1128
Егемендіктің ерен жеңісі – шекараны шегендеу
Егемендіктің ерен жеңісі – шекараны шегендеу

Тәуелсіз ұлттық мемлекет құруды аңсаған ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманының ақиқатқа айналғанына тұп-тура 30 жыл...
«Тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі – біздің шекарамыздың айқындалып, заң жүзінде бекітілуі» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған «Қазақстан – 2050» стратегиясында. Халықаралық деңгейде танылған және тиісті түрде ресімделген шекара – тәуелсіз мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігінің негізі, бейбіт өмірдің, тату көршіліктің және алыс-жақын елдермен ынтымақтастықтың, сондай-ақ өңірдегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Екі алпауыт держава – Қытай мен Ресейдің арасында орналасқан Қазақстан үшін олармен талассыз шекаралардың болуы біздің мемлекеттілігіміз бен егемендігімізді қамтамасыз етудің маңызды факторы екені белгілі.
Әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігінің шекаралары XIV-XV ғасырларда Еуропада болған қанды соғыстар сияқты ұзаққа созылған күрестің, арпалыстың нәтижесінде түзілген. Ел аузындағы «Шекаралар сиямен емес, қанмен жазылады» деген сөз тек тарихи шындықты көрсетеді. Біздің шекараларымыз, Құдайға шүкір, соғыстың нәтижесі емес, Кеңес Одағы құлағаннан кейін одақтас республикалар арасындағы әкімшілік-аумақтық шекаралардан түзілді.
Бір айта кетерлігі, посткеңестік қоғамда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында мемлекеттік шекараны белгілеудің орындылығына күмәнданғандар аз болған жоқ. Олар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылғаннан кейін айқындалған шекаралар мемлекеттердің халқы арасындағы байланысқа, тауарлардың, капиталдың және адам ресурстарының еркін алмасуына кедергі келтіреді деген пікірді алға тартты. Психологиялық тұрғыдан оларды түсінуге болады.
Алайда, жоғарыда айтылғандай, шекара болмаса, мемлекет те жоқ. Тек нақты анықталған және белгіленген шекаралар жанжалсыз өмір мен ынтымақтастыққа ұзақмерзімді негіз бола алады. Ал шекараның халықтарды ажыратуы немесе біріктіруі мемлекеттердің өздеріне, олардың ұстанған саясатына байланысты.
Қазақстан басшылығы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің жас мемлекетіміздің шекарасын нақты анықтау және халықаралық мойындаудың қажеттілігі мен маңызын жақсы түсінді. Ол уақытта шекара мәселесін кейінге шегере тұруға болады, ең алдымен мемлекеттің экономикалық мәселелерімен және ұйымдастырушылық-саяси құрылымымен айналысу керек деген пікір кең таралған болатын. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев бұл пікірмен келіспеді, шекара мәселесін созбаққа салмауды жөн көрді.
Уақыт бұл шешімнің дұрыстығын және көрегендігін дәлелдеді. Соның арқасында Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығында ұлттық аумақтың бүкіл периметрі бойынша өз шекараларын толығымен және түпкілікті айқындаған, халықаралық-құқықтық ресімдеуді аяқтаған жалғыз посткеңестік мемлекет болды. Біз Кеңес Одағының құлдырауы нәтижесінде пайда болған өзге тәуелсіз мемлекеттердің әлі күнге дейін аумақтарын айқындай алмай, екі күннің бірінде қырықпышақ болып жатқанын көріп отырмыз. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан арасындағы шекара дауларының күрмеуі шешілмей келеді.
Қазақстан-Қытай шекарасының ресімделуі
Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау ең бірінші Қытай Халық Республикасымен жүргізілді. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен делегация құрылып, сол жылдың қазан айында шекаралық келіссөздер басталды. Олар КСРО ыдыраған соң үзілген Кеңес-Қытай келіссөздерінің жалғасы болды. Келіссөздер барысында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстанның Біріккен делегациясы қытайлықтармен әріптес болды. Ресейлік сарапшылардың үлкен келіссөздер тәжірибесін және келіссөздерге қажетті барлық тарихи құжаттардың Ресей мұрағаттарында болғанын ескере отырып, Ресейдің біріккен делегацияға қатысуы орынды деп танылды.
