Латын әліпбиі: міндеттер мен мүмкіндіктер

Латын әліпбиі: міндеттер мен мүмкіндіктер

Латын әліпбиі: міндеттер мен мүмкіндіктер
ашық дереккөзі
Елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмысы 2017 жылдан басталғанын жақсы білеміз. Осы уақыттан бері бірқатар жұмыс атқарылды. Ол – ғылыми, әдістемелік және насихаттау жұмысы. 2019 жылғы қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма бергеннен кейін Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары әліпбиді жетілдіруге байланысты жұмыстар атқарды. Бұл ғылыми топ еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдарынан тұрады. Орфографиялық жұмыс тобының  бірнеше отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа техникалық топтың ІТ мамандары, сондай-ақ терминологиялық, әдістемелік  жұмыс тобының мүшелері де шақырылып, әліпбидегі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95% қолдады. Жетілдірілген әліпби жобасы рес­публикалық ашық тал­қы­лау­лар­дан және апробациялардан өт­ті. Мәселен, республикадағы бар­лық Тіл орталықтары бекітілген әліп­би­дегі өзгерістерді сол өңірдегі тіл ма­мандарының талқысына салды жә­не студенттер мен оқытушылар ара­сында сынамадан өткізді. Нәти­жесін Орфографиялық жұмыс то­бына ұсынып, жұмыс тобы мүше­лері сынама қорытындысы негі­зін­дегі ескертпе мен ұсыныстарды мұқият талқылаудан өткізді. Бұған қоса әліпби жобасы бастауыш мек­теп мұғалімдері мен әдіскерлер та­ра­пынан да талқыланып, сарап­тал­ды. Алдыңғы апостроф акут жо­­баларына қарағанда қазақ ті­лі­нің төл табиғатына негізделген осы жетілдірілген жобаны ашық тал­қы­лауға және апробацияға қатысқан ма­мандардың барлығы дерлік қол­дады. Сонымен бірге жақында Үкі­мет жанындағы Ұлттық комис­сия мақұлдаған жетілдірілген жоба жал­пы әліпби түзудің халықаралық шарттары мен талабына толық сәй­кес келеді. Себебі ол Халықара­лық фонетикалық әліпбиге және Юни­код жүйесіне сай дайындал­ған. Қазіргі жаһанданудың ең басты ерек­­шелігі саналатын цифр­лан­дыру үрдісінде қазақ әліпбиі де со­ған сәйкес болуы қажетін уақыт­тың өзі көрсетіп отыр. Осы тұрғы­дан келгенде қазақ тілінің жаңа ла­тын әліпбиі осы үрдістердің үде­сінен шығуы тиіс. Жетілдірілген әліп­би жобасының басты ерекше­лігі де осында деп ойлаймыз. Оны елі­міздегі тілші ғалымдардың, әдіс­керлердің және мұғалімдердің бар­лығы қолдауда. Әліпби мен оның емле ере­желері бекітілгеннен кейінгі үлкен жұ­мыс – осы әліпбиді халыққа үй­ре­тетін оқытушылардың өздерін дайындау. Президент әліпби нұс­қа­сын ресми түрде бекіткеннен кейін ең бірінші, оқытушылар даяр­ла­на­ды. Яғни, латын әліпбиін үйрететін оқытушыларды даярлау үшін рес­пуб­лика көлемінде оқыту курсы жү­реді. Ол курстың арнайы бағдар­ла­масы мен оқыту құралы дайын­да­лып жатыр. Курсқа қатысушылар жаңа әліпби құрамы мен латын әліпбиіне негізделген емле ереже­ле­рін толықтай меңгеріп шығады. Осы курстан оқып шыққан оқыту­шы­лар өз өңірлеріне барып, латын әліпбиі мен емле ережелерін үйре­тетін болады. Бұл шараны Білім жә­не ғылым министрлігі Тіл саяса­ты комитеті «Тіл-Қазына» орталы­ғы Қазақстан Президенті жанын­да­ғы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы», «Оқулық» рес­пуб­ликалық ғылыми-практикалық ор­талығы» сияқты ғылыми-әдіс­те­мелік мекемелер жүзеге асырады. Әліпби және оның емле ере­же­ле­рін үйрету курстары онлайн фор­­матта да ұйымдастырылады. Осын­дай форматтағы оқу құрал­дары дайындалады және латын әліп­биін үйретуге арналған оқу құ­ралдарын республиканың кез кел­ген тұрғыны пайдаланып, курсқа