Қатонның қара нары

Қатонның қара нары

Қатонның қара нары
ашық дереккөзі
429
Таяуда Қатонқарағайдағы орман тұқымы өсетін паркке Шаймардан Оразаевтың есімін берген екен. Қаулы қапысыз дұрыс шыққан. Біз оны Шәкеннің ұлы Құрметтен ес­ті­генбіз. Содан бергі күндері Қатонқарағай туралы, оның ор­маны, орманшысы туралы сол өлкенің перзенті, соны сүйіп өс­кен азаматтар туралы ой кешіп жүрдік. Ой орманы дейтін сөз бар ғой. Санамызға сондай бір орман ойлар шөкті, көз ал­ды­мызға керім өлкенің кербұғылары келді. «ЕЛІҢДЕ КІМ БАР?» ДЕГЕНДЕ Қатонқарағайдың жұрты өз­де­рін «Қатон елі» дейді, кейде «Қа­ра­тай елі» деп те айтады. Мұнда­ғы «Елі» деген сөз ерекше бір «сүйікті өлке, сүйікті қауым» деген мағынада. Шай­мардан сол Қатон елінің аза­ма­ты, Қаратай жұртының жігіті. Қазақта тағы бір сөз бар, «Елің­де кім бар?» деген. Ол сал­­мақ­ты сұрақ. Өзің ғана емес, ұр­па­ғың да осы сұраққа жауап бере ал­ға­ны ке­рек. Әкімді атау «Еліңде кім бар?» де­ген сөзге жауап болмайды. Ал мынау Шаймардандар сол өзі тірі ке­зінде, көзі тірі кезінде, күш-қуаты бар кезінде «Еліңде кім бар?» десе, «Сү­лейменнің Шаймарданы бар!» де­гізген жігіт. Үйіңе келген қонақты да осы үй туралы, осы әулет жайлы бі­ліп аттансын, сүйініп аттансын, осы өлкені, осы жерді құрметтеп ат­тансын деп қарсы аласың. Ол ел аза­матының тілегі. Елінің алдындағы ру­хани міндеттілігі. Шаймардан да сон­дай болған кісі екен. Өзінің за­мандастары, достары солай еске ала­ды. Оның көзі тірі кезіндегі қа­лам­герлермен сұхбаттары, әңгімелері бізге соны меңзейді. Ол елдің аза­маты болған. ПРЕЗИДЕНТТІ ҚАРСЫ АЛУ Қазақстан тәуелсіздікті алған кез­де сонау шығыс түкпірде, тау­дың қойнауында жатқан Қа­тон­қа­рағай былай тұрсын, бүкіл ха­лық­ты үйіріп ортасына жиып тұрған Ал­маты, Семей, Қарағанды, Атырау, Шымкент сияқты қалалардың өзі кіріптар күйге түскен. Сондай қиын ке­зеңдерде ауданды басқарған Жа­нымхан, Шаймардан қатарлы Қа­тон­ның жігіттері Қатонқарағайды аудан ре­тінде, аумақ ретінде, ел-жұрт ре­тінде еңсесін түсірмей бар қиын­дық­тан алып өтті. Жай ғана алып өткен жоқ, жарқыратып, жайнатып алып өтті. Бір ғана мысал айтайық: енді ға­на тәуелсіздік алған сонау 1993 жы­лы  Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы   Қатон­қа­­­рағайға барады. Өскеменнен тікұ­шақ­пен келіп Қатонқарағайдың ау­дан орталығына қонады. Президент түсе­тін үй ретінде Шаймарданның үйі таңдалып еді. Жол соңы Рахман бұ­лағы болатын. Одан ары қарай 100 ша­қырымға жуық таулы жол. Сол күн­дері күн бұлттанып, тікұшаққа ауа райы қолайсыз болады. Ал сонда ау­данда жаңадан ғана бұғы мүйізіне айыр­басқа келген екі Hyundai ма­шинасы болатын. Сол екі көлікке Ел­басын отбасымен отырғызып