Біздің ұлан-ғайыр шекарамызды айқындау және заңды ресімдеу неліктен дәл Қазақстан-Қытай шекарасынан басталды деген сұрақтың тууы заңды. Мұның бірнеше себебі болды.
Біріншіден, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесі кеңестік-қытайлық шекаралық келіссөздерде талқыланып қойған еді.
Екіншіден, Қытаймен шекараның бұрынғы кеңестік республикалар қатарындағы басқа көршілермен шекарадан айырмашылығы – Қазақстан үшін сол кездегі жалғыз сыртқы шекара болды.
Үшіншіден, құнды келіссөздер тәжірибесін жинақтаған Қазақстанды қоса алғанда, ҚХР-мен шектесетін одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен кеңестік үкіметтік делегация түрінде дайын келіссөздер құрылымы жұмыс істеді.
Төртіншіден, кеңестік-қытайлық шекаралық келіссөздерде олардың қатысушылары басшылыққа алатын негізгі қағидаттар әзірленіп, келісілді, бұл бізге шекара мәселелерін қарауды және өзара қолайлы уағдаластықтарға қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетті.
Тағы бір себеп, ол уақытта бұрынғы кеңестік республикалар қатарындағы көршілеріміз шекара мәселесін шұғыл шешуге құлықсыз болды, бұл тақырыпты талқылауға дайын болмады.
Қытаймен шекара туралы келіссөздер XIX ғасырдың ортасында қол қойылған патшалық Ресей мен циндік Қытай арасындағы қолданыстағы келісімдерге негізделді, олар қазіргі шекараның жалғыз құқықтық негізі ретінде қабылданды.
Келіссөздердің жиырма раунды өтті. Олар күрделі, қызу пікірталастармен есте қалды. Келіссөздердің барлық қатысушысы өзара тиімді шешімдерді іздеуге, нақты нәтижеге қол жеткізуге мүдделі болды. Нәтижесінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасынан өту сызығының 90 пайыздан астамын келісу және 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан–Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қою мүмкін болды (1995 жылғы 11 қыркүйекте күшіне енді).
Алайда, екі делегацияның барлық күш-жігеріне қарамастан, жалпы ауданы 944 шаршы шақырым болатын Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы екі даулы учаске келісім шеңберінен тыс қалды. Олар бойынша келіссөздер төрт жылға созылды.
XIX ғасырдағы Ресей-Қытай келісімдері осы учаскелердегі шекара сызығының өтуі туралы нақты көрініс бермеді, екіұшты түсінік қалыптасты, бұл тараптардың ешқайсысына өз талаптарын дәлелдеуге мүмкіндік бермеді. Дейтұрғанмен, даулы учаскелер туралы мәселені кейінге ысыруға болмайтын, өйткені ол елдер арасында кикілжің тудыруы ғажап емес еді. Кеңес Одағы сияқты алпауыт ядролық державаның өзі Қытаймен шекарада қарулы қақтығыстардан аулақ бола алмағаны белгілі. Мұндайға жол бермей, ымыралы шешім іздеу керек болды.
Мәселені шешуде екі елдің көшбасшы-лары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь маңызды рөл атқарды. Шешім шекара маңындағы облыстар өкілдерінің қатысуымен дайындалған қазақстандық тараптың «пакеттік» ұсынысы негізінде қабылданды. Нәтижесінде екі даулы учаскеде 537 шаршы шақырым (57%) Қазақстанға, 407 шаршы шақырым (43%) Қытай меншігіне өтті. Осы екі учаске бойынша қосымша келісімге 1998 жылғы 4 шілдеде қол қойылды.
