920
Жамағаттың жалыны
Жамағаттың жалыны
Қазақ музыкасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан үлкен композиторлар, мықты музыканттар аз емес. Сондай-ақ елімізге ғана емес, шетелдерге де танылған фольклорлық ансамбльдердің құрылуы мен жоғары дәрежеге жетуіне үлес қосқан дирижерлардың өзі бір төбе. Солардың арасында жер жәннаты Жетісудың перзенті, белгілі композитор, танымал дирижер Жамағат Темірғалиевтің орны бөлек.
Әкесі Хафиз домбыраны сөйлеткен шебер күйші, анасы әнді әсем шырқайтын әншілік дарыны бар, өнер иелері болған Жамағаттың нағашысы Көтентәуіп өз кезінде мықты қобызшылардың бірі болған. Жетісу өңірінен шыққан әйгілі Молықбай қобызшының дәстүрін жалғастырған қобызшы. Бір сөзбен айтқанда, нағашысы жағынан да, өз тұқымы жағынан да өнер қонған әулеттен шыққан Жамағат Хафизұлы музыка бойына қанмен дарып, сүтпен сіңген туабітті дарын деуге әбден лайық.
Жастайынан өнерге ғашық бала 1965 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, содан контрабас аспабы бойынша білім алып, сонымен бірге дирижерлық мамандығын игеріп шығады. Шамғон Қажығалиев, Базарбай Жұманиязов, Кенжебек Күмісбеков секілді ұстаздардан дәріс алып, өнерін шыңдайды. Одан әрі өнерін өрістете түскісі келген ол аспирантураға түсіп, Ш.Қажығалиевтің дирижерлық класын бір бітіріп, нағыз білімді дирижерға айналды.
Танылған мықтының тұғыры биік болары анық қой, шабыты тасып тұрған жас дирижер атақты Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне шақырылып, онда біраз жыл концертмейстер қызметін атқарды. П.Чайковский атындағы училищеде алғаш рет халық аспаптары бөлімін ашып, сонда халық аспаптары оркестрін құрды. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері қызметін абыроймен атқарды. Кейін одан өзге де оркестрлерді құрып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Сол шәкірттерінің бірі болғанымды өзім де мақтаныш етемін. Ендеше ұстазымның менің өміріме қатысты тұсынан аз ғана естелік айта кетсем, артық болмас.
...Шымкент музыкалық училищесін бітіріп келгеннен кейін Алматы консерваториясының домбыра класына түскем. Мұнда екінші курсты бітірген соң тағы бір мамандық бойынша оқуға мүмкіндік бар екен. Мені домбырадан оқытқан ұстазым Айтжан Тоқтаған ағамыз «Домбыраны игерген адам дирижерлықты да білгені артық болмайды, сен соған талпын. Сондықтан сен Жамағат Темірғалиев ағаңнан дирижерлықты оқығаның дұрыс. Ол өте білімді музыкант, жақсы аранжировка жасайтын күшті дирижер» деді. Сөйтіп мен Айтжан ағамыздың ақылымен екінші курсты бітірген соң Темірғалиевтен дирижерлық мамандықты оқи бастадым. Ол кісі сол кезде консерваторияға жаңа келіп жатқан кезі екен, ағамыздың дирижерлық бойынша дәріс берген алғашқы шәкірттерінің бірі болдым.
Ол кісі бәрімізді баласындай жақсы көріп, жанын сала тәрбиеледі. Әсіресе, өзіме жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Емтиханға дайындалып жүргенде үйіне ертіп апарып, демалдырып та жүретін. Мемлекеттік емтихан тапсырарда мені нағыз дирижерларша киіндіріп − мойныма бант тағып, қолыма өзінің таяқшасын беріп Құрманғазы атындағы оркестрге ертіп апарғаны әлі есімде.
Сондай-ақ мені 4-5 курс кезімде Чайковский атындағы музыкалық училищеге сабақ бергізіп, сондағы оркестрге дирижер етті. Оркестрге арнап партитура жазғанда аранжировканың қалай жасалатынын әбден үйретті.
Мені «аспаптану» деген мамандыққа композитор, үлкен музыкант Кенжебек Күмісбаевтан оқытты. Шындығында мені сол кісіден сабақ алуға, көп нәрсені игеріп шығуыма әсер еткен Жамағат ағамыз еді.
Одан кейін Қазақ соқырлар қоғамының жанынан оркестр құруға жіберді. Сол сияқты консерваторияда дирижерлық кафедраны басқаратын Шамғон Қажығалиевке апарып, маған ол жерде аспаптану мен дирижерлықтан сабақ беруге мүмкіндік жасады. Сөйтіп менің талай жерде жұмыс істеп, музыкант, ұстаз ретінде шыңдаған ұстазым болды.
Жамағат ағаммен студент кездегі қарым-қатынасым одан кейін де үзілген емес. Консерваторияны бітірген соң Шымкентке кетіп әл-Фараби атындағы мәдениет институтында бір жылдай істеген соң мені Алматыға қайта шақырып алды. Сол кезде мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың ықпалымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанынан «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбльдері құрылған екен, мені «Адырнаға» көркемдік жетекші және дирижер қылып қойды. Бұл ансамбльдерді құрғанда Өзбекәлі ағамыз басшылық жасап, ұмытылып бара жатқан қазақтың музыкалық аспаптарын қайта тірілітіп, оны музыкалық жақтан жаңаша жасақтадық. Сол кезде Жамағат аға үнемі жанымыздан табылып, бұл ансамбльдерге ойнатқызатын музыкаларға қалай аранжировка жасау керек екенін көрсетіп жүрді.
Ол қобыз бен домбыра болмаса сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шертер секілді аспаптарда ойнайтын музыкант жоқтың қасы. Сондықтан оларды игеруге музыкант студенттер шақырылып, олар әлгі аспаптарды қалай шерту керегін Болат Сарыбаев, т.б. кісілерден үйреніп жатты. Сөйтіп енді құрылған, бұрынғылардан өзгешелеу ұлттық ансамбльдердің қалыптасуына Жамағат Темірғалиев пен Мәлкәджар Әубәкіров екеуінің көп көмегі тиді. Жаңадан қосылған аспаптары бар өзгеше ансамбльдерге арнап күйлерге, әндерге қалай аранжировка жасауға болады, әртүрлі аспаптардың дауыстары қай жерлерде естілуі тиіс дегендердің бәрін ұстазыммен ойласқан кездерім көп. Әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз үзілген емес.
Енді бірер сөз ұстазымның шығармашылығы хақында.
Жамағат Темірғалиевтің көбіне дирижерлық шеберлігі жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Оның себебі бар. Ол кісінің атақты әнші Мәдине Ералиеваға арнап оркестрге түсірген халық әндері «Қоғалы-ай», «Ағажан Ләтипа» т.б. көптеген әндерінен, ұлттық-фольклорлық ансамблдерге арнап жасаған «Сал күрең», «Ел айырылған» т.б. халық күйлерінен оның қаншалықты үлкен музыкант, шебер дирижер екені көрінеді.
Ал Жамағат Хафизұлының композиторлығы өз алдына бір төбе. Ұстазымыздың көптеген аспаптарға арнап жазған шығармалары бар. Оның маңызы сол, кейбір аспаптарда орындауға арнаулы түрде шығарма жазыла бермейді. Бұл орайда ол кісінің жетіген аспабына арнап жазған «Ауыл кеші» атты бір бөлімді музыкалық картинасы, сазсырнай аспабына арнап «Балдәурен І» Балдәурен ІІ» атты балаларға арнап шығарылған екі бөлімді сюитасы ерекше шығармалар. Шынына келгенде, бұл аспаптарға арнап Жамағат ағадан бұрын музыкалық туынды жазған композиторды білмейміз. Бүгінде Темірғалиевтен тәлім алған кейбір музыканттар осы үрдісті жайымен жалғастырып жатыр.
Ұлттық музыкамыздағы барлық дәстүрді терең игерген Жамағат Темірғалиевтің туындылары сан салалы. 2006 жылы шертпе күй стилінде шығарған «Өмір толғау» атты шығармасы халық аспаптары оркестріне лайықтап жазылған туынды. Әсерлі, адамның жан дүниесін қозғайтын күй адамның өмірге ғашықтығын, өткен шақты қимастықпен еске алатын сезімді толғап жеткізеді. Сонымен бірге композитор күй әуенін әр аспапқа жеке лайықтап жасауы да оның мықты аспаптанушы музыкант ретіндегі талантын ашып көрсетеді. Ал «Бабалар үні» атты поэмасында Тараз қаласының көне тарихын толғап, музыканы шығыстық сазбен көмкерген. Күйдің бір сарыны ретінде халық әні «Айша бибіні» қолдана отырып, автор Орталық Азиядағы туыс халықтардың тарихи қарым-қатынасын, бір-біріне еткен әсерін суреттейді. Осындай ерекшелігінен болса керек, «Бабалар үнін» көптеген оркестрлер осы шығарманы өз репертуарына енгізген.
Кезінде Нұрғиса Тілендиевпен жақын қарым-қатынаста болып, (ол кісі дүние салғаннан кейін бірнеше жыл бойы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері және көркемдік болып жұмыс істеді) әйгілі композитордан тәлім алған Жамағат Хафизұлы соның әсерін музыкада көрсете алды. «Элегия» атты жеке домбыраның сүйемелдеуімен оркестрде орындалатын шығармасы мұңды әуенмен адамның жалғыздық сезімін беретін ерекше шығарма. Бұрын біздегі элегиялық сарындағы музыкалар негізінен қобыз (немесе бас қобыз, қыл қобыз) аспаптарында орындалатын болса, Темірғалиевтің туындысы домбырада орындалуымен ерекшеленіп, элегия жанрындағы музыкаға өзгеше өң береді.
Ән жанрында «Алматы вальсі» (сөзі Кәкімбек Салықовтікі), «Ауылың алыс қалғаны-ай» (сөзі Марфуға Айтқожинанікі), «Туған елім» (сөзі Нұрғали Омарқұловтікі) секілді туындыларды дүниеге әкелген Жамағат Темірғалиев шығармашылығы сан салалы композитор деуге болады. Бұл лирикалық әндерде оның композиторлық қолтаңбасы айқын танылады.
Шығармашылық адамдары биік рухқа ие, жаны нәзік, жүрегі жалынды болса, олардың адамгершілігі мен таланты әрдайым құрметке ие болары сөзсіз. Ұлттық музыкамыздың дамуына ерен еңбек сіңірген, керемет шығармалар жазып, шәкірт тәрбиеленген Жамағат Темірғалиевтің жалыны − әрдайым жүректерге сәуле түсіріп, жанды шуаққа бөлейтін жалын. Сол өшпес жалын иесіне халқының құрметі қашанда биік дегім келеді.
Ықылас НҰРҒАЛИЕВ,
Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің мұғалімі