781
Жас мемлекеттің жаңарған наурызы
Жас мемлекеттің жаңарған наурызы

«Мыңжылдық қазақ мәдениеті жас елдің тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналды. Мемлекеттің мәдени саясаты қазақ халқының аса бай мұрасын іздеумен қоса, оның дәстүрлері мен ғұрыптарын жандандыруды да қамтыды – олар елдің күнделікті өмірін рухани тұрғыда байытып, біздің өткенімізді қазіргі кезеңмен және болашақпен жалғауға тиісті еді.
1988 жылы Наурыз мерекесі қайта аталып өтіле бастады. Менің «Халықтық Наурыз мейрамы – көктем мерекесі туралы» Жарлығым шыққаннан кейін, 1991 жылдың 15 наурызында осы ежелгі мереке ресми мойындауға ие болды. Күн мен түн теңелетін 22 наурыз мереке күні болып белгіленді», − деп жазған еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында.
Елбасының бұл сөзі тәуелсіз жас мемлекетіміздің өз рухани негізін іздеу мен тарихи мәдениетіне деген бетбұрысының басталу кезеңінде қандай маңызды қадамдар жасағанын білдірсе керек.
Әлі толық тәуелсіздікке қол жетпей тұрған кездің өзінде Қазақстанның рухани дүниесіне зор серпін берген, 1991 жылы 15 наурызда Н.Назарбаев қол қойған, қазір тарихқа айналған сол құжатта елімізде алғаш рет «Жалпыадамдық құндылықтарды орнықтыру, республика халықтарының достығы мен бауырластығын нығайту, ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру, сондай-ақ адам мен табиғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық рухында ізгілікті тазаруы мақсатында көктемгі күн мен түннің теңесу күні − наурыздың 22-сі халықтық мереке − Наурыз мейрамы болып» жарияланған еді.
1926 жылдан кейін елімізде Наурыз мерекесін тойлау ресми түрде тоқтатылғаны белгілі. Өйткені большевиктік саясат өткеніміздің бәрін бекерлеп, төл мәдени құндылықтарымызды тарих күресініне лақтырту арқылы ұлттық сана-сезімімізді коммунистік идеяға біржола байлап беруді ойлағаны анық. Үздіксіз қысым жасап, болмашы нәрсе үшін айыптап, өзгеше ойлайтындардың бәрін «социалистік құрылыстың хас жауы» атандырып қоғамнан шеттетіп отырған кісәпір заманның қорлық-қиянаты нәтижесін бермей қалған жоқ. Алпыс жылдан аса уақыт ішінде «Кеңестер Одағы жасасын», «Ура» деген ұрандар миын шырмаған бірнеше буын алмасып, және Наурызға байланысты ешқандай ақпарат берілмегендіктен қазақ халқы жыл басын қарсы алу үрдісін мүлде ұмытып кеткендей еді. Тек КСРО-ның соңғы тұяқ серпер кезінде өмірімізге ене бастаған демократиялық үрдістің толқыны талай нәрсенің бетін ашып, талай жай әшкере болғанда бір кезде тыйым салынған дәстүрлердің бәрі өмірімізге ене бастады. Соның алдына Наурыз мерекесі тұрды.
1988 жылдан бастап Орталық Азия мен Кавказ елдерінде Наурызды қарсы алу басталып, ол ұлттық сана-сезімнің тезірек оянуына әсер еткен оқиға болды. Алғашқы Наурыз мерекелерінде ұлттық салт-дәстүрлер кең түрде насихатталып, ұлттық киім киген адамдар көшелерде мәдени шеру жасап, ұлттық ойындарды тамашалады. Үлкен алаңдарда ұлттық тағамдар пісіріліп, ел бір-бірімен емен-жарқын араласып, ежелгі мейрамның гуманистік сипатын тез танытты. Осының арқасында Наурыз мейрамы аз ғана уақыттың ішінде халықтық мейрамға айналды.