Қазақстандық-қытайлық аумақтық бөлініс қорытындысына жұрттың бәрі бірдей қанағаттанған жоқ. Қытайда, Тайваньда және Гонконгта даулы аумақтардың Қазақстан секілді «шағын мемлекетке» негізсіз берілген деген мазмұндағы сыни жарияланымдар шықты. Біздің елімізде де Қытайға «аумақтық жеңілдіктер» жасалды деген сыңаржақ пікірлер аз болмады. Мұндай негізсіз айыптаулар қазақ-қытай шекарасының қалыптасу тарихы мен шындығын білмейтін адамдар тарапынан айтылып жатты. Бұл мәселенің мән-жайын жетік білетін сарабдал саясаткер, білікті қытайтанушы Қ.Тоқаевтың сол кездегі: «Қытаймен шекара мәселесінің шешілуі заң тұрғысынан дұрыс, саяси тұрғыдан негізді» деген сөзінен артық байыпты баға бере алмаспыз.
Посткеңестік кеңістіктегі келіссөздер
Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекараларды делимитациялау аяқталғаннан кейін өз шекараларын қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сәйкес айқындаудың маңызын енді ғана түсінген басқа көршілермен аумақтық межелеу процесі басталды. 1999 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түркіменстанмен және Өзбекстан Республикасымен делимитациялау жөніндегі үкіметтік делегация құрылды.
Қытаймен шекарадан айырмашылығы, біздің бұрынғы кеңестік республикалармен шекараларымыз мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болмады, бірақ әкімшілік-аумақтық шекаралар болды. Сәйкесінше олардың мемлекетаралық шарттар түріндегі құқықтық негізі болған жоқ, тек КСРО Жоғарғы Кеңесі бекіткен тиісті одақтас республикалардың жоғарғы кеңестерінің шешімдеріне негізделді. Алайда конституцияларда қарастырылған рәсімдер үнемі сақтала бермейтін.
Бұл жағдайда КСРО ыдыраған тұста бұрынғы кеңестік республикалар арасындағы әкімшілік-аумақтық шекаралар келіссөздердің негізі ретінде қабылданды, келіссөздердің нәтижесінде олар мемлекеттік шекараларға айналуы керек еді.
Мұндай тәсіл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірқатар жалпы саяси құжаттарынан, атап айтқанда 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясынан, 1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық қағидаттарын сақтау туралы декларациядан, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларына қол сұғылмаушылығын сақтау туралы декларациядан және т. б. туындады.
Өзгелермен салыстырғанда Түркіменстанмен арадағы шекараны делимитациялаудың әуресі аздау болды. Ол Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шартқа (9.05.1993ж.) және Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы меморандумға (9.04.1999 ж.) сәйкес жүргізілді.
Келіссөздерді сенімді құқықтық және картографиялық материалдардың жеткілікті болуы жеңілдетті. Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық шекара конфигурациясының қолайлылығы да көп көмектесті, ол негізінен түзу сызықтар кесіндісі түрінде болды және шөлді аймақ арқылы өтті, соның арқасында тараптар арасында келіспеушілік туындаған жоқ. Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау процесі туралы шартқа 2001 жылғы 5 шілдеде қол қойылды (2006 жылғы 31 тамызда күшіне енді).
Қырғыз Республикасымен шекараны делимитациялау туралы келіссөздер Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы шарт (08.04.1997 ж.) және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы меморандум (17.07.1998 ж.) негізінде 1999 жылғы қараша мен 2001 жылғы желтоқсан аралығында өтті.
Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы әкімшілік-аумақтық бөліністі ажырату базасы болып саналатын заң құжаттары негізінен өткен ғасырдың 30-жылдарында қабылданған. Ол уақыттан бері жергілікті жерде айтарлықтай өзгерістер болды, салдарынан шекарадағы жағдай қолда бар құжаттарға сәйкес келмеді. Біріншіден, бұл Шу мен Талас шекаралық өзендерінің арнасының өзгеруіне қатысты болды. Басқа да сәйкессіздіктер кездесті. Осыны ескере отырып, тараптар шекара сызығын нақтылауға, оның қолда бар құжаттарға және халықаралық құқықтық нормаларына сәйкестендіруге күш жұмылдырды.
