17 наурыз: атаулы күндер мен елеулі оқиғалар

17 наурыз: атаулы күндер мен елеулі оқиғалар

17 наурыз: атаулы күндер мен елеулі оқиғалар
ашық дереккөзі
273
17 наурыз еліміздің тарихында бірқатар елеулі оқиғалармен есте қалды. 1990 жылы 17 наурызда Алматыда Қазақстан кәрістерінің құрылтайы өтті. Онда Республикалық кәріс мәдениеті орталықтарының қауымдастығы құрылды. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Бұрынғы Югославия Республикасы Македонияның тәуелсіздігін мойындау туралы нота жіберді. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы құрылды. 1995 жылы журналистика саласының «Алтын жұлдыз» Жалпыұлттық сыйлығы тағайындалды. 2001 жылдан бастап «Алтын Жұлдыз» Қазақстан Журналистика академиясының ресми сыйлығы. Сыйлық - шығармашылық табыстарды және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге түсе алатындығын кәсіби және қоғамдық танудың жоғары белгісі. Қазіргі таңда Қазақстан журналистикасының дамуына өз үлестерін қосқан 100-ден астам тұлға осы сыйлықпен марапатталған. 2000 жылы экономикалық, саяси және мәдени салаларда Аустрия мен Қазақстанның арасындағы достық байланыстарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Аустрия Республикасының алдындағы зор еңбегі үшін Үлкен Құрмет жұлдызы» орденімен марапатталды. Аталмыш құрмет белгісі — Аустрияның 1952 жылғы 2 сәуірде бекітілген мемлекеттік наградасы. Оны Ұлттық жиналыс қабылдаған заңдарға негізделе Аустрия Федералды Президенті табыстайды. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Қазғарыш» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. 2011 жылы орталықазиялық-қазақстандық ұсақ шоқылардың бірегей экологиялық жүйесін сақтау мақсатында «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылды. Саябақ Ақмола облысының Ерейментау ауданының аумағында 60 814 гектар және Қарағанды облысының Осакаров ауданында 28 154 гектар жерді алып жатыр. 2012 жылы «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымына кіретін Қазақстанның үш қаласына (Қарағанды, Өскемен және Семей) республиканың тағы тоғыз қаласы қосылды, оның ішінде Шығыс Қазақстанның сегіз қаласы бар. «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының «Болашақ-2020» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Люк Деане қазақстандық Павлодар, Курчатов, Риддер, Зырян, Шемонаиха, Зайсан, Шар, Аягөз, Серебрянск қалаларының әкімдеріне «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы мүшелерінің сертификаттарын табыс етті. Шығыс Қазақстан облысының әкімдіктері мен «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық хатшылығы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. 2013 жылы Семей қаласының шеберлері Түркістанда Ахмет Ясауидің кесенесінде орнатылған қола Тайқазанның көшірмесін жасады. Оның диаметрі - 2,45 м, салмағы - 2 тонна. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2014 жылғы 17 наурызда номиналы 100 теңгелік, «рroоf» сапалы «Бразилиядағы FIFA 2014 футболдан әлем чемпионаты» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды. 2016 жылы Алматыда «Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясы» филиалының ашылу салтанаты өтті. Филиал 500 адамға шақталған. Бұл филиалда 100-ден астам көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары тегін дәріс алатын болады. 2017 жылы Астанада «Тұмар» ұлттық телевизиялық алғашқы сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ұйымдастырушылар – «Қазмедиа» орталығы және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Мақсаты - ең сапалы және өзекті телевизиялық өнімді анықтап, талантты кәсіпқойларды қолдау, сондай-ақ сапалы қазақстандық телевизияны дамыту. 2018 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы кеңесі Қазақстанның Болат комитетіне кіру туралы өтінішін мақұлдады. 2019 жылы Қазақстандық актриса Самал Еслямова Гонконгта өткен Азия киноакадемиясында (Asian Film Awards Academy) «Айка» картинасындағы басты рөлі үшін «Азияның үздік актрисасы» сыйлығына ие болды. 2018 жылдың мамыр айында Самал Еслямова қазақстандық кинематография тарихында тұңғыш рет 71 Канн кинофестивалінде үздік актриса деп танылған болатын.

Серіктес жаңалықтары