313
Ыс тиген үйден екі адамның мәйіті табылды (видео)
Ыс тиген үйден екі адамның мәйіті табылды (видео)
Талдықорғанда жер үйлердің бірінен ересек екі адамның мәйіті мен ес-түссіз күйде жатқан екі бала табылды. Алдын ала болжам бойынша, барлығы ыс тиіп уланған болуы мүмкін. Аман қалған қос жеткіншек облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, тиісті ем-дом шаралары жүргізілуде. Дәрігерлердің айтуынша, 2013-жылы туған баланың жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Әке-шешесі жұмыста болғандықтан олар әжесінің үйіне қонақа келген екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қайғылы оқиға болған Абай көшесіндегі мына үйде 60 жастағы әйел мен 35 жастағы баласы және жиен немерелері тұрған. Таңнан бері анасына хабарласа алмаған қызы күндізгі сағат 11-лер шамасында осында келген. Кіре сала үй ішіндегілердің ес-түссіз күйде жатқанын байқаған. «Шамасы таңға жуық от жағып, содан ыс тиген болуы мүмкін», - дейді марқұм әйелдің сіңлісі.
Марқұм әйелдің сіңлісі:
«Мен мұнда сағат он екі жарымдар шамасында келдім. Пеш те, үйдің іші де ыстық болып тұрды. Таңға жуық от жаққан секілді". Кейуана мен баласы оқиға орнында көз жұмған. Ал 2008 және 2013 жылы туған қос жеткіншек ес-түссіз күйде бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қажетті ем-дом шаралары жүргізіліп, үлкенінің беті бері қараған көрінеді. Ал, екіншісі, әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.
Қайрат ОСПАНҒАЛИЕВ, облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:
«2013-жылы туған бала түскен кезде жағдайы өте нашар деп саналған. Аппараттық демалыс, тыныс алуға ауыстырылған. Бүгінгі күнге жалпы жағдайы өте ауыр деп саналған. Бірқалыпты. Керекті бар көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ, қабылдаған тиістіе мдерді алып жатқан соң, баланың жағдайы сәл жақсарып отыр». Оқиға орнына келген төтенше жағдай қызметкерлері зертханалық тексеру жүргізген. Алайда, пештен еш ақау анықталмаған көрінеді. Тек ыс тиіп улануы мүмкін деген ғана болжам бар.
Ерлан АХАШОВ, облыстық тжд бастығының орынбасары:
«Өлім себебі қазір анықталу үстінде. Мамандар пешті қарап шықты. Бірақ, ешқандай ақаулар байқалмады. Туыстарының сөзіне сенсек, осыдан 2-3 күн бұрын ғана үй иелері пеш пен мұржаны тазалаған көрінеді. Оның үстіне, біздің қызметкерлер өткен жылдың қазан айында осы үйге өрт қауіпсіздігі ережелері туралы жадынама тапсырған болатын».
Қайғылы жағдайдың анық-қанығын енді, сот-медициналық сараптама мамандары анықтайтын болады. Соған сәйкес, тиісті шаралар қолданылмақ.
https://www.youtube.com/watch?v=mSQblbP-jjM&ab_channel=%D0%9F%D0%B5%D1%80%D0%B2%D1%8B%D0%B9%D0%BA%D0%B0%D0%BD%D0%B0%D0%BB%D0%95%D0%B2%D1%80%D0%B0%D0%B7%D0%B8%D1%8F