Наурыз мейрамы жай ғана көктем мерекесі емес, бұл шығыс халықтары үшін жыл басы, жаңа жылдың өмірімізге енуі. Осындай символикалық мәні бар Наурыз мерекесінің ХХ ғасырдың соңында аласапыран кезеңдерде қоғамдық өмірге қайта оралуы зор жаңалық болды. Өйткені жетпіс төрт жыл бойы әлемнің алтыдан бір бөлігін алып тұрған алып мемлекет құлап, сонша жыл бойы бір орталыққа бағынған ұлттық мемлекеттер, оның ішінде түркітектес елдер өз тәуелсіздігін алып, азат елге айналып жатқанда халықтың болашаққа деген сенімін оятатын үлкен идеологиялық ұстын керек еді. Сондықтан алғашқы жылдарда ұлттық идеологияның қозғаушысы осы Наурыз мерекесі болғаны хақ. Өйткені ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер кеңінен насихатталатын Наурыз мерекесі бір ғасырға жуық ұлттық құндылықтары-нан ажырап қалған халықтардың есін жинатқызып, өткені мен бүгінгісін салыстыра қарауға мүмкіндік берді.
2010 жылғы 10 мамырдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. БҰҰ Бас ассамблеясы бұл туралы түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын» мәлімдеді. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия атынан Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен елімізде Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері үш күн тойланып келді. Әрине, Наурыз – өзгелер сияқты бізде де жаңару, жаңғыру мерекесі. Дегенмен жыл өткен сайын оны шынайы халықтық мерекеге айналдыру үшін өзгеше түрде, жаңа форматта тойлау қажеттігі көріне бастады. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ой-тұжырымдар жоғарыда атап өткен мәселеге серпін берері сөзсіз. Аталған мақаласында қоғам мен құндылықтардың бір-біріне қатысы туралы ой толғай келіп былай деген еді: «Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн».
Осыған орай, өткен жылы Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлаудың жобасы жасалған еді. Биыл Премьер-Министр Асқар Мамин Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын бекіту туралы қаулыға қол қойды. Тұжырымдама бойынша биылдан бастап елімізде Наурыз мерекесі атаулы он күн ретінде тойланады.
14 наурыз – «Көрісу күні». Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн.
15 наурыз – «Жайлау күні». Айнала табиғатпен біте қайнасып өмір сүру көшпелі қазақ дүниетанымының бір бөлігін құраған. Сол себепті жаратылысты аялау мақсатында табиғат аясында бір күн өткізу маңызды. Бұл өскелең ұрпақтың экологиялық, зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізеді және денсаулығын жақсартады.
16 наурыз – «Шежіре күні». Бұл күні жұртшылық мал сойып, шелпек пісіріп, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылардың үйіне барып, көңіл айтып, дастарқанынан дәм татады. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Сонымен қатар бұл күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрттың тарихы айтылып, шежіресі таратылады.
17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні». Мeктeпке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың caнacынa ұлттық құндылықтapымызды ciңipу, оларды ұлттық pухпeн тәpбиeлеу, сондай-ақ тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті apттыру мақсатында ұлттық, тapихи, өлкетану, өнер және әcкepи музeйлepгe апару қажет.
18 наурыз – «Игі істер күні». Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс атқарады. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шара өтеді. Жаппай халықтың қатысуымен тазалық іс-шарасы өткізіледі.
19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні». Наурызды тойлау декадасының бұл күні ұлттық спортқа арналады. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, аударыспақ ұйымдастырылады. Ал балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.
20 наурыз – «Зияткерлік күні». Бұл күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады. Бұған қоса, кітапханаларда, жастар орталықтары мен білім беру ұйымдарында жасөспірімдер мен жастар арасында байқаулар, зияткерлік сайыстар және табысқа жеткен еңбек адамдарының, кәсіп иелерінің, түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылады.
21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні». Бұл күні әр үйдің дастарқанында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ал этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.
22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні». Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын 10 сағаттық «Бастаңғы» таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Бұл күні арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Одан әрі бұқаралық мереке Наурыз шеруге ұласады. Сахнада театрландырылған қойылымдар мен жергілікті қала, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және цирктердің көше қойылымдық бағдарламасы ұйымдастырылады.
23 наурыз – «Жоралғы күні». Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады, ал барлары заман талабына сай дамытылады. Салт-дәстүрдің, ырым-тыйымдарың адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі. Мұндай құндылықтар ұлттық кодты сақтаудың компоненті екені айтылады.

Бетті дайындаған
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