қатыспай-ақ өз еркімен үйре­не алады. Оқу құралдарының бар­лығы электронды форматта, ар­найы сайттарда жарияланады. Ла­тын әліпбиін үйретуге бағыт­талған нұсқаулықтар, кітапшалар ба­лаларға, егде жастағы адамдарға не­месе сала мамандарына лайық­талып жасалатын болады. Сонымен бірге смартфондарға арналған мо­бильді қосымшалар да дайын­да­ла­тын болады. Мобильді қосым­шаға енгізілетін мәтіндер, тапсырмалар, емле ережелеріне қатысты түсін­дір­мелерді Орфографиялық жұмыс то­бы ғалымдары, мамандар даяр­лап береді. Мамандар даярлаған мә­тінді немесе тапсырмалар топ­тамасын ІТ мамандары мобильді қосымшаға енгізеді. Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2025 жылға дейін деп қарас­ты­рыл­ған. 2018 жылы бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» жоспарына сәйкес жаңа әліпбиге көшу кезеңдері мынадай: 2021 жылы жаңа әліпби және оның емле ережелер жобасы бекітілген­нен кейін, жұртшылықты жаппай оқыту кезеңі басталады. Сондай-ақ латын графикасы негізіндегі жаңа ортологиялық құралдар, нұсқау­лықтар, анықтамалықтар шығатын болады. Яғни, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықта­ғыш­тар және т.б. 2022-2023 жыл­дары жаңа әліпбимен оқу құрал­дары әзірленіп, 1-сыныпқа баратын оқушылар жаңа әліпбимен мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ Қазақстан азаматының паспорт­тары мен жеке куәліктері, басқа да құжаттар латын графикасы негізін­де берілуі көзделіп отыр. 2025 жы­лы мемлекеттік БАҚ-ты және бас­па басылымдарын жаппай ла­тын графикасына көшіру жұ­мыстары басталуы жоспарланған. Әлбетте, әліпби мерзімінен кеш бекітілуіне орай жоспарда белгіленген мер­зім­дер бойынша өзгерістер болуы мүм­кін. Әліпби ауыстыруда маңызды мә­селенің бірі – бұл әріптерді пер­не­тақтада орналастыру. Бізде пер­нетақта мәселесіне жауап беретін Ұлт­тық комиссия жанынан Тех­ни­калық және ақпараттық сүйе­мел­деу жұмыс тобы деп аталатын ар­найы жұмыс тобы құрылды. Атал­ған топ бүгінде жаңа қазақ әліп­биіне негізделген пернетақта жо­ба­сының бірнеше нұсқасын қарап, оларды талқылаудан өткізді. Ұсы­ныл­ған пернетақта жобала­ры­ның бірі бүгінгі қолданылып жүрген Qwerty пернетақтасына негізделсе, енді бірі қазақ тіліндегі әріптердің қолданылу жиілігіне байланысты жа­салған. Бұл пернетақтада қазақ ті­лінде ең жиі қолданылатын әріп­тер пернетақтаның ортаңғы бө­лігіне орналастырылса, қалған бө­лік­теріне әріптер рет-ретімен қол­данысына қарай орналастырылды. Жаңа пернетақта үлгілері жұртшы­лық­тың назарына әліпби қолда­ныс­қа енгізілген соң ұсынылатын бо­лады. Латын әліпбиіне көшуіміздің се­­бебі туралы БАҚ-та, әлеуметтік же­­лілерде көп айтылды. Соның кей­­біреулерін тұжырымдап кел­ті­рейік. Латын әліпбиіне көшу, ең ал­ды­мен біздің қазіргі жаһандану жағ­дайында әлеммен графикалық тұр­ғыдан үндесуімізге мүмкіндік бе­реді. Шетелдердегі қазақ қан­дас­тарымыздың да әліпби басын бірік­тіретін құрал болары сөзсіз. Түр­кі­тектес халықтармен де жазуымыз­да ұқсастық болуы тілдік қарым-қатынасымызды кеңейтуге, түркі әлемін біріктіруге септігін тигізетін болады. Технологиялық тұрғыдан ықпалдасуға берер пайдасы мол. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның аясында өтуде. Яғни, халық­ара­лық кеңістікте әбден танымал, кең таралған және әлемнің дамы­ған мемлекеттерінің басым көп­ші­лігі қолданатын латын әліпбиі біз­­дің санамызды, қоғамды жаң­ғыр­туға үлкен мүмкіндік ашады.

Әлібек АСҚАР,

Ш.Шаяхметов атындағы

«Тіл-Қазына» ұлттық

ғылыми-практикалық орталығының

бас директоры