алып, Шаймардан, Жанымхан бас­та­ған азаматтар Рахман бұлағына тар­­тады ғой. Жол бойы Шыңғыстай, Өрел, Аршаты, Берел ауылдары. Ал одан ары қиямет қыя тау жолы – екі-үш мың метр биіктіктегі Алтай асуы алда тұрады. Батыл жігіттер, ба­тыр жігіттер  Елбасын машинаға  отыр­ғызып алып, сол таулы-тасты жол­дардан қиялап өтіп, Асқар Ал­тай­дың кезеңін асып, Рахман бұла­ғы­на жеткізеді. Әрине, Елбасына лайық ерекше күтіммен қарсы ала­ды. Шын мәнінде осы кезде Шай­мар­дан басқаратын үлкен ұжымшарда он мың марал, үш жарым мың теңбіл бұғы бар еді. Қараңыз, осыншама марал мен бұғы бір аудандағы бір ұжым­­шарда болған ғой. Он мың жыл­қылы бай болып еді,  көп болып еді, бірақ он бес мыңдай маралды-бұ­ғылы бай болды ма екен сол тұста, дү­ниенің қай түкпірінде бар ондай көп бұғы-марал? Шаймардан бас­та­ған азаматтар сол тәуелсіздік қар­саңын­да аудандағы шаруашылықты бұ­ғы өсіруге бейімдеп,   ұйымдас­ты­рып, оның мүйізін, оның бітіміндегі дәрі­лік дүниелерді сонау Кореяға, та­ғы басқа шығыстың дамыған ел­де­ріне тікелей сатып, аудан тірлігіне өң бе­ріп жатқан кез болған. Мұндай бай шаруашылықты басқарып отырған кі­сі Алматыдан келген үкімет адам­дарын қалай күтіп алатыны түсінікті ғой. Елбасы айрықша разы болып ат­танады. Екі күнге жос­пар­лан­­ған Рахман бұлағындағы де­ма­лыс аптаға созылған. Үлкен қойма толы араның балы. Ақ дастарқанға ше­лек-шелек балдың ақ көбігін қоя­ды. Балға да кілегей түсетін көрінеді ғой. Ағаш аяққа балқымыз құяды. Айт­пақшы, Қатонқарағайда «бал­қы­мыз» деген ұғым бар. Осы күннің өзі­н­де де әр кісі түсетін әр үйде 10-20-дан, 40-50-ден бие байланады. Аман-сәлеммен отырар-отырмаста ас­таумен қымыз келеді. Қатонның керемет түрлі дәрілік шөптеріне жайыл­ған жылқы жарықтықтың сү­ті – қымызы шынымен де дәру ғой. Ал сол сүтке бал сапырып ішетін ха­лық осы Қатонда ғана болу керек. Са­ры қымыздың жанына қымыздан сәл ғана қоюлау ақшыл сары бал қойып, «қымызға бал сапырып ішіңіз» дейді. Әрине, біздің Елбасымыз со­нан бері Қатонқарағайға бауыр басып кеткені, жиі барып, де­ма­лып тұратыны жұртқа аян. Осы­ның бәрі алғашқы күтіп алған елдің аза­маттары – Шаймардан және Жа­ным­хандардың тірлігі еді. ОРАЛХАНДЫ МІНГЕСТІРУ Қатоннан шыққан күллі қа­зақ­қа таныс әйгілі қаламгер­лер бар. Кейде суреткерді де суреттей әсем табиғат туатын болу керек. Қа­ли­хан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидах­мет Әшімхан. Бұлардың бәрі де Қа­тон­ның суретін қағазға қаламмен кө­­­шірген суреткерлер. Қалихан Ыс­қақтың «Менің інілерім» деген бір ән­гімесінде Шаймарданның тұлға­сы­на сүйінген жазушы былай жаза­ды: «Өз салмағы жарты тонна, тонна тартатын қарагер аттан қарғып түс­­­кенде қара жер солқ ете қалып еді» дейді екен. Шәкеңнің суретін ғана көрген кісі едік,  енді оның бей­не­сі, салмағы, бітімді денесі көзімізге елес­тейді. Әрине, Қалекең сурет­кер­дің көзімен қарайды ғой. Сонда да бол­масын, азаматтың алып тұлғасы көз алдыңа келеді. Сондай бітімді Шәкең шын мәнімен, жүрегімен де, жан-дүниесімен де кең болған ғой. Сонау жер-көктің бәрін отаршылар билеп тұрған заманда қазақтың ең шы­ғыс түкпіріндегі Қатон шека­ра­лық аймақ саналатын. Бірде Алма­ты­дан оралған Мемсыйлық иегері Орал­хан Бөкейді «шекаралық ай­мақ­қа жіберетін рұқсат қағазың жоқ» деп Қатон тұсындағы шекара-күзет бе­кетінде автобустан түсіріп алып қалады. Егер Оралханның шетен бол­мысынан хабарыңыз болса, жазу­шы­ның қалай шамырқанғанын ой­лай беріңіз. Бұл әңгімені бұдан 20 жыл бұ­рын­ғы сұхбатында айтыпты. «Еге­мен Қазақстан» газетінен оқы­дық. Жазушы замандасы Қайырды На­зырбаевқа Шаймарданның өзі бы­лай деп айтып берген: «Бұрын Кеңес заманында бұл ауданды ғұ­мыры қазақ басқарған емес. Сол тұс­та рухани мәселелерге жеткілікті көңіл бөлінбейтін. Ол тұста сыртта жүр­ген шығармашыл адамдарды бауы­рына тарту деген атымен жоқ-ты. Өзім куә, РКФСР Мем сый­лы­ғы­ның лауреаты мәскеулік жазушы Ни­­колай Горвачевті Нарын жерінде Құ­дайдай күтіп, ұлан-асыр той то­й­лап жатқанда Қазақ КСР Мем сый­лы­­ғы­ның лауреаты Оралхан Бөкейді  «пог­ран зонаға пропускің жоқ» деп, ту­ған жерінде автобустан түсіріп тас­таған. Сөйткен Оралханды Шың­ғыстайдағы әке-шешесінің үйіне ра­дио комитеттің мотоциклімен түн­делетіп мен жеткізіп тастағаным есім­де».  Шәкеңнің өз сөзі ғой. Орал­хан­ды мінгестіріп алып, Шыңғыс­тай­ға – жазушының туған үйіне түн­делетіп апарғанда қорлыққа қа­ны қарайған Оралхан да, жазушы аға­сының жанынан табылған на­мыс­қой Шаймардан да орманды Қатонның бояуы қою түнінде не ай­тып бара жатқанын тұспалдап ой­лаңыз. Шаймарданның сонау жас ке­зінің өзінде-ақ елдегі ат ұстар аз­а­мат болғанын осындайдан көресің. ОРМАНШЫДАН ОТАНШЫЛҒА Айтпақшы, тұқым паркінің аты Шаймарданға берілуі те­гін емес. Шаймардан – осы орман есі­мімен аталатын өлкенің орман мек­тебін оқып тауысқан алғашқы кә­сіби маман. Еске осындайда түседі ғой. Бүкіл Алтай елінің ұлтсүйгіш ұлы, Қаратай-Қатон жұртының ру­хани көсемі Әбдікерім бо­лыс та, сонау патша заманында-ақ ор­ман оқуына барыпты ғой. «Қайда?» дей­сіз бе?! Санкт-Петербордың Ор­ман­шылық академиясына. Кіммен дей­сіз бе? Ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханұлы­мен бір топта оқиды ғой. «Әт­тең-ай!» дегізетіні екінші курсқа өт­кенде әкесі істі болып сотталып, оқуын үзіп, Ал­тай­ға қайтқан. Әлекең – Әли­хан Бө­кей­хан сол оқуды тәмамдап шық­қан. Тағы бір орманшы Алашор­да­ның әскери қолбасшысы, ең соңғы оғы таусылғанша қызыл­дар­мен табандап атысып мерт болған атақ­ты отыншы Әлжан да сонау пат­ша заманында орман мектебін оқып тәмамдаған ғой. Содан ойлай­сың, «Орманның оқуын оқып, туған жер­дің әр бұтасын, әрбір тал-түгін, әр­бір қайың-талын, сыңсыған ор­манын, жайқалған жапырағын қо­лы­мен сипайтын, соны жетілдіремін деп, соны аман сақтаймын деп, соны жай­қалтам деп, соған жапырақ жай­ғы­замын» деп ғұмыр кешкен кісі ту­ған жерді шексіз сүйеді екен ғой. Шаймардандар  сол туған же­рімізге біреу ренжіп кет­пе­сінші, кейіп кетпесінші дейтін, разы болып, сүйіп аттансыншы дей­тін кісі ғой. Шаймардан барда Қатон елі­не жолы түскен ел азаматтары әр­қашан жылы көңіл, сағынышты е­с­телікпен қайтып жүргені анық. ҚАРАЙЫП ҚАТОНДА ҚАЛУ Әбдікерім болыс – Қатон елі­нің – Қаратай жұртының кі­сілік стандарт биігі, рухани мәйегі бол­ған жан. Қызыл терор кезінде ба­сына қауіп төнген жұрттың біра­зын Арғыбет асырып кетіп, біраз жыл­дан соң Қатонын қимай ажал құ­шарға қайта оралған кісі. Иә, ажал та­ратып тұрған туған жерді қимай қай­тып келген ғой. Туған жерге деген сүйіспен­ші­лік, туған жерге деген пат­рио­тизм  ұрпақтан- ұрпаққа беріледі. Ол – қанда болатын дүние. Заманы бас­қа болғанымен Шәкең де сол ту­ған жерді қиып кете алмаған жан­ның бірі болды. Жас басынан жұ­мыс­қа араласып, 16-17 жасынан, буы­ны қатпаған кездің өзінен атқа мі­ніп, ауыл тірлігіне кіріскен кісі. Сол ауылдың сай-саласын, өсімдік түр­лерін, өзен-бұлағын, әрбір қайнар ту­масын санап, қарап өскен кісі, сол өлкені сүймей қайтсін?! Бүкіл саналы ғұмырын деп айтамыз ғой, сондай еңбегі сіңген өлкенің де басынан ба­ғы тайқыған күндер болды. Тәуел­сіз мемлекетіміздің тарихында, күн ашық, жер жазықта құлазыды. Сөй­тіп,  бағанағы он мың марал, теңбіл бұғы қаншама онмыңдаған жылқы, басқа да түліктер жекешелендірудің би­леуінде кетті. Қаншама қайрат жұм­саған тірлік қақырап, талан-та­ра­жға түсті. Аудан әкімі ретінде сол қар­саңда алған жауап, айтылған уәде бір қиырға тасталды. Қатон Нарынға қо­сылып, аудан ауылға айналды. Туған жерін қимаған Әбдікерім бо­лыс секілді тағы да Катонның жұр­тын­да, Қатонның қара қосында осы Шай­мардан қалды. Қатонқарағайды Үлкен На­рын­мен қосып, аудан ор­та­лығын Үлкен Нарынға көшіргенде Қа­тонқарағай елді мекені ауылдық дең­гейге дейін төмендеді, ер жасы елу­ге таяған Шаймарданның да ман­сабы бірге төмендеді. Ол аудан әкі­мінің орынбасары болды. Сөйте тұра бас­қа ауылдармен қақысы жоқ, мен осы Қатонда отыратын орынбасар бо­лайын деп, Қатондағы кеңседе қал­ды. Ол тұста ұлы ұяға, қызы қи­я­ға қонып, Шәкеңнен тәрбие алған іс­кер текті азаматтар республикалық ірі құрылымдарға басшы қызметке жет­кен. Шәкең