Келіссөздер барысында шекараның бірқатар учаскесі бойынша, сондай-ақ шекарада және шекара маңы аймағында орналасқан шаруашылық нысандарының қай тарапқа тиесілі екенін анықтауда келіспеушіліктер туды. Бұл бірлесе отырып жергілікті жерде далалық зерттеу жүргізу арқылы нақты жағдайды зерделеуді талап етті. Кейде келіспеушіліктер құжат бойынша бір тарапқа тиесілі жекелеген учаскелердің көп жылдар бойы екінші тараптың шекара маңындағы тұрғындарының шаруашылық пайдалануында болуымен байланысты болды. Мемлекеттердің ұстанымдарында қайшылық тудырған әрбір учаске бойынша келісілген шешімдер қолда бар заңды құжаттарға сай қабылданғанын атап өткен жөн.
Шекарадағы және шекара маңы аймағындағы шаруашылық нысандарына (олардың бірі – Чумыш бөгеті және су торабы) келетін болсақ, қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша олардың қай тарапқа тиесілі екені және пайдаланылуы туралы мәселе делимитация процесі шеңберінен тыс қаралды және мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жеке талқы тақырыбына айналды.
Ұзындығы шамамен екі жүз шақырым болатын Шу өзенінің бойындағы шекара сызығын анықтау біраз қиындық тудырды. Бұл мәселеде тараптар халықаралық құқықтың жалпы қабылданған нормаларын басшылыққа алды, оған сәйкес кеме жүрмейтін өзендерде шекара өзеннің негізгі арнасының ортасынан өтуі керек. Негізгі арна мен оның ортасын анықтау үшін су мамандары мен гидролог ғалымдарды тарту қажет болды.
Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа 2001 жылғы 15 желтоқсанда қол қойылды және Қазақстан тарапы 2003 жылғы шілдеде ратификациялады. Шартты Қырғыз Республикасы парламентінің ратификациялауы жеті жылдан астам уақытқа созылды. Бұған қырғыз қоғамында екіұшты көзқарас себеп болды. Кейбір саяси күштер шекара мәселесін ішкі саяси күресте фактілерді бұрмалап, келісімге біржақты баға беру арқылы пайдалануға тырысты. Құжат 2008 жылғы 17 сәуірде ратификацияланды және сол жылдың 5 тамызында күшіне енді.
Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау процесі 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясының және 1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың және басқа да құжаттардың негізінде 2000 жылғы ақпаннан 2002 жылғы тамызға дейін өтті.
Қазақ-өзбек шекаралық бөлінісінің хрущевтік кезеңдегі кейбір негізсіз өзгерістерін және осы мәселе төңірегіндегі түйткілдерді ескере отырып, Өзбекстанмен шекараны делимитациялау о бастан қиын міндет болды. Өткенді қазбалап, екі бауырлас халықтың ғасырлар бойғы достығына зиян келтіретін қажетсіз эмоцияларды қоздыру орынсыз. Өзара қолайлы шешім іздеу жолындағы күрделі келіссөздердің барлық бұрылыс-қалтарысын бір мақаланың шеңберіне тықпалау мақсатымыз емес.
Онсыз да күрделі келіссөздерді Қазақстан мен Өзбекстанның көршілес облыстары тұрғындарының қысымы қиындата түсті. Көпшілік өз эмоциясын кейде елді мекендердің көшелерінде, кейде БАҚ бетінде көрсетті. Тіпті, Бағыс кентінің тұрғындары елді мекенді Қазақстан құрамына енгізуден бас тартқан жағдайда «Бағыз Республикасын» құрамыз деп қорқытқан жағдай болды. 1956 жылы Хрущевтің волюнтаристік шешімімен Өзбекстанға берілген Бостандық ауданын қайтаруды талап еткен азаматтар да болды. Қ.Тоқаев атап өткендей, «мұндай талаптар іс жүзінде Өзбекстанмен қарым-қатынастың барлық жүйесін күл-талқан етуді білдіреді. Басқаша айтқанда, бітіспес жанжал туындауы мүмкін. Бұл екі елдің негізгі мүдделері мен ұмтылыстарына қайшы келетін өте жауапсыз шешім болар еді».
