209
Петропавл: көктемде 240 үйді су басуы мүмкін
Петропавл: көктемде 240 үйді су басуы мүмкін
Петропавлда қалалық әкімдіктің аппараттық кеңесі өтіп, әлеуметтік желіде көптің талқысына түскен қаңғыбас иттермен күрес, көшелерден қар шығару мәселелері қаралды.
Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары тоқтаған емес. Жыл басынан 700-ден астамы ауланған. Қала тұрғындарына, әсіресе, мектеп оқушыларына қауіп төндіретін иесіз жануарлар облыс орталығында жетерлік. Қаңғыбас иттер Жұмысшы мен Заречный кенттерінде көп шоғырланған. IKOMEK-109 диспетчерлік қызметіне күн сайын тұрғындардан шағым түсіп, ветеринариялық қызмет өтінімдер бойынша жұмыс істейді. Бұдан бөлек ит иелеріне жауапсыздық үшін 335 хаттама толтырылған.
Аппараттық кеңесте Петропавлдан қар шығару мәселесі де назардан тыс қалмады. Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, абаттандыру ережелеріне сәйкес кәсіпкерлер бизнес нысандарының айналасындағы бес метр аумақты жинауы тиіс. Алайда, бұл жұмыс тиісті деңгейде атқарылмай отыр. «Жергілікті полиция қызметіне кәсіпкерлермен жұмыс істеу керек. Оларға іргелес аумақты күтіп ұстау мен олардың жауапкершілігі бойынша түсіндіру-алдын алу жұмыстарын күшейту қажет», - деді Болат Жұмабеков. Бүгінде кәсіпкерлік нысандарының 194 басшысымен түсіндіру жұмысы жүргізілді. Солардың 61-і «ескерту» түрінде әкімшілік жауапқа тартылды. Петропавл әкімінің айтуынша, су басуы мүмкін қауіпті шағын аудандар назарға алынған. 2017-2020 жылдардағы талдау негізге алынып, су басуы ықтимал жерлердің тізімі жасалды. Қазіргі кезде облыс орталығында су асында қалуы ықтимал 240 үй бар.
«Петропавл көшелерінен қар шығаруға 245 техника жұмылдырылған. 31 наурызға дейін кәріздерді тазартуды аяқтау жоспарланған, бүгінде олардың 85 %-ы жұмысқа дайын. Барлық дренаж сорғыларының жұмысы тексерілді. ТКШ бөліміне барлық кәріз құдықтарына тексеру жүргізу тапсырылды. Себебі ауыр техника қар тазалаған кезде қақпақтар ашылып кетуі мүмкін. Бұдан бөлек, жүргіншілер жолы мен тротуарларға себілетін құм-тұз қоспасының көлемі арттырылмақ», - дейді Петропавл әкімі Болат Жұмабеков.