1274
Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар
Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар

Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет атанған 30 жыл ішінде халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналып, қысқа мерзімде өзіндік даму моделін таңдаған, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің қолдаушысы екенін таныта білді. Халықаралық саясатта тың идеяларды ұсынып, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, жаһандық және аймақтық мәселелерді шешудегі тың бастамаларымен көрінді.
Жас тәуелсіз мемлекетіміздің еуразиялық кеңістіктің қақ ортасында – Ресей, Қытай секілді әлемдік державалармен көршілес орналасуы, сол сияқты халықаралық қатынастарда Еуропа мен Азияның ортасына көпір болуы Қазақстанның әлемдік саясатта өз орны бар ел екенін танытты. Демек, жаңа ғасырда әлемдік саясатты Қазақстанның беделінің биік болуы заңдылық деп білеміз.
Әрине, геосаяси тұрғыдан орналасуына қарай мемлекетке артықшылық беретін жағдайлар болады, бірақ елдің сыртқы саясатта, сондай-ақ халықаралық қатынастарда ұстанған жолы мен жасаған әрекеттері оның мықты мемлекетке айналуының көрінісі. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның халықаралық саясатта жасаған маңызды қадамдары оны әлемдік саясатта салмағы бар елге айналдырды.
Жасыратыны жоқ, әлемдік қауымдастық халықаралық заңдар негізінде әрекет етіп, мемлекетаралық кикілжіңдерде, аймақтар арасындағы текетіресте әділдік принципін ұстанғанымен мемлекеттердің көбі, оның ішінде ірі державалар күшке иек артатыны белгілі. Мұның АҚШ, Ресей, Қытай секілді ірі державалар мен атом қаруына ие елдердің мысалына қарап түсінуге де болады. Бұл орайда, еліміздегі Семей ядролық полигоны сияқты әлемге сес көрсетер әскери нысанды жаптыруы біздің еліміздің бейбітшілікті сүйетін гуманизм мұраттарына адал ел екенін танытты. Аса қуатты ядролық қарудан бас тарту тәуелсіз Қазақстан тарихында ірі тарихи оқиға деуге болады. Қазақстанның Семей өңірінде орналасқан ядролық сынақ полигоны КСРО кезінде аса маңызды стратегиялық нысан ретінде саналған. Оны құру үшін 18 млн гектар жер бөлініп, сол жерге құрылған полигонда атом бомбалары сынақтан өтті. Тіпті, адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалған. Кейін жарылыстарды жерастына жасаған. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын жарты миллиондай адам осы сынақтан азап шекті. 1989 жылғы ақпанда Семейдегі атом полигонын жабуды мақсат тұтқан «Невада–Семей» қозғалысы құрылып, оны ақын Олжас Сүлейменов басқарды.
Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланған. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1991 жылғы 28 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылғы мамырда оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. 2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясына Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстанның бастамасымен, БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күнтізбесіне енгізілді. Ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Әлемдегі қуаты жағынан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың белсенді қатысушысы ретінде танымал. Сондай-ақ, Қазақстанның ядролық материалдарды физикалық қорғау жөніндегі халықаралық конференция ұйымдастыруы да халықаралық маңызы бар іс. 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ президенті Б.Обама Елбасымыз Н.Назарбаевты «халықаралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің көшбасшысы» деп атады.
Қазақстанның әлемдік ұйымдарға жетекшілік етуі халықаралық саясатта еліміздің беделін өсіргені анық. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етті.
2009 жылы 1-2-желтоқсан күндері Афинада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің 17-отырысында осы ұйымға төрағалық етіп келген Греция Қазақстанға ЕҚЫҰ төрағалығын ресми түрде тапсырды.
Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға және бүкіл әлемге ағылшын тілінде алғанда төрт «Т» ұранымен айшықталған құндылықтарды ұсынды, олар мемлекеттік және ағылшын тілінде: Сенім (Trust), Дәстүр (Tradіtіon), Ашықтық (Transparency), Төзімділік (Tolerance) деп аталды.
Ұйымға жетекшілік еткен уақытта Қазақстан Ауғанстандағы жағдайға, сол кезде шешілуі ұзаққа созылған Таулы Қарабақ мәселесіне және әлемдік дәрежеде экологиялық апат тудырып отырған Арал теңізі қасіретіне дүниежүзінің назарын аударды.
ЕҚЫҰ-ға төрағалығын абыроймен атқарған Қазақстан 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында елордасы Астана қаласында ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы-мының бұл Жетінші саммитіне ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен әріптес мемлекеттердің 68 ресми делегациясы мен 20-дан астам халықаралық және өңірлік ұйым делегациялары қатысты. Астана саммитінің маңызына келсек, ЕҚЫҰ-ның саммиті бірнеше жыл үзілістен кейін алғаш рет қайта өткізілді. ЕҚЫҰ тұрақты кеңесі Астана естелік декларациясын мақұлдады.
Қазақстанның одан соңғы тағы бір халықаралық саясатта жеткен жетістігінің бірі Ислам конференциясы ұйымына жетекшілік етуі болды.
1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналған Қазақстан, Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өткеннен кейін халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл тарихи басқосуда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. (2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі Бірінші саммитін ашты. Делегация басшылары Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі 1-саммитінің «Ғылым, технология, инновация және ислам әлемінің жаңғыруы» атты Астана декларациясын қабылдады).
1996 жылы құрылған халықаралық ұйым − Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан екі рет (2010-2011, 2016-2017 жылда) төрағалық етті. Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіретін және Үндістан, Пәкістан, Иран, Моңғолия бақылаушы ретінде қатысатын бұл ұйым 2004 жылы ШЫҰ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бақылаушы ұйымы мәртебесін алды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушылардың бірі деп атауға лайықты. Нұрсұлтан Әбішұлы ШЫҰ-ны құру мен дамыту ісіне елеулі үлес қосты.
2005 жылы 5 шілдеде Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммитінде Астана мәлімдемесі жасалды. Антитеррорлық сипаттағы маңызды құжаттар – (терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күресуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық тұжырымдамасы, ШЫҰ ӨТҚҚ жанындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктері туралы ережесі және ШЫҰ ӨТҚҚ кеңесінің баяндамасы бекітілді.
1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданып, 2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі төрағасының мүшесі болып сайланған Қазақстан 2018 жылы 1-31 қаңтар аралығында тарихта тұңғыш рет өкілеттілігін орындады. Қазақстандық делегация Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси үндеуін, сондай-ақ прагматикалық принциптерге негізделген өз ұлттық мүдделерін басшылыққа алып, БҰҰ-ның негізгі органының жұмысына төрағалық етті. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік кеңесінің үздіксіз күнделікті жұмысын қамтамасыз етті және мандатқа сәйкес жүктелген функцияларды орындады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет ретінде төрағалығы барысында аймақтағы барлық мемлекеттің мүддесі үшін белсенді жұмысын жалғастырды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен 19 қаңтарда өткен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында өткен министрлер деңгейіндегі тақырыптық пікірталастары негізгі іс-шаралардың біріне айналды. Жалпы, Қазақстанның төрағалығы барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық отырыс өткізілді және олардың қорытындысы бойынша кеңес төрағасының бұқаралық ақпарат құралдары үшін қарарлар мен мәлімдемелер қабылданды.
Халықаралық деңгейдегі спорттық шаралар өткізу де кез келген мемлекет үшін әлемдік деңгейдегі жетістік саналатыны белгілі. Бұл орайда Қазақстанда өткен екі ірі спорт жарысы ерекшелеп айтуға тұрарлық. Оның бірі – 2011 жылғы 30 қаңтар-7 ақпан аралығында Алматы мен Астана қалаларында өткен VII Қысқы Азия ойындары (Азиада) болса, екіншісі – Алматы қаласында 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткен ХХVIII Қысқы Универсиада.
VII Қысқы Азия ойындарына (немесе Азиада 2011) жиырмаға жуық ел қатысты. Жарыстар спорттың 11 түрінен өткізілді және 59-дан астам медаль жиынтығы ойнатылды. Азиадаға 60 мыңнан астам турист келді.
Елордада мәнерлеп сырғанаудан да, хоккейден, конькиде жылдам жүгіру және шорт-тректен жарыстар өтті. Қалған ойындардың барлығы Алматы қаласында өткізілді. Ойындар елдің атын шығарып қана қоймай, қысқы спорт түрлерінің дамуын жаңа дәрежеге көтерді. Бір кезде әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдынында бір сырғанап өту бүкіл әлемнің коньки тебушілері үшін арманға айналса, Азиада арқылы талай спортшының сол арманы орындалды.
Азияның көптеген елі Азия ойындарын олимпиада ойындарымен қатар қояды. Сондықтан VII Қысқы Азия ойындарын дайындау және өткізу Қазақстанның түрлі саладағы көшбасшылық орнын тағы бір көрсетіп, қандай болса да әлемдік ірі спорт жарыстарын жоғары деңгейден өткізе алатын ел екенін танытты.
Алматыда өткен XXVIII Қысқы Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтті. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бар.
Универсиада бірнеше спорттық кешенде өтті. Алматы-Арена мұз сарайы 2017 Қысқы Универсиаданың ең үлкен спорттық нысаны болды. Нысан мұз шабыны волейбол, баскетбол, мини-футбол тағы да басқа ойындар алаңына өзгертуге келетін болып жобаланған. Ауқымды концерттер өткізу үшін сахналық дыбыс пен жарық бойынша заманауи шешімдер ескерілген. Жабдықталған залдары, келіссөздер жүргізетін бөлмелері бар нысан конференциялар, форумдар және әртүрлі деңгейдегі көрмелер өткізуге өте ыңғайлы болып жобаланған. Мұз айдыны кәсіпқой спортшылар үшін тұрақты жаттығу нысанына айналды. Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, бас аренада мәнерлеп сырғанау, кіші аренада керлинг бойынша жарыстар өтті.
«Халық Арена» көпсалалы, 3000 орындық әмбебап мұз аренасы және 300 орындық трибунасы бар кіші аренадан тұрады. Нысанның мұз шабыны волейбол, баскетбол, мини-футбол тағы да басқа ойындар алаңына өзгертуге келетін болып жобаланған. Ойын кезінде бұл нысан ерлер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстарды қабылдады. Сол сияқты әлемге танымал «Медеу» мұз айдынында конькимен жүгіруден сайыстар өтсе, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы әйелдер арасында шайбалы хоккей, шорт-тректен жарыстар өтті. «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында таушаңғы, сноуборд, фристайлдан, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде трамплин, тұғырдан секіру, «Алатау» шаңғы және биатлон кешенінде биатлон, шаңғы сайысы және шаңғы қоссайысы, «Табаған» ойын-сауық кешенінде Биг Эйр және шаңғы акробатикасынан сайыстар өтті.
VII Қысқы Азия ойындарында Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медалмен бірінші орынды иелесе, XXVIII Қысқы Универсиада жарысында 11 алтын, 8 күміс, 15 қола медалмен екінші орын алып, әлемде өзінің қысқы спорттық ойындар бойынша күшті елдердің бірі екенін дәлелдеді.