Келіссөздер барысында туындаған барлық қиындықтарға қарамастан шекара сызығының 96 пайызынан астамы келісілді. 2001 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы негізгі шартқа қол қойылды. Үш учаске келісілмеді. Бұл учаскелер бойынша келіссөздер жалғасты, бірақ мәмілеге келу мүмкін болмады. Президент Н.Назарбаевтың араласуынан кейін ғана тараптар ымыраға келіп, екі елдің шекара маңындағы халқының ұлттық мүдделеріне сай келетін шешімге қол жеткізді. 2002 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы шартқа қол қойылды.
Қазақстан-Өзбекстан шекарасы туралы негізгі және қосымша шарттарды Парламент ратификациялады, құжаттар 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді. Осылайша, ұзақ уақыт бойы қазақ-өзбек қарым-қатынастарына көзге көрінбейтін көлеңке түсіріп, екі туысқан халықтың арасындағы достық пен тату көршілікке, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіретін мәселеге нүкте қойылды.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы құрлық шекарасы – әлемдегі ең ұзын шекара және Еуразия құрлығының Азия, сондай-ақ Еуропа бөліктері бойынша өтеді. Мұндай шекараны заңды ресімдеудің үлгісі жоқ, сонысымен де күрделі. Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей әкімшілік-аумақтық шекарасы Қазақ КСР және РКФСР конституцияларында көзделген құқық құрушы құжаттармен аз қамтамасыз етілгені белгілі болды.
1998 жылғы қазанда Қазақстан мен Ресей басшылары Мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі ниет хаттамасына қол қойды. Оған сәйкес, екі мемлекеттің үкіметіне шекараны делимитациялауды жүзеге асыру және тиісті мемлекетаралық шартты дайындау үшін делегациялар құру тапсырылды.
Келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінде басталды. 50 раундқа созылған келіссөздердің сәтті өтуіне тараптардың шекарада даулы аудандардың жоқтығын мойындауы айтарлықтай ықпал етті. Осылайша негізгі күш түсініксіздік тудырған тұстардағы шекараның өту сызығын нақтылау және шекара маңындағы халықтың мүдделері мен экономикалық жағдайын ескере отырып оны аздап түзетуге бағытталды.
2004 жылдың басында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы сызығының 98 пайызы келісілді, ол 7440 шақырым бойы іс жүзінде республикааралық әкімшілік-аумақтық шекарамен тұспа-тұс келді. Шамамен 16 учаске (151 шақырым) қалды, оларға қатысты келісілген шешімдер әзірлеу қажет болды. Олардың ішінде 9 учаске бойынша шекараның өту сызығы туралы келіспеушіліктер болмағанымен, тараптардың бірінің жергілікті халықтың шаруашылық мүддесіне сай түзету енгізу туралы өтініші болды. Өзге 7 учаске бойынша қолданыстағы шекара сызығы қолда бар құжаттарға сәйкес келмеді. Бұл топтағы ең күрделі учаскелер аса ірі Имашев газ конденсаты кен орны орналасқан Атырау облысы мен Астрахан облысының түйіскен жеріндегі шекараның өту сызығы туралы мәселе болды. Тараптардың қолындағы құжаттар бір-біріне қайшы келді және мемлекеттердің ешқайсысына басым құқық бермеді. Мәселені үкіметтер деңгейінде қарастыруға тура келді. Екі тараптың мұнай-газ ведомстволарының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен бірнеше рет жүргізілген талқылаулардың нәтижесінде өзара қолайлы ымыралы шешім табылды, оған сәйкес шекара Имашев газ конденсаты кен орны арқылы өтті. Учаскенің өзі де, кен орны да Қазақстан мен Ресей арасында тепе-тең бөлінді. Сондай-ақ, екі ел осы кен орнын бірлесіп игеру және бірлескен жұмыстың қағидаттары мен шарттары туралы жеке үкіметаралық келісім жасасу туралы уағдаласты.
2005 жылғы 18 желтоқсанда Мәскеуде екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде, бес жылдан аз уақыт ішінде әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы делимитацияланды.
