келетін жұрттың көңіліне кірбің салуда. Сондықтан бұл мәселеде жаңаша ізденіс, шығармашылық серпіліс қажет секілді. Сатирадан мән кетсе, сахнадан да сән кететінін ұмытпағанымыз жөн шығар.
Дайындаған
Ахмет ӨМІРЗАҚ