785
Ұлыс күні қазан толса...
Ұлыс күні қазан толса...
Ұлттық-рухани құндылықтар жүйесінде, қазақтың қария сөздерінің ішінде Наурыз күнінде теңіздей толқып-тебіреніп айтатын:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар, –
дейтін сәулелі келешектің кілтіндей, молшылық пен тоқшылыққа жөн сілтейтін береке бастауындай, бақ жұлдызындай қасиет пен өсиетке бөленген құдіретті ізгілікті тілегі бар. Расында, қара қазан – ырыздық- несібенің, бірліктің, елдіктің символы. «Қара қазанның тілеуі Алланың тілеуімен бірдей», «Қара қазан – ыдыстың құдайы» деген халық нақылдары ғасырлар сүзгісінен өткен тәжірибенің асыл түйіні.
Ішінде тайдың еті жүзетін тайқазан – сақ-ғұн, үйсін (б.з.д. VII ғ. – б.з.IV ғ.) заманының көзі, сан замандар мен ғасырлар бойы халықтың қадірлі мүлкі. Бірде Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген мезетте жердің бетін жайлаған топан суы кері шегінеді. Осы бір сәтте жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан дәм татыпты. Содан бері осы күнді Ұлыстың ұлы күні деп атапты.
Бағзы заманда, ерте, ерте, ертеде өзі әділетті, өзі білгір, болмысы мейлінше таза бір патша сақтардың санының қанша екенін тексермек болып, «әрбір сақ бір-бір жебенің ұшын әкелсін» деп жарлық шашады. Патша сақтар қоныстанған территорияның шартарабынан жиналған өлшеусіз мол жебелердің ұшындағы жезді балқытып, таудың шомбал шыңындай қара қазан құйып шығарады. Бұл қазанды көрген гректің атақты тарихшысы Геродот (б.з.д. 490-425 жылдар) бұған «алты жүз құмған су еркін сияды, ал шойынның қалыңдығы алты елі» деп сипаттапты.
Б.з.д. V-ІІІ ғасырларда ұлы даланы мекендеген бабаларымыздың ғажайып үздік шеберлікпен, көркемдікпен өрнектелген мыс пен қоладан құйған қазандардың 20-дан астам нұсқасы бар. Безендірілуінде көркемдік сұлулықтың үлгілері жеткілікті. Мысалы, қазан қақпағының құрсауы текенің мүйізіне, әшекейлері қанатты тау текелеріне, кей қазанның тағандары – арқарлар мен жылқылардың аяғын жұлқылап тұрған басы – бүркіт, тұрпаты арыстан кейпіндегі құсқа ұқсаған, оның «бұдырланған жалы мен үш жылдық сақиналы ұзын мүйізі толқындала айқындалған. Көздері ызалы, кішкентай құлағы жымырылған, тісі ақсиған, араны ашылған жыртқыш жылқының сирағын шеңгелдеген. Құбыжықтың аузының айналасындағы қатпарлар мен қадалған көздері олжасын тап басқалы тұрғандай қалыпта көрсетілген», соншалықты тірі, жанды, әсерлі, я болмаса түйенің, текенің, қойдың аяғына ұқсатылған немесе төменгі тұсы түйенің қақ жарылған тұяқты сирақтарын көрсетеді. («Қазақстанның ежелгі көшпелілер мәдениеті. Археологиялық коллекция». Алматы, 2009. 79-95 беттер).
Ұлы бабаларымыздың қазанды қастерлеуінде ғұрыптық құндылық, көркемдік көзқарас, ұрпаққа іңкәрлік бар. Ұрпақ қамы – ел қамы. Ендеше, «Аға, саңа очүк! Бөз чөк! Букун ізре азық. Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай)!» дейтін б.з.д. V-IV «Есік» қорғанынан табылған күміс кеседегі көне түркі жазуы ұлы дала тұрғындарының асыл мұратын мәлімдейді. Бұл орайда, «Қырық құлағы бар, ішіне қырық ту биенің еті сияды», «Қазаның майлы болсын», «Қазаның оттан түспесін», «Қазан-ошағыңнан айырылма», «Асың толсын қазанға, малың толсын Ғажамға» деген уыз тілектер ошақтың үш бұтындай қазақ жұртының ұраны. Жарапазан жырларында:
Ақ үйің айға қарап орда болсын,
Жиылып ұлы-қызың молда болсын.
Дегенде жарапазан, жарапазан,
Келеді таудан құлып жарық қазан! – дейтін шумақта сипатталатын «жарық қазан» жарқырап жалпақ жұртты жарылқауға, жосылтып келе жатқандай.
Немесе мынадай көркем жұмбақтарды атауға болады:
- Басына қара таудың бітер қорған,
- Мен көрдім бір дария дөп-дөңгелек,
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы,
профессор