Шегенделген шекара – ұрпаққа мұра
Шекараны делимитациялау процесі аяқталғанға дейін де Қазақстан мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық рәсімдеудің соңғы кезеңі – демаркациялау, яғни жер бетінде арнайы шекара белгілерімен айқындауды тезірек бастауға талаптанды. 2003 жылғы 16 қазанда Үкімет қаулысымен шектес елдермен мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегация құрылды. Үкімет шешімімен шекара белгілерінің үлгілері бекітілді. Бұдан бөлек, «Қазгеокарт» мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны демаркациялық жұмыстардың орындаушысы болып тағайындалды. Әрбір шектес мемлекетпен демаркациялық жұмыстардың бүкіл процесін реттейтін құқықтық құжаттар әзірленді.
Көпшілік демаркацияны таза техникалық сипаттағы іс деп түсінеді. Шындығында олай емес. Демаркация кезінде алуан түрлі сұрақтар туындайды. Шекара маңындағы халықтың шаруашылық мүдделерін ескеру қажеттілігі үнемі жұмыс тобының алдынан шығып отырды. Тараптардың шекара қызметтерінің жұмысына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі де назарға алынды. Сондай-ақ шекара сызығын нақты және анық белгілеу үшін жергілікті жер бедерінің ерекшеліктерін ескеру қажет болды.
Қазақстан-Қытай шекарасындағы демаркациялық жұмыстар басқа шектес елдермен шекараны делимитациялаумен қатар жүргізілді және 2002 жылғы 10 мамырда оны демаркациялау туралы хаттамаға қол қоюмен аяқталды.
Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны демаркациялау бойынша дала жұмыстары 2004 жылы басталды. Қазір бұл шаруа іс жүзінде аяқталды, қорытынды құжаттарды қол қоюға дайындау жүріп жатыр.
Түркіменстанмен және Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекара толығымен шегенделген. Демаркациялау туралы шарттарға тиісінше 2017 жылғы 18 сәуірде және 2017 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылды, құжаттар ратификацияланған және күшіне енді.
Қазақстан-Ресей шекарасына келетін болсақ, бедердің бірегей ұзындығы мен күрделілігіне байланысты оның демаркациясы көп еңбекті қажет етеді. Қазір 6 700 шақырымнан астам, яғни шекараның жалпы ұзындығының 90 пайызы демаркацияланған. Шекараның қалған бөлігі табиғи-географиялық жағдайлары бойынша күрделі учаскелер, онда орман басқан таулы аймақ басым. Осыны ескере отырып, демаркацияның толық аяқталуы біраз уақытты алатынын болжауға болады.
Қазақстан бүгінде посткеңестік кеңістіктегі өзінің мемлекеттік шекарасын бүкіл периметрі бойынша заңды ресімдеуді толық аяқтаған алғашқы және әзірге жалғыз мемлекет екенін атап өткен жөн. Халқымыз өзінің сан ғасырлық тарихында тұңғыш рет барлық халықаралық қоғамдастық мойындаған, тиісті түрде анықталған, сипатталған және қазіргі заманғы құқықтық стандарттар бойынша бекітілген мемлекеттік шекараларға қол жеткізіп отыр. БҰҰ-да тіркелгеннен кейін Қазақстанның шектес мемлекеттермен шекара туралы шарттары осы ұйымның беделімен нығайтылған легитимділік пен мызғымастықтың қосымша кепілдігіне ие болады.
Шекара туралы шарттар мәңгілік, қайтымсыз сипатқа ие және біржақты тәртіпте өзгертілмейді немесе күшін жоймайды. Тіпті, соғыс та олардың күшін жоя алмайды.
Көп жылға созылған күрделі де ауқымды жұмысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзі дөп басып қорытындылағандай: «Болашақ ұрпаққа нақты айқындалған, тиісті түрде белгіленген және ресімделген, халықаралық құқық нормаларымен қорғалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы мұра болып қалады».
Вячеслав ҒИЗЗАТОВ,
Дипломатиялық қызмет ардагері,
Төтенше және өкілетті елші
Орыс тілінен аударған
Анар ЛЕПЕСОВА