балаларының ар­ты­нан еріп үлкен қалаға, рахатты өмір­ге қарай талпынған жоқ. Қыста қар басып қалатын, жазда да бәсінен айы­рылып жүдеген халықтың көз ал­дында елінің еңсесін сүйеп, ес бо­лып, ескі көз болып, Шәкең ғана қал­ды. Сол тұста іздеп барған тіл­шілерге айтатын көрінеді: «Бұл ауыл­дан мен кетсем кім қалады, Қа­тон­ның сұлу көркін, атақ-даңқын Орал­хандар жазған сұлу суретін, та­би­ға­тын іздеп келген жұрттың ал­ды­нан кім шығады?  Ел мен жерді, сай-саланы, өзен-бұтаны аралатып, оның тарихын сипаттап кім айтып береді? Осы жерді мекен етіп, осы тау-тасты қорғаған Қаратай жұртының тағы да бас­қа қазақ ұлыстарының бастан кеш­кенін кім еске салады? Кім дас­тарқан жайып, сүтіне көңілін қоса қатып, бір шәугім шайын береді? Сондықтан мен бұл жерден кетпей-ақ қояйын. Құдайға шүкір, бала­ла­рым мен армандап көрмеген биік­тер­ді жағалап жүр. Келер ұрпақ – олар­дың өз өмірлері өздеріне. Ал ме­нің өмірім Қатонмен бірге» дейтін кө­рінеді. Айтпақшы, бағанағы он мың­дап марал қамап,  неше мыңдап теңбіл бұғыны тау-тасқа шығарған тұста аудан әкімінің орынбасары болған шаруа қожалығының бас­шы­сы деңгейіндегі Шәкең жиырма шақ­ты елді мекенге автобус жүргізіп, Қатонның сай-саласында сар­қыра­ған өзеннің қаншамасына көпір салуға басшылық еткен. Ол да Қа­тон­қарағайдың түкпір-түкпіріне қан жүгірткен тамыр сияқты. Кейде туған жер деген ұғым одан туған ұрпақпен әйгілі. Ту­ған еліне шын мәнінде еңбек етіп, ту­ған жеріне тура мағынасында ор­ман өсірген, әрбір ағаштың, бұтаның, әрбір гүлдің бүрін, әрбір шөптің қауызын, әрбір орманның қалам­ша­сын қадаған кісіге; орманды өлкенің ойлы жасыл  желегін жамаған ор­ман­шы азаматына орман тұқымы пар­кінің атауы беріліп жатса «Оны не­ге берді екен?» деп бір кісі айтпас еді. Шәкеңнің отансүйгіштігі, туған жеріне шексіз арнал­ған махаббаты Қатон еліне, Қаратай жұр­тына мұра болған. Бүгінде орталығында Орал­хан­ның қола мүсіні қасқайып тұр­ған Қатонқарағайдың кіре бері­сін­де сайгүлігінің белін босатып, тау­ға қарап қабақ шытқан Қаратай ба­ба ескерткішін көресіз. Бұл да Шай­­­­мардандар ұйытқы болып ұйым­­­­дастырып кеткен шараның бір бел­гісі еді. Қазір барсаңыз ескерткіш­ке қарсы алаңқайдағы қабірстанда Ди­дахмет Әшімханның зиратына, он­дағы мәңгілік композициясына бір сәт мұңая көз кідіртесіз. Қазақтың қайсар елі Қатон­қа­р­ағай жұртын, оның сүйікті сұлу мекенін, мыңдаған жылдық та­рих­тың есігі болған Берелді, ұлты­мыздың алтын бесігі болған Алтайды біз шексіз сүйеміз. Шаймарданға ар­налған шара құтты болсын! Елдің де, орманның да тұқымы өссін!

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

ақын, Мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары