Түркістанда халықаралық медиа-форум өтті

Түркістанда халықаралық медиа-форум өтті

Түркістанда халықаралық медиа-форум өтті
ашық дереккөзі
421
20-22 наурызда Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттердің бұқаралық ақ­парат құралдарына арналған үш күн­дік баспасөз туры өтті. Қазақстанның Сырт­қы істер министрлігі және Түркі­стан облысының әкімдігі ұйымдас­тыр­ған іс-шараға Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан және Қырғыз Рес­пуб­ликаларынан келген журналис­тер қа­тысты. Түркістандағы іс-шара 20 наурызда Қа­зақ­станда наурыз мерекесін тойлаудың 10 күндік бағ­дарламасына  орай «Таза табиғат» эколо­гия­лық жобасының басталған күніне тұспа-тұс келді. Осы күні Түркістан қаласында Қа­зақ­­станның Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігі және облыстық әкім­діктің қызметкерлерінің қатысуымен ағаш отырғызу акциясы өтті. Түркістан облысы әкім­дігі мен министрлік бірлесе қабылдаған ке­шенді жоспарға сәйкес, облыста жыл сайын 35-40 миллион түп әртүрлі ағаш көшеттері егіл­мек. Бұдан кейін Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа ағаш отырғызылды. «Түркі елдері журналистер ал­леясының бағы» деп аталған бөліктегі ағаш­тардың жанына БАҚ атаулары тақтайшаларға жазылатын болады. Содан соң журналистер Қожа Ахмет Ясауи ке­сеніне кіріп, бөлмелерді аралап, жәдігер­лер­мен танысты. Олар үлкен залдағы тайқазанға өзгеше көңіл аударды. Түстен кейін БАҚ өкіл­дері көне Отырар шаһарына барды, Арыстан баб кесенесіне зиярат етті. 21 наурызда «Риксос Түркістан» қонақ үйін­де «Түркістанның инвестициялық және ту­­­ристік мүмкіндіктері» тақырыбында ха­лы­қ­аралық медиа форум өтті. Оның ашылуында Түр­кістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев об­лыс­та атқарылып жатқан жұмыстарды баян­дап берді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс ор­та­лығын ауыстырған сәтте бірден екі бірдей маңыз­ды құжатқа – Түркістан қаласын да­мыту тұжырымдамасына және Turkistan ар­нау­лы экономикалық аймағын құру туралы» жар­лыққа қол қойды. Қос құжатты қабыл­дау­дағы басты мақсат – Түркістанға инвестиция құя отырып, туризмді дамыту. Құрметті бауыр­лас түркі халықтарының үздік БАҚ өкіл­дері! Түркі мемлекеттерінің ақпарат кеңістігіндегі БАҚ-тың өзара ынтымақтастығын нығайтып, бір­лесе жұмыс атқаруында бүгінгі жиынның маңы­зы зор. Себебі, түбі бір түркі елдерінің на­ным-сенімі, түпкі тарихы, өмір сүру қағи­далары бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Түр­кі мемлекеттерінің көнеден қалыптасқан ынтымақ-бірлігі мен барлық бағыттағы әріп­тестік байланыстары нығая түседі деп сенемін. 2020 жылдың қорытындысы бойынша об­лыс­тың негізгі капиталына 703 млрд теңге ин­вес­тиция бағытталды. Бұл 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 60 пайызға артық. Оның ішінде сыртқы инвестицияның көлемі – 112 млрд тең­ге. Тартылған инвестициялардың арқасын­да қала күннен-күнге көркейіп келеді. Бұл өз ке­зегінде Түркістанға туристердің көптеп келуі­не ықпал етеді», – деді облыс басшысы. Медиа-форумда  Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеология институтының бас директоры, ака­демик Бауыржан Байтанаев «Түркістанның жаң­ғыруы: стратиграфиядағы жаңа серпін» де­ген баяндамасында Қазақстанның сан ға­сырлық өркендеу жолын зерделеп, Түркістан қа­ласының пайда болу кезеңін бұдан 3 мың жыл арыға апарып тіреді. «Бұл – нақты ар­хео­логиялық материалдармен дәлелденген факт. Келешекте Түркістанның 1500 жылдық емес, 3000 жылдық мерекесін тойлайтын бола- мыз», – деді ғалым. Бұл шетелдік журналистер үшін форумдағы ерекше ақпарат болып қалды. «Түркістан облысының инвестициялық және туристік мүмкіншілігі» баяндамасында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырза­лиев бұл орайдағы бес артықшылыққа тоқтал­ды: бірінші – Түркістанда климаттың қолай­лылығы; екінші – инфратүзілістердің шапшаң құрылып жатқаны; үшінші – адамдық ресурс­тардың жеткіліктілігі; төртінші – мемлекеттің қолдауы, бесінші – инвестиция тартуға шарт­тардың жасалғаны. Түркияның Қазақстандағы «ТRT» телека­налы өкілдігінің директоры Мехмед Захид Ча­лышкан түркі әлеміндегі ақпараттық ын­тымақтастықтың маңызы жөнінде ойын ор­таға салды. Медиафорумда шетелдік журна­листер пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты, сауа­л­дарына жауап алды. Форумнан кейін шетелдік БАҚ өкілдері Túrkistan телеарнасына барды. Онда телеар­на­ның Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қыр­ғыз Республикасының  мемлекеттік те­леар­наларымен ынтымақтастық жөнінде ме­морандумға қол қою салтанаты болды. Әз-Нау­рыз қарсаңында таңғы 7-ден бастап Túrkistan телеарнасы «Отау ТВ» ұлттық спут­ник­тік желісі және кабельдік желілер арқылы қалың көрерменге хабар тарата бастаған. Кеш­кісін журналистер Түркістандағы «Керуен сарайға» барды, сондай-ақ түнгі сағат 10-да «Әзі­рет Сұлтан» әуежайында болып, Елбасы­ның және Қазақстан Президентінің тапсыр­ма­сымен құрылған алғашқы отандық лоукост әуе тасымалдаушысы Fly Arystan әуекомпа­ния­сының Қазақстанның рухани астанасы Түр­кістан қаласынан Стамбұл қаласына әуеге кө­терілген ұшақтың алғашқы халықаралық тұрақты ұшырылуын көрді. Үш күндік форумның нәтижесінде түркітілдес мемлекеттердің тілшілері қасиетті шаһардың көне сипатын сақтай отырып, оның заманауи қалаға айналуының куәсі болды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі, (Түркістан қаласынан)

Серіктес жаңалықтары