Сыртқы саясатта копвекторлық саясат ұстанатын Қазақстан түрлі діни наным-сенімдегі елдердің бейбіт қатар өмір сүруіне болатынын, олардың арасындағы түрлі келіспеушіліктерді өзара келісіммен шешуге болатынын көрсетіп, елімізде бес рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін (2003, 2006, 2009, 2012, 2015) өткізді. Дәстүрлі дін лидерлері арасындағы келіссөз өзара ынтымақтастық үшін кең болашаққа жол ашып біздің заманымыздың зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізуге бағытталған бұл халықаралық дәрежедегі үлкен басқосуларда діни негізде даулар себебін анықтаумен, дінаралық үйлесімді жетілдіру қажеттігімен, бір-бірімізге деген өзара құрметпен, өзге халықтар дәстүрі негізінде үйренумен байланысты проблемалар көтерілді. Оған қатысушылар барлық дін және этникалық топ өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудырмауға шақыратын бірлескен декларацияны қабылдады. Съезге қатысқан делегациялардың құрамында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйым өкілдері болды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты осы жер шарының болашағы үшін өзара іс-қимыл, бейбітшілік пен келісім, әділеттілік пен жасампаздыққа шақырды. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан бірлескен декларация қабылданып, түрлі елдердің барлық саяси және діни қайраткерлеріне XXI ғасырдың сын-тегеуріндері мен қауіптеріне қарсы бірлесе қарсы тұру қажеттігі туралы үндеу жасалды. Қысқаша айтқанда Қазақстанның бұл халықаралық шарасы жер бетіндегі барша адамзат баласын бірлікке, туыстыққа шақырған гуманистік қадам болды.
EXPO-2017 – (Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) ұйымдастырған Халықаралық көрме) секілді үлкен жиындар да елімізді әлемге танытқан оқиға болды. Көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтті. Ұйымдастырушылары таңдаған тақырып –
Future Energy (Болашақ қуат). ЕХРО-2017 көрмесіне 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға 3 миллион адам келді. 2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті.
2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында ХКБ-нің сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында ЕХРО-2017 көрмесін өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өтті. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына кепілдік берді. Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған.
2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 ел өкілінің жасырын дауыс беру барысында Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өткен алғашқы көрме болды.
Халықаралық саясатта белгілі дәрежеде салмағы бар Қазақстан түрлі саяси, әскери текетірестер кезінде арағайындық рөл атқарған кезі аз емес. Соның ең көрнектісі Сириядағы қақтығыс қарсылас тараптарды келісім үстеліне отырғызып, шиеленіскен мәселелерді шешуге деген талпынысы болды. Осыдан он жылдай бұрын Сирияда соғыс басталып, алдымен ресми үкімет пен оппозиция ұстасса, кейін елде үлкен террористік топтар пайда болып, мемлекеттің аймағын бөліп жаулап ала бастады. Осыдан АҚШ, Ресей, Түркия секілді мемлекеттердің бірі елдің ресми басшысы Башар Асадты қолдаса, енді бірі оппозицияны қолдап, соғыс одан әрі ушыға түсті. Міне осындай кезде өзінің мәмілегерлік миссиясын атқарған Қазақстан 2015 жылы сәуірде елордада Сирия оппозициясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздердің алғашқы раундын өткізген еді. Астана процесі бұл Сирияның ресми үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің алғаш рет бір-бірімен бетпе-бет келіссөз алаңында кездесуімен ерекшеленді. Қарсы тараптар бір үстел басында отырып қана қоймай, соғысты тоқтатуды нығайту жолдарын тыңғылықты талқылауға дайын екенін осы кездесуге қатысу арқылы қуаттады. Солайша, Сириядағы соғысты тоқтатуға қатысты алғашқы қадам қазақ елінің астанасында жасалды. Әлемнің алпауыт мемлекеттері осындай үлкен келісім алаңы ретінде Қазақстанның бас қаласын таңдауы еліміздің әлемде осындай аса маңызы кездесуді барлық жағынан қамтамасыз ете алатынына сенуі еді. Бұл – еліміз үшін аса абыройлы шешім және Қазақстанның халықаралық беделін танытатын факт.
Өз тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қазақстанның халықаралық маңызға ие шараларды ойдағыдай өткізіп, әлем мемлекеттерінің алдында беделге ие болуы жас мемлекеттің болашағы жарқын екеніне сендірсе керек.